Мемлекеттік қолдау алды

Уақыты: 10.10.2017
Оқылды: 1105
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімінің орынбасары Жеңіс Тұяқовтың төрағалығымен «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында аймақтық Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда кәсіпкерлердің жалпы құны үш жарым миллиард теңгеден асатын өтініштері қаралып, қырық бір компания мемлекеттік қолдауға ие болды.

Субсидиялау бойынша «Pattaya SPA», «Green Land Alatau», «Алматы жолдары», «Нұрлы күз», «Жанель», «Tранталь», «ALAN TRANS LOGISTIC LTD» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері және «Бектас», «Аккубаева Г.К.» жеке кәсіпкерлігі мен «Madi» шаруа қожалығы, тағы басқалары мемлекеттік қолдауға қол жеткізді. Несиелік қаражат ағымдағы активтерді толықтыруға, инвестицияларға, құрылысқа және ағымдағы міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бөлінбек. Барлық жоба үшін жеңілдетілген сыйақы ставкалары мен субсидиялар қарастырылған. Ал қарыздар жеткілікті мөлшерде несие алу үшін кепілдік жетпегендерге «Даму» қорынан кепілдендірілген. 
Мысалы, «Өндірістік-коммерциялық компания SAKTAGAN» ЖШС Талғар өңірінде тіркемелер мен жартылай тіркемелер өндірісін іске қосты. Бұрын компания экспедиторлық қызметпен айналысқан. Енді ол бизнесін дамыту үшін қажетті жабдықтар сатып алып, өнімдерін сатпақ. Айта кетейік, «АLMA-Tex Ltd» ЖШС Капшағай қаласында балаларға арналған киім-кешектер мен шұлықтар өндіретін жаңа кәсіпорын ашуға қолдау алды. Компанияның аталмыш жобаны іске асыруға кепілдігі жетпеді. Сол себепті «Даму» қоры аталмыш серіктестіктің өнімдерін отандық брендпен шығаруға мүмкіндік беретін кепілдік бекітті. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы осы мемлекеттік бағдарламаны пайыздық мөлшерлемені субсидиялау тұрғысынан ғана емес, сондай-ақ кепілдік тұрғысынан да іске асыруды жалғастырмақ. 
Толық ақпарат алу үшін «Даму» қорының кәсіпкерлерді қолдау орталығына хабарласыңыз: Талдықорған қаласы, Төлебаев көшесі, 86, телефон: 8 (7282) 55 87 10. Онда барлық ағымдағы және жаңа несие бағдарламалары туралы әңгімеленеді және қор құралдарын алғанға дейін екінші деңгейлі банктерге қолдау қызметтерін көрсетеді.

Айгүл Байжұмақызы.