ЖЫЛЫЖАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Уақыты: 15.01.2019
Оқылды: 2083
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   «Ecoculture Fields» компаниясының Елтай ауылдық округіне қарасты Қаратөбе ауылының маңында бой көтерген өндірістік жылыжай кешенінің ашылу салтанаты өтті. Шарада Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев пен облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Мақсұт Жапаров игілікті істің бастауында тұрған азаматтарға ізгі тілектерін жеткізді. 

 

   «ҚазАгроҚаржы» АҚ Алматы қаласындағы филиалының директоры Олжас Нышанбаев, «Ecoculture Fields» ЖШС директоры Данияр Абдулгафаров жылыжайдың ашылуымен құттықтады. Ал Елтай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Қалида Қосшығұлов ақ батасын берді. Жандарбек Ермекұлы өз сөзінде аталған жобаның артықшылығына тоқталып, аудан бюджетіне қосатын қомақты үлесін жеткізді. Бұл кәсіпорынның бой көтеруіне  «ҚазАгроҚаржы» АҚ 2 143,1 млн. теңге қаржы бөліп, шығынның 70 пайызын қамтамасыз еткен.
    Мақсұт Рамазанұлы биыл облыс бойынша 6 жылыжайдың ашылғанын айтып, соның ішінде аталмыш нысанның ең ірі жоба екенін сөз етті. Жылыжай директоры Данияр Абдулгафаров қаржылай көмек көрсеткені үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ басшылығына алғысын білдірді. Жалпы құны 2 673,3 млн. теңге болатын жылыжай кешені 4,1 гектар жерге орналасқан. Мұнда негізінен голланд технологиясы қолданылса, қызанақ пен қияр сұрыптарының тұқымы Израильден жеткізілген. Тамшылатып суару әдісімен жұмыс істейтін жылыжайдың өз жылу қазандығы бар. Құрылысы 3 жылға созылған заманауи ірі кешенде, сондай-ақ, тәжірибе ретінде қауын, қарбыз өсіру қолға алынып отыр.
   2013 жылы Қаратөбе ауылы маңында голланд раушанын өсіруге бағытталған жылыжай кешенін салдық, – дейді Данияр Қабдинұлы. – Сол кезде елде алғашқылардың бірі болып кене, қандала, ара сияқты жәндіктерді ауылшаруашылығы зиянкестерімен күресуге пайдалануды тәжірибеге енгіздік. Бұл жәндіктер адам үшін қауіпті емес. Олар көзге түспейді. Тірі жәндіктерді зиянкестер шоғырланған жерге орналасырса жеткілікті. Әрине, бұған қажетті биозертхананы қаржыландыру қымбатқа түскенімен өзін екі есе ақтайды. 
2018 жыл компания үшін табысты болды. Олар ірі жылыжай кешені құрылысын аяқтаумен қатар сыйымдылығы 3,5 мың тонналық өндірістік тоңазытқышты пайдалануға берді. Мұның сыртында Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан алма бағынан 5 мың тонна алма жинауға қол жеткізді. Ал, жаңа жылыжайдың әр шаршы метрінен жылына 60 келі қызанақ пен қияр жиналады деп күтілуде. 
   Кәсіпорын келесі жылы толық қуатында жұмыс істей бастайды. Жетпістен аса адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған жылыжайдан жылына 2700 тонна өнім жиналады деп күтілуде.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
Қарасай ауданы