Агротуризм дамиды

Уақыты: 10.07.2018
Оқылды: 1221
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы көптеген қоғамдық-азаматтық ұйымдардың өкілдерімен тығыз қарым-қатынас орнатып, мемлекет құрылымына айтарлықтай көмек көрсетуде. Атқарылған іс-әрекет қоғамның әр мүшесінің хал-ахуалын жақсартуға бағытталған. 

Даму бағдарламасына орай экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған жобалар ауданымызда да қолға алынған.  Соның бірі – «Іле – Балқаш аймақтарының жартылай шөлейтті экожүйесі жағдайында экологиялық туризмнің орнықты дамуын» көрсететін жоба «Қайрат» шаруа қожалығының иелігінде. Осыған орай  Миялы ауылында ҚРҮ БҰҰ ДБ ҒЭҚ «Қорғалатын аймақтардың іші мен айналасында биоәртүрлілік пен үйлесімді тіршілікті қамтамасыз ету көздерін ілгерілету арқылы шөлді экожүйелердегі қорғалатын аймақтардың тұрақтылығын арттыру» жобасы аясында «Экотуризм: Іле – Балқаш аймағының шөл және жартылай шөлейтті аумағындағы проблемалар мен даму перспективалары» атты  семинар өтті. 
Семинар Миялы ауылдық Мәдениет үйінен бастау алып, «Қайрат» туристік базасының жобалық аумағында жалғасын тапты. Семинарға аудан әкімінің орынбасары Қанат Ақылбеков, облыстық туризм басқармасына қарасты  туризм орталығының маманы Ақболат Ырымтаев, БҰҰ ДБ жобасының сарапшысы Динара Сабазова, Бақанас орман шаруашылығы мекемесінің директоры Ақшабай  Нұрханов, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Береке Несіпбаев, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Айдархан Түймебаев, Миялы ауылдық округінің әкімі Асқар Мырзахметов  және «Алакөл – Қамқор» ҚБ мүшелері қатысты.  
Аталған жобаның  артықшылығы – инновациялық экология және агротуризмді туризм саласына ендіру және ары қарай дамыту.  Яғни, экотуризм арқылы халықты жүйеленген, жаңаша құрылған туризмге тарту, табиғатты қорғап, аялауға үйрету. 
Бұл жобада аймақтың әлеуметтік сипаттамасы  көзделген. Алдағы уақытта «Қайрат» туристік базасында бірнеше жұмыс орындары ашылмақшы. Демек, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылады. Туристерге жергілікті жерде өндірілген экологиялық таза өнімдер сату халықтың хал-ахуалын жақсартуға оң әсерін тигізеді. 

Айгүл ҚОЙШЫҒҰЛҚЫЗЫ
Балқаш ауданы