Ет өңдеу кешені салынады

Уақыты: 28.10.2017
Оқылды: 1064
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Өңір үшін бұл жобаның маңызы зор, ол ұсақ мал етін өңдеу саласын дамытуға үлкен серпін береді. Бұл туралы облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ немістің «BaumanGmbh&COKG» компаниясының бас акционері Райнер Бауман бастаған серіктестік өкілдерімен кездесу барысында айтты.
Кездесуде қой өсіру мен оның етінен жартылай фабрикаттар мен дайын өнім шығарумен айналысатын ірі ет өңдеу кешенінің пайдасы мен тиімділігі аталып өтті. Әрі аталмыш кешен құрылысы инвестициялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі мәселелер талқыланды. Осы ретте облыс басшысы компания өкілдеріне бұл жобаны іске асыруда өңір мүмкіндігінің мол екенін жеткізді. 
– Елімізде 20 млн. басқа жуық қой бар, бірақ қой етін өңдейтін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Сондықтан бұл ет өңдеу кешені құрылысының толыққанды жүзеге асуы біз үшін аса маңызды. Біз өз тарапымыздан сіздердің компанияның тиімді жұмыс істеуіне қажетті барлық жағдайларды жасаймыз. Барлық инженерлік жүйелер – электр, жылу, газ, кәріз жүйелері тартылатын болады, сонымен қатар жобаны жүзеге асыру барысында туындаған мәселелерді шешуге де қолдау көрсетіледі, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Амандық Баталов компания өкілдерін барлық туындаған мәселелерге қатысты өзінің орынбасары Серікжан Бескемпіровке, «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Алматы облысын дамыту жөніндегі «Алатау» АҚ басшылықтарына хабарласып, бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Бұдан бөлек, облыс әкімі неміс компаниясының кешен құрылысы жұмыстарына қай уақытта кірісетінін, құрылыстың бірінші кезегі қашан аяқталатынын сұрады. Нысанның қолданысқа берілетін уақытын алдын ала білудің маңызды екенін  тілге тиек етті. 
– Облыс шаруалары бұл жобаның іске асар сәтін асыға күтеді. Осы орайда ортақ құлшыныстың арқасында жобаны сәтті жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Сапалы өнім шығарып, тұрақты жұмыс орындары ашылғанда оның нәтижесін халық  көретін болады, –  деді өңір басшысы.
Айта кетерлігі, «BaumanGmbh&COKG» компаниясы 1930 жылы құрылған, Еуропадағы қой етін өңдейтін ең ірі компаниялардың қатарында. Қазіргі кезде қозы етін саудалауда Германиядағы нарықтың 25 %-ын, Еуропада елеулі бөлігін қамтамасыз етуде. Инвестициялық жобаның жалпы құны 7,1 млрд. теңге. Бірінші кезегінің қуаты жылына 15 мың тонна болса, 2-ші кезегі – 30 мың тонна деп жобаланып отыр. Сонымен бірге, осы барыста 700-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылмақ. 1-ші кезегінің жүзеге асырылу мерзімі 2017-2018 жылдар аралығына жоспарланған. Ірі жоба іске асқан жағдайда кәсіпорын өнімдері ішкі нарықпен қатар экспортқа да шығарылады.
Кездесу қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров пен «BaumanGmbh&COKG» компаниясының бас акционері Райнер Бауман екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы меморандумға қол қойды.

Қозыбай ҚҰРМАН.