Тоғыз айдың толымды табысы

Уақыты: 28.10.2017
Оқылды: 1063
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Облыс әкімдігінде тоғыз айдағы әлеуметтік-экономикалық даму барысын саралап, алға қойған  міндеттерді пысықтау мақсатында алқа мәжілісі өтті. Оған аудан, қала әкімдері, облыстық деңгейдегі департамент пен басқарма басшылары, мәслихат хатшылары, құқық қорғау органдары мен кәсіподақ ұйымдарының, «Нұр Отан» партиясы филиалының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алдымен облыс әкімі Амандық Баталов күн тәртібінде қаралатын негізгі мәселелермен таныстырды. Бұдан соң облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов тоғыз ай ішінде атқарылған жұмыстар мен алдағы уақытта іске асырылуға тиіс шаруа жайын баяндап, азды-көпті кеткен кемшіліктерге тоқталды. Оның айтуынша, өңір экономикасын дамытып, өнімді еселеуде жыл басынан бері біраз істің басы қайырылып, оң нәтижелерге қол жеткізілген. Облыс экономикасының негізгі салаларындағы өсім 3,6%-ды құраған. Қай салада болсын алға басу бар. Соның бірі – ауылшаруашылығы. Ауылшаруашылығының жалпы өнімі 459,6 млрд. теңгені құрап, 1,6%-ға өскен. Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне бюджеттен 33,9 млрд. теңге қаржы бөлінсе, оның ішінде 25,7 млрд. теңге демеуқаржы берілген. Бүгінде жиын-терін жұмыстарының басым бөлігі аяқталып, масақты дәнді дақылдар мен картоп, көкөніс, жеміс-жидек, бақша дақылдары толық жиналған.  Егіннен де мол өнім алынып, қамба астыққа толған. Сонымен қатар, қант қызылшасының өнімділігі де жаман емес. Тек өнімді экспорттау жағындағы келеңсіздіктер болмаса, барлық жұмыс ойдағыдай жүріп келеді. Әсіресе, мыңғыртып мал өсіретін шұрайлы жері мол Райымбек ауданының ет экспорты бойынша жоспарды орындауда дәрменсіздік танытып отырғаны  өңір басшысының сынына ұшырап қалды. Ал облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Сексембай Бекішов бұл орайда орын алған кемшіліктің жыл соңына дейін орындалатынына сенім білдірді.
Өнеркәсіп саласында да өрлеу бар. Биыл 44 жаңа нысанның кеңейтілуіне орай қосымша 1191 жұмыс орны ашылған. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп өнімінің өндірісі бірқатар аудандарда өсе түссе, былтырғы жетістігін әлсіретіп алғандары да бар екен.  Мемлекеттік «Индустриялды-инновациялық даму» бағдарламасы аясында іске қосылған  нысандар жоспарлы қуатына жеткен, шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандар саны былтырғыға қарағанда біраз өскен. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға өткен жылға қарағанда қомақты қаражат бөлініпті. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 157 жоба іске асып, өңір кәсіпкерлерін ынталандыру жақсы жолға қойылған. Өкінішке қарай, өлкемізге инвестиция тартуда біраз кемшілік байқалады. Айталық, күре жолдың бойына орналасқан, өндірісі өркендеген Еңбекшіқазақ сияқты кейбір аудандардағы инвестиция тарту көңіл көншітпейді. Есесіне, Алматы мен облыс орталығынан алыста жатқан аудандардың ұмтылысы жақсы.  
Құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша іске қосылған үйлер жұрт ризашылығына бөленген. Тұрғын үйлерді инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін қажетті көлемде қаражат қарастырылып, бүгінге дейін соның басым бөлігі игерілген. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде жаңа жұмыс орындары көптеп құрылып, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жобалар өз деңгейінде жүзеге асырылуда. Білім беру, денсаулық сақтау саласында күрделі жөндеу жоспарланған нысандардың дені аяқталып,  қалғандары жұмыс кестесі бойынша жүргізілуде. 
Сөйтіп, тоғыз айда жүзеге асқан жұмыс пен орын алған олқылықтарды толық тыңдап шыққан облыс әкімі Амандық Баталов жиын-терін науқанын уақытылы бітіруді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстауды, биылға жоспарланған нысандардың құрылысы мен күрделі жөнделуін дер кезінде аяқтауды және жылыту маусымын талапқа сай орындауды назарға салды. Жиын барысында облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасы, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, облыстық ауылшаруашылық басқармасы басшылары мен Жамбыл ауданы және Текелі қаласы әкімдері есеп беріп, күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты пікірлерін білдірді. 
Мәжілісте Жамбыл ауданында үшауысымды мектептердің азаймай тұрғандығы мен Талдықорған және Текелі қалаларының       1 млрд. теңге қаржыны толық игере алмағаны мәлім болып, әкімдерге оны тезарада ретке келтіру тапсырылды. Осы сияқты басқа да кемшіліктерді сынға алған облыс басшысы оны түзетуде салаға жауапты басшыларға қойылар талаптың күшейетінін жеткізіп, өз орынбасарларына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, ол осы істердің орындалуы қатаң бақылауда болатынын нықтап ескертті. 
Алқа мәжілісін қорытындылаған Амандық Ғаббасұлы: 
– Жалпы, облыс бойынша барлық салада ілгерілеушілік бар. Бұған масаттанбай қолда бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып жыл соңына дейін одан да биік көрсеткіштерге жетуіміз керек. Межеленген жоспардың бәрі орындалуы тиіс, – дей келе барлық бағыт бойынша белсенді әрі сапалы жұмыс істеу керектігін нықтап айтып өтті.

Қ. ОМАРАҚЫН.