18 ЖОБА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Уақыты: 03.11.2017
Оқылды: 1208
Бөлім: ЭКОНОМИКА

     Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен селекторлық кеңес өтті. Онда ҚР Индустриялды-инновациялық дамудың 2015 –2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, Ақмола облысының Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017– 2020 жылдарға арналған жоспары және Астанада туризмді дамытудың 2020 жылға дейінгі жол картасы, тау-кен өндіру өнеркәсібінде, көлік пен логистикада санды технологияларды қолдану, Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық кестесін бекіту, ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының келесі жылға арналған жоспарының жобасы туралы мәселелер қаралды.

 

     Бірінші мәселе бойынша сөз алған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек осы жылдың тоғыз айында өнеркәсіп өндірісінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,7 пайызға өсіп, 6,5 трлн. теңгені құрағанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша фармацевтика, жеңіл өнеркәсіп, металлургия, машина жасау, мұнай өңдеу, азық-түлік өнімдерінің өндірісі және химиялық өнеркәсіпте өсу байқалған. Кейбір тауар түрі бойынша өткізудің жаңа нарықтары ашылған. Биыл ҚР ҰЭМ шикізаттық емес экспортқа қолдау көрсету жүйесін құру мақсатында Ұлттық экспорттық стратегияны әзірлеп, қабылдаған. Инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып, 2018 – 2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірленіп, бекітілген. Кәсіпорындардағы еңбек өнімділігі өскен. Бір сөзбен айтқанда, өңірлерде барлық көрсеткіш бойынша оң қарқын байқалыпты. 
     Жалпы, аталған бағдарламаны іске асыру ел экономикасы мен өнеркәсіп құрылымдары көрсеткіштерінің оң өзгеруіне ықпал еткен. Сондай-ақ, министр бағдарлама аясында жыл сайын жаңа өндірістердің іске қосылып жатқанын және Желтоқсан айында биылғы индустрияландыру жұмыстарының қорытындысы шығарылатынын хабарлады. «Біз Телекөпір аясында жалпы сомасы 399 млрд. теңгеге 18 жобаны іске қосуды көздеп отырмыз. Бұдан өзге, 26 жоба бойынша телевизиялық роликтерді көрсету жоспарда бар», – деді Жеңіс Махмұдұлы. 
     Осыған байланысты Үкімет басшысы тоғыз айда индустрияландыру мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіліп отырғанын атап өтті. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жоспарының іс-шараларын іске асыруға 61,3 млрд. теңге көлемінде қаржыландыру жоспарланғанын және Елордадағы туристік кластерді дамыту бойынша сегіз айдың қорытындысына сәйкес инвестицияның ең үлкен көлемі Астанаға тиесілі екенін сөз етті. Осы ретте Үкімет Щучинск-Бурабай курорттық аймағын және Елордада туризмді дамыту бойынша жоспар мен жол картасын бекітті. 
     Бақытжан Әбдірұлы Ақмола облысы мен Астана қаласының әкімдеріне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Жоспар мен Жол картасының іс-шараларын сапалы және уақытылы іске асыруды тапсырды. Сондай-ақ, жиында елде логистикалық саланы цифрландыру бойынша интеллектуалды көлік жүйесінің құрылатыны сөз болды. Бұған қоса, Астана агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық кестесі бекітіліп, заң жобалау жұмыстарының алдағы жылға арналған жоспары қаралды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА