КҮНБАҒЫС - ЕЛДЕ ӨСІРІЛЕТІН НЕГІЗГІ МАЙЛЫ ДАҚЫЛ

Уақыты: 20.01.2019
Оқылды: 3254
Бөлім: ЭКОНОМИКА

   Отандық майлы дақылдар мен өсімдік майының өндірісін дамытудың маңызы зор. Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру саясатының арқасында елде соңғы 5 жылда майлы дақылдардың егістік көлемі басқа дақылдармен салыстырғанда 193,6 мың гектарға ұлғайды.

 

   Алдыңғы жылғы санақ бойынша майлы дақылдардың жалпы егістік көлемінің 37 пайызын күнбағыс дақылы иеленді. Яғни, егіс алқабы 2372,8 мың гектарды құрайды. Жалпы өнімнің жиынтығы 409,0 мың тоннадан 534,0 мың тоннаға дейін артты, оның 86 пайызы ішкі тұтыну үшін пайдаланылады. Өсімдік өнімдерінің импорт көлемі ұлғаюына байланысты жаңа немесе бұрыннан белгілі карантиндік организмдер анықталады. Әсер ету сапасын кеңейте отырып, бұл зиянкестер мен өсімдік аурулары ел экономикасына үлкен зиян келтіреді. 
   Ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін карантиндік және бөтен текті организмдер түрінен болатын қауіп басты қиындықтың бірі. Анықталған жағдайда көптеген шығынды мұқтаж етеді. Бірлескен және тиімді  әрекеттерді жүргізу фитосанитарлық жағдайды қамтамасыз ету мәселесін шешудің бір негізі. Карантиндік нысандар мен бөтен текті түрдің елге еніп кетпеуі мен таралуының алдын алу мақсатында Алматы дәнді дақылдарды жерсіндіру (ин- тродукциялық) карантиндік көшеттігінің орны бөлек. Көшеттіктің басты мақсаты – импорттық тұқымдық өнім үлгілерінде жасырын түрде сақталып қалған карантинді организмдерді анықтау және дер кезінде хабарлау.
   Елге былтыр күнбағыс дақылының тұқымы Франция, Қытай, Түркия, Сербия және Ресей сияқты әлемнің әртүрлі елінен келіп, көшеттікте 18 сорт үлгілерінің фитосанитарлық жағдайы тексерілді. Сорт үлгілерінің өсіп, даму кезеңінде күнбағыстың альтернариозы (Alternaria helianthi), ақ тат ауру қоздырғышы (Albugo tragopogonis) анықталып, жаз мезгілінің жаңбырлы күндерінде гүлдену кезеңінде күнбағыстың фомоз (Phoma macdonaldi) және сұр шірік (Botrytis cinerea) ауру қоздырғыштарымен жалпы залалданғаны анықталды. Франция және Ресей елдерінен келіп түскен күнбағыс сорт үлгілерінің жапырақ пен сабақтарында бактериялық шірік (Erwinia carotovora) және вирусты мозаика ауруларының белгілері табылды. 
   Сонымен қатар, күнбағыс дақылына жергілікті өсімдік зиянкестері зиян келтірді. Олар – жеміс-жидек қандаласы (Dolycoris baccarum), швед шыбыны (Chloropidae), қызыл жасақшы қандала (Pyrrhocoris apterus) және күнбағыс көбелегі (Schinia scutosa). Күнбағыс дақылының қазіргі кезде жаппай таралып келе жатқан карантинді ауру қоздырғышының бірі (суретте) – күнбағыстың фомопсисі (Phomopsis helianthi). Өсімдік ауруы бастапқы кезеңінде жергілікті өсімдік ауруы түріне (күнбағыстың альтернариозы) ұқсайды, ауру қарқынды дами келе күнбағыс собығы морт сынып, ауру қоздырғышы жаппай таралады. 
Зерттеу нәтижесін қорыта келе карантиндік көшеттігіне келіп түскен күнбағыс дақылының сорт үлгілерінен карантиндік және бөтен текті организмдер анықталған жоқ. Импорттық тұқымдық материалдарды алдын ала тексеру – зиянды организмдердің енуіне жол бермеудің негізгі мақсаты. Карантинді ауру қоздырғышының белгілері байқалған жағдайда заңды және жеке тұлғалар жергілікті өсімдік карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторларға немесе карантиндік зертханалардың қызметіне жүгінуіне болады.  

З. ИМАНҚҰЛОВА, 
Алматы дәнді дақылдарды жерсіндіру (интродукциялық) – карантиндік көшеттігі директорының міндетін атқарушы, 
Б. ҚҰРМАНӘЛІ, 
бас фитопатолог, магистр