Форум. Ауыл әйелдеріне мүмкіндік мол

Уақыты: 17.06.2023
Оқылды: 714
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Талдықорған қаласындағы «Атамекен» ҰКП ғимаратында Жетісу оңтүстік аймақтардағы ауыл әйелдерінің облыстық форумы өтті. Шара «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global дамыту Коалициясы» ЗТБ, «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, «Атамекен» ҰКП өкілдері мен Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облысы әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Форумға ауылды дамыту бағытында алыстан ат терлетіп, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Түркістан облысының түкпір-түкпірінен өздерінің ой-пікірлерін жеткізуге келген ең белсенді іскер қыз-келіншектер қатысты. Облыстардың мемлекеттік құрылымдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері де осы жиыннан табылды. Шақырылғандар алдымен Жетісу облысы кәсіпкерлері мен «Coca-Cola белестері» жеңімпаздарының қатысуымен ұйымдастырылған көрмені тамашалады. Онда азық-түлік өнімдері мен әртүрлі бұйымдар көпшілік назарына ұсынылды. Форум аясында елдегі ауыл әйелдерінің форумдары туралы бейнебаян көрсетілді.

Шара шымылдығын Қазақстан ауыл әйелдері форумын ұйымдастыру комитетінің төрағасы, IV, V, VI шақырылымдағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина ашып, сөз сөйледі. Айтуынша, ауыл әйелдері форумының тарихы 2018 жылы Астана қаласында өткен алғашқы республикалық форумнан бастау алған. Елімізде 6 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара коронавирус пандемиясы кезеңінде онлайн форматта өткен.

Өз кезегінде Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз сөйлеп, ақ ниетін жеткізді.

«Сіздермен оңтүстік аймақтардың ауыл әйелдерінің форумында жүздескеніме қуаныштымын! Жетісу облысы әкімінің және өзімнің атымнан сіздерді Форумның басталуымен құттықтаймын! Сондай-ақ, осы шараның ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін. Бұл форум әйелдер бизнесінің дамуына серпін беріп, қоғамдағы әйел кәсіпкерлердің мәртебесін арттыруға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ, экономиканың табысты дамуының негізгі діңгегі болып, тиісінше халықтың өмір сүру сапасын арттыруға оң әсер ететін шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бірлескен бастамаларды әзірлеу үшін жемісті алаң болатынына сенемін», – деді Рустам Әли.

Сондай-ақ, ол Жетісу облысы тұрғындарының 353 мыңы әйел болса, соның 193 мыңы ауылды жерлерде тұратынын, аймақта жыл сайын табысты кәсіпкерлер саны артып, ауылды жерде шағын бизнестің өсу үстінде екенін тілге тиек етті. Бүгінгі таңда аймақта 58 мың жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлікте еңбек ететіндердің 49%-ын әйелдер басқарады. Субсидиялар мен жеңілдетілген несиелер түріндегі мемлекеттік қолдаудың арқасында ауылдағы көптеген әйел наубайхана, дүкен, балабақша, киім мен аяқкиім тігу және жөндеу, кондитерлік өнімдер өндіру, сүт өңдеу сияқты басқа да бағыттарда шағын цехтар ашқан.

Бұдан соң ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Оңтүстік облыстар әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ, ҚР Ауыл шаруашылығы, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және ҚР Ұлттық экономика министрліктері мен Халықаралық ұйымдар өкілдері өздерінің ізгі тілектерімен бөлісті. Басқосу барысында ауыл-аймақтардан жиналған кәсіпкер қыз-келіншектер де өздерінің ұсыныс-тілектерін ортаға салып, бір-бірлерімен тәжірибе алмасып, білім-біліктіліктерімен бөлісті.

Жиында ауыл мен ауылды тұрақты дамытып, әйелдер кәсіпкерлігін өркендету, жергілікті тұрғындарды өзін-өзі жұмыспен қамтып, жағдайды жақсарту, өмір сүру сапасын арттырып, ауыл халқының әл-ауқатын көтеру жайы сөз болды. Жеке кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығын өрістету, аталған салаға қолдау көрсетіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру, сондай-ақ, жергілікті деңгейде 2030 жылға дейін тұрақты даму мақсатына қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды ілгерілету мәселесі де әңгіме өзегіне айналды.

Түстен кейін форум қатысушыларына бизнес негіздері, фермерлік дағдыларды дамыту және кооперация бойынша тренинг ұйымдастырылды. Айта кетейік, биылдан бастап бұл форум көшпелі түрде өтіп, еліміздің Батыс, Шығыс, Орталық және Солтүстік аймақтарын тұтас қамтымақ. Қорытынды шара ауыл әйелдерінің VI республикалық форумы Елордада өтеді. Оған дейін аймақтық мәселелер осындай ашық диалог алаңдарында талқыланып, алдағы мақсат-міндеттер айқындалады.

Айгүл Байбосынова
Суреттерді түсірген Руслан Қадыров