Астық сатып алады

Уақыты: 26.12.2023
Оқылды: 484
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Үкіметі қазақстандық аграршылардан астықты тікелей сатып алуға 31,3 млрд. теңгеден астам қаражат бөлді. Бұл ауа райының қолайсыздығынан зардап шеккен фермерлерге көмек болуы мүмкін.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жақында аграрийлерді қолдау үшін резервтен төртінші және бесінші сыныпты, сондай-ақ сыныптан тыс бидайды тікелей отандық ауылшаруашылығы өндірушілерінен мақсатты сатып алуға қаражат бөлінді. Тиісті Қаулыға ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов қол қойды. Қаулы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы егіннің шығыны мен қолайсыз ауа райынан зардап шеккен аграршыларды жедел қолдау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданды. 

Азық-түлік корпорациясы 31 млрд. 375 млн. теңгеге 350 мың тонна бидай сатып алады. Жалпы, еліміз бойынша 16,9 млн. гектар егістікте астық жиналып, жұмыс толық аяқталды. Аграршылар 16,6 млн. тонна астық, оның ішінде 11,5 млн. тонна бидай бастырды. Жиналған өнім ішкі қажеттілікті қамтамасыз етуге және астықтың белгілі бір бөлігін экспортқа жөнелтуге жеткілікті болды. 

Егін жинау кезінде жауын-шашынның мол болуы фермерлерге біраз кедергі келтірді. Яғни, бұл егін жинау жұмысы мен астық сапасына кері әсерін тигізді. Нәтижесінде аталған жағдай ауыл тұрғындарының өсірілген өнімді өткізуіне және шарттар бойынша міндеттемелерді орындауына мүмкіндік бермеген. 
Жалпы, биыл Үкімет агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға барлық көзден 494 млрд. теңге бөлді. Республикалық бюджеттен «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 100 млрд. теңге бөлінген.

Айгүл Байжұмақызы 
Фото: egemen.kz