Кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалады

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1587
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кемел келешекке деген талпынысы зор ақындар мен батырлар елінде тағы бір жарқын бастама қолға алынды. Облыс әкімдігінің және Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен «ЖАМБЫЛ ИНВЕСТ-2017» халықаралық форумы өтті. Аудан әкімдігі ұйымдастырған келелі жиынға шетелдік бизнес өкілдері, банк басшылары мен қаржы институттарының жетекшілері алыстан ат арытып келді.

Елбасының Қазақстан мен басқа елдер арасында экономикалық қатынасты дамыту мақсатында елімізге шетел инвестициясын тарту үшін қолайлы орта қалыптастыру мәселесіне баса назар аударып отырғаны белгілі. Аудан орталығындағы «Ақсарай» мейрамханасында өткен іскер жандар басқосуының мақсаты – өңірді дамыту үшін  шетел инвестициясын тартуға ықпал ету, бизнес ашамын деген қалталы кәсіпкерлерге ауданның инвестициялық мүмкіндіктерін көрсету, халықаралық ынтымақтастықты жандандыру арқылы интеграциялық үдерістерді нығайту. 
Форумға қатысушылар осы мақсатта сан-сала бойынша ауданның бүгінгі әлеуеті мен алдағы даму жобаларынан мол мағлұмат алып, бейнефильмді тамашалады. Сондай-ақ, қазіргі кезде аудан аумағында табысты жұмыс істеп тұрған «Сұңқар Алматы құс фабрикасы», «Алматы конфеттері», «Шығыс кен басқармасы», «Күрті», «Жамбыл Керамзит компаниясы», «Техсан Қазақстан», «Пласт Инвест», «Жетісу Жамбыл жиһазы» сияқты өндіріс орындары келушілер назарына арнайы көрме ұсынды.
Аудан әкімі Жандарбек Далабаев инвестиция салу мүмкіндіктері туралы кең көлемде баяндама жасады. Елдегі ірі мегаполис Алматыға жақын орналасқан тарихы терең, ертеңі ерен, бизнес жүргіземін деушілерге ұтымды ұсынысы мол киелі мекенде атқарылып жатқан толымды істерді жан-жақты тарқатып, экономикалық жағынан екі тарапқа да пайда әкелетін жұмыс жүргізу үшін тиімді келіссөзге ауданның әзір екендігін жеткізді. 
Оның айтуынша, Алматы қаласы маңында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін экономикалық өсімде ет пен сүт өндірісіне басымдық берілген. Осы бағытта қазірдің өзінде бордақылау алаңы, тауарлы сүт фермасы сияқты инвестициялық жобалар Үңгіртас, Қарақыстақ ауылдарында жүзеге асырылды.
Жамбыл ауданы екі миллион гектарға жуық жерді алып жатыр. Оның 10 мың гектары шабындық, 1 млн. 236 мың гектары жайылым, 97,6 мың гектары егістік. Аграрлы аймақ тұрақты өркендеу үстінде, кейінгі он жыл ішінде негізгі көрсеткіштер он есе өсті. Дәнді дақылдар, бақша өнімдері, ет, сүт, жүн өндіру, мал саны бойынша облыста алдыңғы орындарда. Бірақ  ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жағы кемшін, өнімді шикізат күйінде өткізудің үлес салмағы басым. Сондықтан ауылшаруашылығы өндірісін интенсивтендіру және өнімін тереңдей өңдеу маңызды. Осы саланы талапқа сай дамыту қажет.
Бұл бағытта жүн, тері, ет, сүт, жеміс-жидек пен көкөністі қайта өңдеуге инвестиция саламын деушілерге қажетті шикізат мол, инфрақұрылым дайын. Теміржол желісі бойындағы Қазыбек бек бекетінде инвестициялық жобаларды орналастыруға арналған индустриалды аймақ құрылып, 693 гектар жер телімі бөлінді. Ауданның транзиттік әлеуетінің жоғары болуы, аумағынан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолы өтетіні тауар тасымалына өте қолайлы. Аталған халықаралық автожол жанынан жол бойы кемпингтерін орналастыруға арнап 5 гектардан жер телімдері белгіленді. Ауданның тарихи орындары, көрікті жерлері, Балқаш көлінің жағасы туризмді дамытуға мүмкіндік береді. 
Инвесторларға ауданның географиялық жағдайының қолайлылығын, суды, желді, күнді пайдалана отырып, жасыл экономиканы дамытудың, елді мекендерді заманауи құрылыстармен кеңейтудің,  басқа да мүмкіндіктердің бар екенін айтқан Жандарбек Ермекұлы аудан экономикасына белсене капитал салуға шақырды. Өңірді дамыту үшін отандық та, шетелдік те серіктестермен, ғалымдармен, кәсіпкерлермен бірлесе жұмыс істеуге ашықтығын білдірді.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Алимжан Тохтасунов, Қазақстан Республикасының Төтенше және Өкілетті елшісі, «Дипломатиялық корпуспен жұмыс істеу басқармасы» АҚ филиалының жетекшісі Бақыт Оспанов инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау жөнінде баса айтты. Венгрияның вице-консулы Дердь Тар, LAC Holding компаниясының өкілі Лайош ОЧАИ,  Австрия елшілігінің Сауда өкілдігінің басшысы Михаэль Мюллер мырзалар негізінен еларалық сауда, экономикалық байланыстарды тілге тиек етті.
Ауданға қомақты инвестиция салып, ауылшаруашылығы саласында жұмысын жолға қойған ирандық азамат, «Империя Фуд» ЖШС бас директоры Арман Джавидан қазақ елінің шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасап отырғанын, ауданда жақсы бизнес климат бар екенін, бұл жердің мал шаруашылығына аса ыңғайлылығын атап өтіп, өз тәжірибесімен бөлісті. 
Ол осыдан екі жыл бұрын жалпы құны 3 млрд. 578 млн. теңге тұратын үш мың басқа арналған бордақылау алаңын іске қосқан болатын. Содан бері 968 миллион теңгеге 1013 тонна ет өткізді. Бүгінде онда 2483 бас ірі қара бордақыда тұр. Келесі жылы бір жарым мың тонна ет  өндіру көзделіп отыр. Келешекте бордақылау алаңына қойылатын мал санын 10 мың басқа дейін көбейту мақсатымен жұмыстар жүргізуде. Былтыр серіктестік жалпы құны 288 млн. теңге, қуаттылығы 5 мың тонна астық сақтау қоймасын салды. Енді «Алматы – Бішкек» жолы бойынан ет комбинатын ашпақ.
Қасымбек ауылы маңынан ірі құс фабрикасының негізін қалап, ырғақты жұмыс үрдісіне қойған «Сұңқар Алматы құс» ЖШС бас директоры Дмитрий Чалых та тәжірибе бөлісіп, мемлекеттің инвесторларға қатысты икемді саясат ұстанып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ Таңбалытас ауылындағы «Шығыс кен басқармасы» ЖШС бас директоры Зелина Катранова ойларын ортаға салды. Ондаған елдің іскер адамдары ауданның ерекшеліктері мен артықшылықтарына қанығып, пікір алмасты.
Форум соңында қонақтар ауданмен жақынырақ танысу үшін елді мекендерді аралап, Жамбыл мұражайында, электр бұйымдарын шығаратын «Техсан Қазақстан Инвест» және жұмыртқа өндіретін «Сұңқар Алматы құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде болды.

Серік САТЫБАЛДИЕВ.

Жамбыл ауданы.