Кәсіпкерлер өтініші ескеріле ме?

Уақыты: 05.12.2023
Оқылды: 469
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жетісу облысының кәсіпкерлері бөлшек салық мөлшерлемесін 4%-дан 2%-ға дейін төмендету туралы мәселені бірнеше рет көтерді. Өкінішке қарай, мемлекеттік органдар өкілдері қатысқан жиындар нәтиже бермеді. 

Еске салсақ, биыл 20 наурызда қол қойылған заң жергілікті өкілді органдарға бөлшек салық мөлшерлемесін жартысына дейін төмендету құқығын берді. Содан кейін депутаттар салықтың бұл түрі шынымен жоғары екенін, сол себепті мөлшерлемені төмендетудің маңыздылығын түсініп, кәсіпкерлерді толығымен қолдады. Осы шара оңтайлы жүзеге асса, аймақтағы кәсіпкерліктің неғұрлым белсенді дамуына ықпал етіп, кірістерді «көлеңкеден» шығаруға мүмкіндік бермек.

Әр мәслихат аудандар мен қалалар деңгейінде салық мөлшерлемесін қаншалықты азайтуға болатынын экономикалық негіздемелер мен жергілікті бюджетке тигізер әсерін ескере отырып  жеке шешеді. Өңірде осы бағытта барлық қадам жасалған сияқты еді. Бірақ, жыл аяқталуға таяса да ешқандай шешім қабылданбады.  

Кәсіпкерлер бұл жаңашылдыққа оң қабақ танытты. Өйткені, олар шығындарының төмендейтініне үміттенді. Сауда нүктелерінің иелері мен қызмет көрсетушілері атап өткендей, салықтан басқа лицензияны пайдалану үшін ақы төлейді. Сонымен бірге сақтандыру, зейнетақы, басқа да тұрақты жарналар бар.    

Осындай қаржылай кедергілер микрокәсіпорындарға қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік бермейді.  

– Біздің бастама бойынша сауда жөніндегі салалық кеңес облыс аудандары мен қалаларының барлық мәслихатына хат жолдады. 6 ай күттік, бірақ, түпкілікті жауап болмады. Не төмендетілетіні, не қалатыны қабылданбады. Дәлірек айтсақ, біз сауалымызға нақты жауап ала алмадық. Бізге Текелі қаласы мәслихатынан бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету мәселесі бойынша ұсыныстар түспегені туралы хат келіп түсті, – дейді сауда жөніндегі салалық кеңес төрағасы Эдиль Қазақпаев.

Бұл үдерістің неге сонша кешіктірілгені белгісіз. Жауапты ведомстволар осы уақыт ішінде дайындық жұмыстарының жүргізілгенін және 1 желтоқсанға дейін шешім қабылдауға уәде берілгенін хабарлайды. Бірақ, мемлекеттік кірістер комитетінің ресми ақпаратына сәйкес  жергілікті өкілді орган бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету туралы оң шешім қабылдаған жағдайда, ол 2024 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін. Егер шешім кейінірек қабылданса, онда салық кодексінің 696-3-бабының 5-тармағының нормасын ескере отырып, жергілікті өкілді органның бөлшек салық мөлшерлемесін төмендету туралы шешімі тек 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. 

Сонымен бірге, еліміздің бірқатар аймағы – Астана қаласында, Қызыл- орда және Қарағанды облыстарының бірнеше елді мекендерінде халық қалаулылары бөлшек салық мөлшерлемесін шілдеге дейін төмендетуге дауыс берді және оң нәтижеге қол жеткізді.   

Ал Жетісу облысының кәсіпкерлері үшін жергілікті өкілді органдардың тек бір жылдан аса уақыттан кейін күшіне енуі мүмкін оң шешімін күту мен үміттену ғана қалады. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: novoetv.kz