Зауыт қамбасы қантқа толды

Уақыты: 11.11.2023
Оқылды: 686
Бөлім: ЭКОНОМИКА

«Ақсу қант» ЖШС қайта іске қосылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тәтті түбір алқабын кеңейтіп, қант қызылшасын қайта өңдейтін кәсіпорындарды толыққанды іске қосу туралы тапсырмасына орай облыста қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Соның бір айғағы «Ақсу қант» зауытының кем-кетігі қалпына келтіріліп, тамырына қан жүгіргендігі. Зауыт басшысы Самат Нәдірбаев кәсіпорынның қайта іске қосылуына қолдау білдірген  облыс басшысы Бейбіт Исабаевқа алғысын жеткізді.

– Цехтың барлығы толыққанды істеп тұр. Маусымда 120 мың тонна тәтті түбір келеді деп күтіп отырмыз. Одан басқа 3000 тонна қант құрағы бар. Соның нәтижесінде жылына 13-14 мың тонна қант шығарамыз деген үміт бар, – дейді зауыт басшысы.

180 ірілі-ұсақты шаруашылықпен келісімшарт жасасқан зауытқа жиын-терін науқанында ауа райының жайлы болып тұрғанына байланысты өнім уақытында жеткізілуде.  Мамандардың айуынша, бірқалыпты ауа райында тәтті түбір қамбада жақсы сақталады. Егер күн біресе ысып, біресе суыса  түбір солып кетеді. Сондықтан диқандар үшін күзгі ауа райы жайлылық тудыруда.

Бүгінде аталмыш зауыт 85 мың тонна қант қызылшасын өңдеді. Жыл соңына дейін 125 мың тонна тәтті түбір өңделеді деген үміт бар. «Ақсу қант» зауытына Алакөл, Сарқан, Көксу аудандарынан тәтті түбір тасымалдануда. Тәтті түбірді  шалғайдан тасымалдаушыларға жолақы төленеді. Жалпы зауыт 450 мың тонна қызылша өңдеуге есептелген. Зауытты қайта қалпына келтіруге биыл бюджеттен 1,9 млрд. теңге бөлініп, қажетті материалдар сатып алынды.

Биыл қант қызылшасының бір тоннасының бағасы 40 мың теңгені құрайды. Оның 25 мың теңгесі субсидиялау болса, 15 мың теңгесі зауыт тарапынан беріледі. Бұған қоса, тасымалдау шығынына орташа есеппен шақырымына 2 мың теңгеден төленеді. Осының нәтижесінде тәтті түбір өсіруге құлшыныс білдірушілер қатары өсуде. «Ақсу қант» зауытына Сарқандық Балташ Абылқасымов биыл 11500 тонна тәтті түбір өткізген. Шаруашылық басшысы  қызылша алқабын алдағы жылы бұдан да кеңейте түсуді ойластыруда.

Зауыт шаруашылықтарға өнімінің ақшасын 10 күн сайын төлеп отыр. Аудан басшыларының айтуынша, Ақсу, Сарқан өңіріндегі шаруашылықтар бүгіннің өзінде 2500 гектар жерді қопсыту шараларын жасаған. Яғни, жер еміп өскен шаруа ылғал сақталу үшін  жерді жыртып, дайындалуда. Қант қызылшасын себудің ерекшелігі – жерді күзде жыртып тастаса топырақ жұмсақ, ылғалды болады. Бұл – мол өнім алудың кепілі.

Ақсу ауданының әкімі Берік Тынышбаевтың айтуынша, биыл ауданда 40 шаруашылық тәтті түбір ексе, келесі жылы 80-нен астам шаруашылық төл дақылды егуге құлшыныс білдіріп, алдағы жылы 2200 гектарға қант қызылшасын себуді жоспарлауда. Бұған шаруашылықтардың құлшынысы дәлел. Әрине, ол үшін тұқым, жағармай, минералды тыңайтқыш, техника жағынан көмек көрсетілуі тиіс. Облыс басшысының тапсырмасына орай, келесі жылы  облыстағы қос қант зауыты  арқылы шаруашылықтарға жан-жақты көмек көрсетіледі.

