«АҚ АЛТЫН» ӨНІМІ АРТА ТҮСЕДІ

Уақыты: 04.11.2023
Оқылды: 722
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Ұл әкеге қарап өседі, әкеге қарап бой түзейді. Соның баулуымен қияға қанат қағып, жүріп өткен жолынан тәлім алады. Ақылын тыңдау арқылы нәтижелі іске ден қойып, кәсіптің көзін тауып, нәсібін айырады. Нағыз ер жігіт кіндік қаны тамған жерге маңдайының терін төгеді. Тау етегінде орналасқан ақ шатырлы ғимарат көзімізге жылы көрінді. Ат басын бұрып барғанымызда әк зауыты екенін аңғардық. Қап-қап болып жиналған аппақ ұнтақтың тұрғындарға, жалпы кәсіпорындарға қаншалықты қажеттігін иелерінен сұрап білгенді жөн көрдік.

Ғимарат есігін ашқанымыз сол еді, алдымыздан шыққан жайдары жүзді жас жігіт дауысын көтере амандасып, қолын ұсына берді. Ізеттілігі мен адамға деген құрметінің бәрімізге ұнағаны рас еді. Осы зауыттың бір қызметкері болар, бізді қазір басшысының бөлмесіне апаратын шығар деген ойдың жетегінде жүріп келеміз. Кабинетке келіп бір топ тілшіні жайғастырған соң жаңағы жас жігіттің өзі төрге оза берді. Шынымен де басшы осы азамат па дегендей таңданыспен қарап-қарап қоямыз. Иә, үлкен зауыттың бас директоры Ысқақов Данияр Санатұлы деген азамат өзі болып шықты.

Данияр Санатұлы қала баласы болса да қазақша мен орысшаға бірдей ағып тұр. Зауыттың тыныс-тіршілігімен бізді таныстырып жатыр, жанымызда орыстілді әріптесіміз болғандықтан арасында ол тілде де көсіліп сөйлеп кетеді. «Орыс газетіндегі әріптестерімізге де ертең мақала жазу үшін ақпарат керек қой, мұнысы жақсы болды» деп қоямыз іштей.

Данияр Ысқақов Текелі қаласының тумасы, осы шаһардағы №6 орта мектептің түлегі. Алматы қаласындағы технологиялық университетте есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету мамандығы бойынша оқып, білім алған. Оқу ордасын тамамдаған соң әр салада қызмет етіп көреді. Кейін әкесінің ақылын тыңдап туған жеріне қайтып келіп «Ak Altyn Products» ЖШС жұмысқа тұрады. Қарапайым жұмысшыдан оператор, цех маманы қызметіне көтеріліп, іскерлігімен көзге түскеннен кейін зауыт қожайыны Нұрлан Исмағұлов Даниярды қарым-қабілетіне байланысты бас директор лауазымына тағайындайды. 

Данияр Ысқақов әрбір жетістікке жету жолында әкесінің тәлім-тәрбиесі жатқанын айтады. Басты мақсаты – туған Текелісінің гүлденуіне үлес қосу.

 «Ak Altyn Products» ЖШС Текелі қаласында 2018 жылы ашылған. Негізінен құрылыс әк өндірумен айналысады. Компания өнімі құрылыста, металлургия мен химия өнеркәсібінде, сәулет өнерінде және ауылшаруашылығында қолданылады. Кәсіпорында әкпен қатар құрылыс гипсі, басқа да құрғақ құрылыс қоспалары шығарылады.

«Ak Altyn Products» ЖШС Павлодардағы алюминий, Балқаштағы кен байыту зауыттарымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Данияр Ысқақов қазіргі уақытта әкке сұраныстың көп екенін айтады. «Алматы мен Тараз, Шымкент, Қапшағай қалаларынан, өзіміздің Талдықорғаннан сұраныс жиі болады», –дейді ол. 

Компания айына 700 тонна өнім шығарады. Мұнда 55 адам жұмыс істейді. Айлық мөлшері 150-160 мың теңге, қызметкерлер айлықтарын уақытында алады. Серіктестік жұмысшыларды арнайы жұмыс киімімен қамтамасыз етеді. Жұмысшылардың дені жергілікті тұрғындар. Мекеме басшысы әлі де электрмеханик, электрслесарь, көлік жүргізуші, зауыттағы құрылғыны жөндейтін мамандардың жетіспейтінін айтады. «Жұмысқа шақыру мақсатында жер-жерлерге жарнама да бердік», – дейді  іскер басшы.

Алдағы уақытта кәсіпорынды кеңейту жоспары да бар. Өндірісті тәулік бойы жұмыс істеуге көшіріп, айына мың жарым тонна әк шығару жоспарлануда. Сондай-ақ, кәсіп иелері Қытайдан жаңа құрал-жабдықтар әкеліп, қосымша жұмыс орындарын ашу жайын да ойластыруда.

Медет ЖҰМАБАЙ
Текелі қаласы

Суретті түсірген Руслан Қадыров