Өңір жағдайымен танысты

Уақыты: 28.10.2017
Оқылды: 1284
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Салық кодексіне енетін өзгертулер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында Гүлжан Қарағұсованың басшылығымен ҚР Парламенті Мәжілісінің бір топ депутаты Жетісу жеріне арнайы іссапармен келді. Олар алдымен Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында облыс әкімі Амандық Баталов бастаған жергілікті билік және бизнес өкілдерімен кездесіп, ел дамуының болашағы жайлы әңгіме өрбітті.


Тіл сарайында өткен жарқын жүздесуде алдымен сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов Астанадан келген қонақтарға облысымыздың экономикалық, әлеуметтік даму көрсеткішін таныстырды. Өңір басшысының айтуынша, бүгінде облысымыздың барлық саласындағы өсім ойдағыдай. Басқасын айтпағанның өзінде жергілікті бюджеттің түсімі өткен жылдардың осы мезгілімен салыстырғанда 51 пайызға өсіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 139,8 млрд. теңгені құраған. Басқа салаларда да өсу мен өркендеу бар. 
Облыс басшысынан өңірдегі даму үдерісін толық ұғынған Мәжіліс депутаты Гүлжан Қарағұсова мен ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов, тағы да басқа депутаттар сөз алып, еліміздің бүгінгі әлемдегі орны мен мемлекетіміздің гүлденіп, көркеюі жолында атқарылып жатқан ілкімді істерді, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістердің жай-жапсарын айтып, ой бөлісті. Сол қатарда залға жиналған көпшіліктен түскен сұрақтарға да тұшымды жауаптар қайтарылып, қызу талқы түннің бір уағына дейін жалғасты. Келесі күні халық қалаулылары облыс орталығы мен оған жақын орналасқан елді мекендерді аралап, шаруа қожалық иелері, жеке кәсіпкер азаматтармен кездесіп, өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың жай-күйімен танысты. 
Биыл облысымыздың ауылшаруашылық жалпы өнімі 459,6 млрд. теңгені құрап отыр. Сонымен бірге 9,2 мың гектарға қызылша еккен жетісулықтардың үмітін Ақсу және Көксу қант зауыттары үкілеп келеді. Соған орай қонақтар облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов пен әкім орынбасары Серікжан Бескемпіровтың бастауында «Көксу қант зауыты» ЖШС-не ат басын бұрды. «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Әділбек Абатов зауытты аралатып, өнім өндіру мүмкіндігі, қуаттылығы, тағы да басқа жағдайлармен толық таныстырды. Осыдан кейін депутаттар «Каримов» жеке шаруа қожалығының тауарлы-сүт фермасының жұмысын көрді. Жалпы алаңына сүтті бағыттағы 400 бас сиыр ұстауға болатын кешен заманауи технологиямен жабдықталған. Ондағылардың айтуынша, ферманың барлық жұмысы компьютермен басқарылады. Қазірдің өзінде онда 160 бас сиыр болса, келешекте сауын сиырдың санын 400 басқа жеткізуді жоспарлап қойыпты. Қысқасы, кешеннің заманауи жағдайы депутаттардың көңілінен шықты.
Қаратал өзені бойындағы аллеяны аралап шыққан депутаттар бірнеше жылғы тынымсыз жұмыстың бүгінгі нәтижесін көріп, ризашылығын білдірді. Айта кетерлігі, аумағы атшаптырым аллеяда бәрі бар. Отыруға ыңғайлы орындық, жайқалып өскен жас желек, көлеңкесінде көлемді іс-шара атқаруға ыңғайлы шатыр, тақтайдай төселген жол, балалар ойнайтын құрылғылар, спорттық шараға ыңғайлы дайындық алаңы көңіл қуантады. 
Депутаттар келесі кезекте өндірістік аймақтың мүмкіндігімен танысты. Бүгінде облысымызда «Талдықорған», «Боралдай», «Қайрат», «Арна», «Қазыбек бек» сияқты 5 индустриялды аймағы, «Шамалған» агроөнеркәсіпті аймақ пен «Даму» индустриялды-логистикалық орталығының жобасы жасалып, жер аумағы белгіленіп, жұмыстар жүргізіле бастады. Ол жерлерде инвесторларды қызықтыру мақсатында су құбыры, кәріз жүйесі, автожол, теміржол салынып, инфрақұрылым мен коммуникациялық қызметтер жаңартылған. Сондықтан біздің өңірмен бірлесіп жұмыс істеуге ынта танытатын шетелдік инвесторлардың қатары артуда. Бұл жетістікпен қатар облысты газдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар да  халық қалаулыларының назарын аударды. 
Астаналық қонақтар «Жастар» саябағы мен Жастарға қызмет көрсету орталығы және Оқушылар сарайының да мүмкіндігімен танысты. Болашағынан үміт күттіретін жастардың жалынды бейнесін көріп, құлдыраңдап гүл ала жүгірген балғындардың балдай қылығына ризашылық танытты. 
Халық қалаулылары облысымызда ел келешегі жолында көптеген игілікті істердің атқарылып жатқанын көріп, Елордаға ризашылықпен аттанды. 

Қажет АНДАС.