– Қант қызылшасы  биыл 1200 гектарға себілді, алайда, бұршақ және үсікке шалдығу салдарынан 967 гектарға ғана тәтті түбір шықты. Бірақ, жиын-терін науқаны дұрыс ұйымдастырылуына байланысты өнімді ысырапсыз жинап алып жатырмыз. Әр гектардан 350-400 центнерден өнім алдық, – деп аудандағы шаруашылықтардың жайын түсіндірген аудан әкімінің орынбасары Ғазиз Есжановтың айтуынша, зауыт пен Ақсу агротехникалық колледжі арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Дуальді оқыту әдісі бойынша оқу орнында зауытқа мамандар даярлануда. Бүгінге дейін колледждің 50 түлегі зауытқа жұмысқа орналастырылған.

«Ақсу қант» зауытында шешімін таба алмай келе жатқан екі мәселе бар. Біріншісі, өнім тасымалдауға арналған теміржол желісінің жоқтығы. Шикізат тасымалдау үшін теміржолдың  ұтымды жағы көп. Алдағы уақытта қант құрағын көптеп жеткізу үшін тасымал мәселесі қиындық тудыратын болып тұр. Екінші мәселе – газдың жеткізілмеуі. Зауыт әлі күнге мазутпен іске қосылады. Бұл – қымбат отын. Сондықтан кәсіпорын көгілдір отынның келуін күтуде. Осындай қолбайлауларға қарамастан зауыт қанттың бағасын бірқалыпты ұстап тұр.

Кәсіпорындағы ілкімді істің бірі – қалдықсыз өнім өндіру. Тәтті түбірдің қантқа жарамсыз бөлігінен мал азығын дайындайтын зауыт қызылша қалдығынан сығылған жомды полиэтиленмен қаптап, сатуға шығарады. Бір орамасы 6000-7000 теңге көлемінде тұратын жом ірі қараны бордақылауға таптырмас азық.

Зауыт қант қамысын өңдеуге де бейімделіп, жасалуда. Бүгінде біраз шикізат дайын. Кәсіпорын басшысының айтуынша, қант қамысын өңдеуді толыққанды қолға алғанда зауыт  жыл бойы жұмыс істейтін болады. Қайта өңдеу кәсіпорынында 500 адам жұмыспен қамтылған. Зауыт басшысы мамандардан айырылып қалмау үшін жұмыс тоқтап тұрғанда да еңбекақы төлейтінін айтады.

Тәтті түбір өсіру үшін міндетті түрде су керек. Сондықтан ауданда каналдар тарту, су жүйелерін қалпына келтіру шаралары жүргізілуде. Ирригациялық желілер мен құрылыстарды салу бағытында ауданда 2 ірі жоба іске асырылуда, бұл нысандарға жауапты мемлекеттік орган – республикалық «Қазсушар» мекемесі. Ауданның суару желілерін қайта жаңарту жобасының құрылысы Ислам Даму Банкі қаражаты есебінен 2019 жылы басталып, 2021 жылы аяқтау жоспарланған. Алайда, межеленген жұмыстардың бүгінгі күнге 60% ғана орындалыпты. Мердігер «Тамас» ЖШС нысанды аяқтау мерзімін жыл сайын ауыстырып, жұмысты дұрыс жүргізбеген. Осындай жауапсыз мердігерлердің шалағай әрекеті өнім өндіруге қолбайлау болуда. Қызылағаш суару массивінің құрылысына биыл республикалық бюджеттен 1,4 млрд. теңге бөлінді. Жобаға сәйкес ұзындығы 100 шақырымды құрайтын жаңа суару желілерін салу көзделген. Нәтижесінде 5,3 мың гектар жаңа суармалы жер ауданда айналымға енгізіледі.

Міне, Ақсу ауданында осындай ілгерінді істер көптеп жүзеге асуда. Берекесін берсін!

Гүлжан ТҰРСЫН