Кәсіпкерлер шағымы қаралды

Уақыты: 23.12.2023
Оқылды: 418
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бизнестің проблемалық мәселелері облыстық кәсіпкерлер палатасы жанында жұмыс істейтін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында көтерілді. 

Алғашқы кезекте кәсіпкер Жандос Нұрпазиловтың мәселесі қаралды. Кәсіпкердің айтуынша, ол 4 жылға жуық коммерциялық жылжымайтын мүлік салу үшін Талдықорған қаласында жер учаскесін алуға қол жеткізе алмаған. Бұл мәселе әлі шешілмеген. Қаланың жаңа салынып жатқан аудандарында бос жер учаскелерін аукционға қою мүмкіндігін қарау туралы өтінішке жергілікті әкімдік мұндай бос жер учаскелерінің жоқтығына сілтеме жасай отырып  бас тартқан. Бірақ, жылжымайтын мүлікті сату сайттары коммерциялық жер учаскелерін сату туралы хабарландыруларға толы. 

– Олар бос учаскелер жоқ дейді. Бірақ мен мониторинг жүргізіп көрдім. Онда жүзге жуық игерілмеген және бос жерлерді анықтадым. Бір байқағаным, бұл учаскелерді алып қою және оларды шынымен қажет ететін кәсіпкерлерге беру үшін ештеңе жасалмайды. 2019 жылы конкурсқа қатыстым, 34 бос учаске болды. Оның 20-ға жуығы әкімдікпен тәркіленді. Осыны аукционға шығаруды сұрадым. Бірақ, қыркүйек айынан бастап ешқандай әрекет болған жоқ. Олар тіркеуден шығару үшін «Азаматтарға арналған үкіметке» жіберілді дейді. Бірақ, бұл қашан болады және ол мүлде белгісіз,– дейді Жандос Нұрпазилов. 

Осы мәселеге түсініктеме берген Талдықорған қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің өкілі қала әкімдігінің қаулысы бар екенін және бүгінгі күні игерілмеген жер учаскелері тіркеуді жоюға берілгенін атап өтті. Тиісті органдарда күшін жою туралы деректерді алғаннан кейін жер учаскелері аукционға берілетін болады.

Кеңесте тағы бір көтерілген мәселе «ТурКа» ЖШС-нің коммерциялық нысанды орталық жылыту жүйесіне қосуға қатысты өтініші болды. Осы серіктестіктің жетекшісі Пекер Ясиннің айтуынша, ол Сарқан ауданы әкімдігінің «Сарқан жылу» ШЖҚ МКК-не жылу жүйесіне қосылу туралы өтініш білдірген кезде «ТурКа» ЖШС-нің жеке меншігіндегі жер учаскесі арқылы орталық жылу жүйесінің құбырларын төсеу кезінде оған коммерциялық нысанды қосуға уәде берілген, бірақ бұл сөз жүзінде ғана қалған. Аталған серіктестік өз қаражаты есебінен 2,5 млн. теңгеге жылу жүргізуге арналған жабдықтарды сатып алып, орнатқан. Бірақ, бүгінге дейін жалпы жылу трассасына қосылмаған, бұл жылу трассасының құбырлары кәсіпкердің жері арқылы өтеді.

– Мердігер жылу трассасын жүргізген кезде біздің арамызда жылу трассасын жер учаскесі арқылы өткізуге рұқсат беретініміз туралы ауызша келісім болды. Ал біз орталық қазандыққа барғанымызда жылу алмастырғыш арқылы жылу берілетінін айтты. Бірақ, бұл жылу трассасының қуаты жеткіліксіз екендігіне сілтеме жасай отырып, бас тартылды, – дейді Ясин Пекер. 

Кеңесте кәсіпкердің өтініші қаралып, сыбайлас жемқорлық құрамдас бөлігінің мән-жайларын анықтау үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ұсынымдар жолданды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА