ТИІМДІ ЖОБА

Уақыты: 29.05.2018
Оқылды: 859
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Кәсіп ашудың қыр-сырын үйрететін «Бастау бизнес» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен басталған болатын. Бұл кешенді оқыту бағдарламасы халыққа кәсіпкерлік негіздерінен бастап маркетинг пен менеджментке дейін үйретеді.

 

   Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту бағытында Балқаш ауданында нақты жұмыстар атқарылуда. Осы мақсатта аудан кәсіпкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Сол себепті «Бастау бизнес» жобасы жүзеге асырылуда. Аталмыш жобаның мақсаты – өзін-өзі қамтып отырған және жұмыссыз тұрғындарды кәсіпкерлікке тарту арқылы аудан халқының экономикалық белсенділігін арттыру. Жоба аясында аудан кәсіпкерлерін жеңілдікпен шағын несиелеу де басты назарда.
   Ауданға арнайы келген бизнес-тренер Мейірман Сауранбеков «Бастау бизнес» жобасы бойынша аудан тұрғындарын кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды бастады. Айлық оқудың ашылуына аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Сейітжан Асылбек және облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Бөріхан Әбдібаев қатысты. Оқу барысында аудан халқына оқу аяқталғаннан кейін шағын несиенің 6 пайызбен берілетіні және шағын несие алу үшін кепілдікке қандай мүлік қойылатыны түсіндірілді. Жоба аясында аудан халқының экономикалық белсенділігін арттыру, шағын және орта кәсіпті дамыту көзделіп отыр.
Осы жерде білім алып, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген азаматтардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар. Олар «Бастау бизнес» жобасы аясында өз ісін бастау үшін шағын несие де ала алады.