Таза өнім технологиясы

Уақыты: 17.07.2018
Оқылды: 1374
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігімен, Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығымен бірлесе отырып, «Органикалық ауылшаруашылығы – экологиялық таза өнімдерді өндірудің негізі» атты тақырыпта халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді. Аталған іс-шараға тек Қазақстанның ғана емес, алыс-жақын шетелдердің кеңінен танымал ғалымдары мен шаруашылық саласында молынан іс-тәжірибе жинақтаған біліктілігі мен шеберліктері шексіздігімен көрінген бесаспап мамандары қатысты.

Қатарынан екі күнге созылған айтулы іс-шарада экологиялық таза өнімдерді өндіру әңгіме арқауына айналды. Бастапқы күні қатысушыларға Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қол жеткізген ғылыми жетістіктері мен көрмелері, зертхана жүйелері, тұқым сақтайтын қоймалары таныстырылды. Сол сияқты институттың барлық егілген дақылы бойынша жайқалып өсіп жатқан егістік алқаптары да көрсетілді. Сонымен қатар, әр алуан тақырыпта белгіленген пленарлық мәжілістер де сол күні жүргізілді. Келесі күні секциялық мәжілістер басталды.
Бес бағыттағы секциялық мәжіліс белгілі ғалымдардың модераторлығымен өтті.  Мәжілісте сөз алған ғалымдар экологиялық таза өнімдерді өндірудің негізіне айрықша тоқталып, оның тиімділігі мен тигізер пайдалы жолдарын ашуға мән берді. Осы орайда ғалымдар мен мамандар өздерінің түйінді ойларын бүкпесіз жайып салды. 
Конференцияның ашылу салтанатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті М. Жұрынов, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Т. Есполов, Белгород ауылшаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры С. Тютюнов, тағы басқа шетелдік танымал тұлғалар құттықтау лебізін білдірді.
Жиналғандардың барынша ден қойғандары пленарлық мәжілістегі баяндамалар болды. Олардың арасынан Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, Серік Кененбаевтың «Органикалық егіншілік – Қазақстандағы агробизнестің серпінді дамуының негізі», В. Докучаева атындағы топырақ институтының директоры, А. Ивановтың «Ресейдегі егіншілік экологиялық тұрақтылықта: жағдайы, проблемасы мен оны шешу жолдары»,  Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҚР ҰҒА академигі Т. Есполовтың «Қазақстандағы органикалық егіншілік жайы мен келешегі және оның дамуы», Ресейдегі Омск аграрлық ғылыми орталығының бас ғылыми кеңесшісі И. Храмцовтың «Сібірдегі ауылшаруашылығындағы органикалық дамудың ғылыми негіздері», сондай-ақ, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты астық мәдениеті бөлімінің бас ғылыми қызметкері, биология ғылымының докторы, профессор, академик Р. Оразалиевтың, Ресейдегі К. Тимирязев атындағы геология және ландшафтану университеті топырақтану кафедрасының меңгерушісі В. Кирюшиннің, Қырғызстаннан К. Скрябин атындағы Қырғыз ұлттық аграрлық университетінің меңгерушісі У. Качибековтың, сол сияқты Қытай, Моңғолия ғалымдарының жасаған баяндамалары байыптылығымен көпшіліктің көңілінен шығып жатты. Сөйтіп, Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция қатысушылардың мерейін үстем етті.

Қанат ТӘКЕБАЕВ,
журналист