Ұлттық валюта күні

Уақыты: 16.11.2017
Оқылды: 1944
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Тәуелсіздік сыйы

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасы – теңгенің айналымға енгізілген күні. 1993 жылы 12 қарашада ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлық шығарды. Үш күннен соң теңге айналымға енгізілді.

Жалпы, теңгенің өз шығу тарихы бар. Бастапқыда жаңа валютаның атауына қатысты бірқатар ұсыныстар болды. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алтын» атауын ұсынды. Кейіннен жаңа ақшаны «теңге» деп атау туралы шешім қабылданды. «Біз ұлттық ақшамызды бір-ақ рет және бір атаумен шығаруымыз керек. Екінші қайтара оның аты өзгермейді. Сондықтан оны әбден зерттеп барып, бір шешімге келуіміз қажет»,– деді Елбасы. «Теңге» сөзі бастауын орта ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің күміс ақшасы «денге», «таңғадан» алады. Осы сөз орыстың «деньги» сөзіне де арқау болғанын айта кету керек. Ұлттық теңгені жасауға екі жыл уақыт қажет болды. Оның дизайнын жасаушы авторлық топтың жетекшісі Тимур Сүлейменов болды. Сондай-ақ, бұл іске Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов, Хайролла Ғабжәлелов сынды азаматтар да еңбек сіңірді. 
Қазақстан өз төл ақшасын шығару үшін 1990 жылы теңгенің алғашқы үлгісін жасайтын арнайы жұмысшы тобын құрды. 1992 жылы тамызда Ұлттық банкте теңге купюрасының үлгілерін бекіткен дизайнерлер тобы Англияға аттанды.  Өйткені, елде ақша бастыратын фабрика жоқ болатын. Тіпті, құнды қағаз бастыратын қаржы да тапшы еді. Мемлекет басшысы ол кезеңді «Президенттің үлкен ойыны» фильмінде «Шетелдерге бару үшін ұшаққа жанармай, аэропортты жалға алу үшін қаржы жоқ еді» деп еске алды. Осындай кезеңде елде қаржылық реформа жүргізіліп, Ұлттық валютаның қажетті қаражаттық инфрақұрылымын жасау қолға алынды. Осылайша ең алғашқы теңге Англияның ең көне әрі әйгілі «Харрисон және ұлдары» фабрикасында басылып шықты. Ал, алғашқы металл монеталар Германияда әзірленді. 
Теңгенің алғашқы партияларын сақтау үшін арнайы жер асты қоймалары дайындалды. Оларды арнайы ұшақтар тасыды. Бір аптаның ішінде олар Лондонға бірнеше рет ұшып барып, қайтып келді. Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілхайыр хан, жүз теңгелікте Абылайхан бейнесі салынды. 
Осылайша, Қазақстан 1993 жылы қазан-қараша айларында рубль аймағынан толықтай шықты. Сол жылы Алматыда құрылысы басталған банкнот фабрикасы екі жылдан соң толық аяқталып, 19 мамырда ресми ашылу рәсімі өтті. Нұрсұлтан Назарбаев осында басылып шыққан алғашқы миллион теңгені бүкіл Қазақстанға көрсетті. Қазір Тәуелсіз Қазақстан төл валютасын өз елімізде басып шығарады. Қазақстанның ақша сарайы металл тиындарды шығаруға дайын болмағандықтан жедел түрде қағаз түрінде шығарды, бірақ 1 жылдан соң олар металл тиындарға ауыстырылды. 1994 жылы қағаз тиындар жезден жасалған монеталармен алмасты. Монета Өскемендегі монета сарайында дайындалып шығарылады. 
Сөйтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі Қаржыгерлер күні болып белгіленді. 2006 жылы 15 қарашада жаңа үлгідегі банкноттар айналысқа енгізілді.

Халық қазынасы

«ҚР Ұлттық Банк» РММ облыстық филиалы Ұлттық валюта – теңге күніне орай салтанатты жиын өткізді. Шара аясында қаржы жүйесінің қызметкерлері марапатталып, сый-құрметке ие болды. 
 Жиында алдымен сөз алған «ҚР Ұлттық Банк» РММ облыстық филиалының директоры Ернар Жұмабеков: «Әрбір мемлекеттің дамуы мен экономикалық тәуелсіздігі қаржы саласына тікелей байланысты. Қазақстан теңге шығару жөніндегі шешімді күрделі кезеңде қабылдап, әзірледі. Мұның бәрі жас мемлекет пен тұрғын халықтың болашағы үшін жасалған игілікті істер. Сондықтан, төл теңгеміздің туған күні құтты болсын!»,– дей келе қаржы саласы бойынша жемісті еңбек етіп жүрген мамандарға жылы лебізін жеткізіп, теңгенің шығу тарихы мен бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерін бүге-шігесіне дейін әңгімеледі. Қаржыгерлер тарапынан да ақ тілектер айтылып, мерекелік құттықтаулар жеткізілді. Бұдан соң бір топ маманға құрмет көрсетіліп, сый-сияпаттар жасалды. 
«Біз санаулы күн ішінде рубльді теңгеге ауыстыру үшін күн-түнге қарамай жұмыс істедік. Бұл оңай болған жоқ. Сол жылдары қараша айы еді, қар жауып тұр, күн суық болатын. Соған қарамастан шалғай жатқан аудандарға ақша жеткізіп, бар қиындықты жеңдік. Сондықтан, осы еңбегіміз бағаланып, ұлттық теңгеміз берік болсын!»,– деп ойын жеткізген Ұлттық банк қызметкері, осы салада қырық жылдан аса қызмет еткен Тоқтар Қадыров әріптестеріне денсаулық пен істеріне жеміс тіледі.   
Мерекелік шара барысында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банк» АҚ облыстық филиалының директоры Ғалымжан Шалғымбаев, «Қазпочта» АҚ филиалы басшысының орынбасары Манат Тастанов, «Халық Банк» АҚ Талдықорған өңірлік филиалы Ақсу басқармасының басшысы Руслан Ерболат және тағы басқалары марапатталды. 
«ҚР Ұлттық Банк» АҚ төрағасы Данияр Ақышевтың атынан «ҚР Ұлттық Банк» өңірлік филиалының қызметкері, ақпараттық технологиялар бөлімінің бас маманы, инженер-программист Владимир Волковқа «ҚР Ұлттық Банктің еңбек сіңірген қызметкері» төсбелгісі табысталды. «Ұлттық банкте он бес жылдан аса еңбек етіп келемін. Осыны бағалап отырған ел ағаларына шексіз ризашылығымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта да бар күш-жігерімді салаға арнап, қызмет ететін боламын», – деді өз қуанышымен бөліскен Владимир Волков. 
Ал қолма-қол ақшамен жұмыс және кассалық операциялар бойынша касса бөлімінің меңгерушісі Назым Мұстафина кәсіби шеберлігі және еңбек жетістіктері үшін Алғыс хатпен марапатталды. 

А. ЫБЫРАЙ.