Құрылыс қарқына жоғары

Уақыты: 07.10.2017
Оқылды: 1319
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қызылағаш су қоймасы апатынан кейін бұл өңірдегі елді мекендер тұрғындары суармалы алқапқа егін егуден қалған болатын. Көп ұзамай бұл мәселе де оң шешімін тауып, су қоймасы бірер жылда қолданысқа берілмек. Оған аталмыш су қоймасының бүгінде қайта қалпына келтіріліп, күрделі жөндеуден өткізіліп жатқаны дәлел. Осыған байланысты облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров құрылыс істерінің жай-күйімен танысып, қарқынын көру үшін арнайы барып қайтты.

Аталған су қоймасы Қызылағаш ауылынан әлдеқайда жоғарыда орналасқан. Оған баратын жолдар да жаңаланып, автокөліктің еш кедергісіз жетуіне мүмкіндік туғызылыпты. Он алты шақырымды құрайтын электр желісі тартылып, жарықтандырылған. Сонымен бірге су құбыры жүргізілген. Серікжан Іслямұлы бастаған топ нысан басына келіп, мердігер мекеме басшыларымен кездесті. Күзгі күннің ызғарына қарамастан құрылысшылар техникалардың күшімен жұмысты қыздыруда. Бұл жұмыстар қыс айында да жалғаспақ. Қызмет көрсетуші персоналдар үшін заман талабына сай жаңа үйлер бой көтерген. Аталған кешеннің құрылыс жұмыстарын жүзеге асыру үшін жалпы республикалық бюджет есебінен барлығы 5,9 миллиард теңге көлемінде қаражат қарастырылыпты. Соның басым бөлігі құрылыс-монтаждау жұмыстарына жұмсалмақ. Облыс әкімінің орынбасары биылға 1 млрд. 8 млн. теңге бөлініп, бүгінге дейін жартысының игерілгенін айтып өтті. 
Бүгінде осы қаражаттың мақсатты жұмсалуы үшін атқарылуы тиіс іс-шаралар рет-ретімен жүзеге асырылуда. Айта кетейік, аталмыш су қоймасының мемлекет меншігіне қайтарылғанына да бес жыл өтті. Облыс әкімдігі бұл нысанды «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына өткізіп берді. Аталған мекеменің Алматы филиалының бас инженері Рақымжан Разбаевтың сөзінше, құрылысқа дайындық сәуір айында қолға алынып, бүгінде негізгі жұмыстары басталған. Қазіргі кезде ескі су қоймасының табаны тазаланып, тоннельдердің іші жөнделіп, шетінен бетондалып жатыр. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан қойма бұрынғысына қарағанда әлдеқайда сапалы жасалмақ. Себебі, оның құрылысына тас және бетон қолданылатын болады. Құрылысқа пайдаланылатын тастар сол маңдағы карьерден алынады. 
«Жалпы, құрылысқа қажет бұйымдардың бәрі отандық», –дейді мұндағылар. Қауіпсіздік шараларына да ерекше мән берілген. Қойма салу ісін жүзеге асыруға жүзден аса адам жұмысқа тартылып, жетпіске жуық әртүрлі техника жұмылдырылған. Жалпы, су қоймасының құрылысы жиырма жеті айға есептелген. Мамандар оны келесі жылдың соңына дейін аяқтап, мерзімінен бұрын қолданысқа береміз деп отыр. Бұл орайдағы жұмыстарға облыс әкімдігі де жан-жақты қолдау танытып, көмек көрсетуде. Алдағы уақытта аталған су қоймасы автоматты түрде жұмыс істемек. Серікжан Іслямұлы, сондай-ақ, Қызылағаш ауылы маңынан орын тепкен су торабының құрылыс қарқынына да назар аударды. Ол жерде де қызу жұмыс жүріп жатты. Бұл жердегі жұмыс жыл аяғына қарай аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. 
Қызылағаш су қоймасы құрылысының бас мердігері  республикалық «ҚазСуШар» кәсіпорны болып табылады. Бұл іске қосымша «Ақсу» акционерлік қоғамы, «КазГипроМельСтрой», «Үштөбе-Сервис», «Кольсай Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты мекемелердің құрылысшылары да тартылған. Ирригациялық жүйелерге қатысты жобалар да жасалуда. Алдағы кезде аталған су қоймасы толық қуатында іске қосылатын болса, ауқымы мол алқап айналымға енгізіліп, жергілікті жұртшылықтың әл-ауқатының жақсаруына жол ашылмақ. Яғни, бұл егін егіп, мал өсіріп отырған қызылағаштықтар үшін үлкен олжа. Сол себепті тұрғындардың ел-жұртқа пайдасы мол осындай ілкімді істерді қолға алып, іске асырылуына мұрындық болып отырған ел басшыларына деген алғыстары шексіз. 

Айгүл Байбосынова.

Қызылағаш ауылы,
Ақсу ауданы.