ЕҢ ТӨМЕНГІ ЕҢБЕКАҚЫ ӨСУДЕ

Уақыты: 18.01.2019
Оқылды: 1243
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес Сарқан ауданында ең төменгі жалақы алатын жұмыскерлердің еңбекақысын көтеру бойынша мекеме, ұйымдарда, кәсіпкерлер арасында, меншік нысанына қарамастан барлық ұжымдарда түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.

 

   Өткен жылдың 14 қарашасында аудан әкімінің өкімімен жалақылары төмен жұмыскерлердің еңбекақысын қайта қарау бойынша аудандық штаб құрылған болатын. 
– Аудан әкімінің орынбасары Ғалымжан Маманбаевтың төрағалығымен штабтың екі отырысы өтті. Жаңа жылдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне өзгертулер енгізілді. Қазіргі таңда, штаб құрамы анықтағандай, аудандағы 449 жауапкершілігі шектеулі серіктестікте, шаруа қожалықтарында және жеке кәсіп иелері ұжымдарында 2249 жұмыскердің еңбекақы көлемін жоғарылату жоспарланған, – деген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нұржан Әділова осы мақсатқа қол жеткізу үшін аталған ұжымдардың басшыларымен кездесулер өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтты. Сарқан ГЭС-інің атқарушы директоры Абулхақ Курмаев болса: «Біздің ұжымдағылар 70-100 мың теңге аралығында жалақы алады. Жаңа жылдан бастап жұмысшылардың кейбір санаттарының жалақыларын арттыруды көздеп отырмыз. Жыл сайын өндіріс қуатын арттыру нәтижесінде жалақыға үстеме қосуға мүмкіндік берілуде», – деді.
   Мардымсыз жалақы бірқатар салаларда әлі де кездеседі. Жалақыны өсіру арқылы Елбасы Жолдауының талаптарына сай жұмыс атқаруға тиісті мекеме-ұйымдардың талпынысы аудандық штабтың тұрақты назарында.

Жомарт ИГІМАН.