АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРДАҒЫ АЙМАҚ

Уақыты: 03.11.2017
Оқылды: 1125
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Астана қаласында Орталық коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Амандық Баталов баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында өңір басшысы биылғы тоғыз айдың ішіндегі әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуы туралы баяндап, тілшілер қауымы қойған сұрақтарға жауап берді.


Өз сөзін:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында жүктелген және аймақ тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытында берілген тапсырмаларды орындай отырып, қарқынды ілгерілеуге қол жеткіздік. Оң динамика барлық секторларда байқалатынын баса айтқым келеді, – деп бастаған өңір басшысы Жетісу жеріндегі халық санының 2 миллионнан асқанын, биылғы қаңтар-қыркүйек айлары аралығында экономиканың барлық салаларында көңілге қонымды шаруалар атқарылғанын атап өтті.  
– Айталық, өнеркәсіптің өсімі 4,3 пайызды құраса, биылғы көлемі 700 миллиард теңгеден асады. Жетісу өңірі шырындар мен алкогольсіз сусындардың негізгі өндірушісі саналатындықтан жылына 1 миллиард литрге дейін өнім өндіріледі. Индустрияландыру картасы аясында фармацевтиканың жаңа саласы құрылғанын мақтанышпен жеткіземін. 9 фармацевтикалық зауыттың өндіріс көлемі есепті мерзімде 2 еседен астам өсіп, 13 миллиард теңгеге дейін жетті. Сонымен қатар «Қайрат» индустриялық аймағының инфрақұрылымын салу басталды. Өнеркәсіптік аймақтарда барлығы 17 кәсіпорын жұмыс істейді, алдағы уақытта 400-ге жуық өндіріс орнын аша аламыз.
Өңір басшысы инвестиция тарту мақсатында жыл басынан бері 9 бизнес-кездесу өткенін, 7 мемлекеттің өңірлері мен компаниялары арасында меморандумдар мен келісімдер жасалғанын айтты. Инвесторлар әсіресе «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына айтарлықтай қызығушылық танытқан. Соның арқасында жалпы құны 644 миллиард теңге болатын 24 жоба жоспарланған. Жалғасып келе жатқан жұмыстардың қорытындысынан инвестициялардың өсуін аңғару қиын емес. Мәселен, биылдың өзінде тартылған инвестиция мөлшері 500 миллиард теңгеден асып жығылған.
Ауылшаруашылығы саласындағы атқарылған шаруаларды да әңгімелеген Амандық Баталов топырағы құнарлы өлкенің жетістігін саралады.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, аграрлық сектор экономикалық өсімнің қозғаушы күші болуы керек. Бұл саладағы жалпы өнім көрсеткіштері облысымыздың республика бойынша бірінші орында тұрғанын айғақтайды, яғни, көрсеткіш 17 пайызды құрайды. Сөзімді нақты деректермен шегелей түссем, бүкіл Қазақстандағы сояның 97 пайызы Алматы облысында өсіріледі. Жүгері мен қант қызылшасының 64 пайызы, жеміс-жидектің 37 пайызы, көкөністің 25 пайызы, ет өнімдерінің 20 пайызы, сүт өнімдерінің 13 пайызы және жұмыртқаның 23 пайызы Жетісу жеріне тиесілі, – деген әкім жұртшылық назар аударған көрсеткіштермен таныстырды. – Ауылшаруашылығы дақылдарының көлемі 948 мың гектарды құраса, оның 17 пайыздан астамы озық технологияларды пайдалана отырып өңделеді. Осындай қолдаудың арқасында облысымыз бүгінде қызылша көптеп өсірілетін аймаққа айналып отыр. 
Мысалы, биыл қызылша дақылы 9 мың гектарға салынды. Көксу қант зауыты үшінші жыл өз жұмысын сәтті аяқтап, толықтай жаңартылды.