"ТЕХНИКАНЫҢ БӘРІ ЖАРАП ТҰР": КАРАНТИН КӨКТЕМГІ ЕГІС ЖҰМЫСЫНА КЕДЕРГІ ЕМЕС

Уақыты: 29.04.2020
Оқылды: 941
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазіргі таңда ауылды жерде өз кәсібін ашып, шаруасын дөңгелентіп отырған жандар жетерлік. Ауыл жұртының басым бөлігі мемлекеттік бағдарлама көмегімен мал басын көбейтуді қолға алды. Соның бірі Айту би ауылдық округіне қарасты «Молдабаев» шаруа қожалығы.

Мұхтар Молдабаев басшылық ететін аталмыш шаруа қожалығы 2002 жылы құрылған. Қарамағындағы 5 гектар жерге жоңышқа, арпа, жүгері егетін. Қолындағы азын-аулақ қой-ешкінің төлін 70 басқа дейін көбейтіп, қайта сатып, отбасын асырады. Әйтсе де, ірі қара мал басын көбейтіп, еті мен сүтін сатуға қаражат қолбайлау болып жүрді. Газет-журнал оқып, мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктерге құлағын түре жүретін көзі ашық азамат көп ұзамай «Бастау» жобасы жайлы естиді. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты – «Бастау» жобасына қатысу үшін ниет білдірген Мұхтар Әуесханұлы аудандық кәсіпкерлер палатасына жолығып, бағдарламаға қатысуға ниет білдіреді. Кәсіпкерлік негіздерін үйрену мақсатында 25 күн көлемінде арнайы курс оқып, сертификат алады. Аудандық комиссия алдында бизнес-жобасын сәтті қорғап, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ аудандық филиалы арқылы 6 пайызбен  4,5 миллион теңге көлемінде несие алады. Осы қаражатқа 25 бас етті, сүтті бағыттағы ірі қара малын сатып алады. Малының басым бөлігі қазақтың ақ бас сиыры. Қазір ірі қара мал саны өсіп, бұзау-торпақпен қоса санағанда отыздан асты. Бес-алты жылқысы бар.

– Мал басын көбейту мақсатында мемлекеттік бағдарламамен жеңілдетілген несие алдым. Бұл ауылда мал ұстап, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған адам үшін аса тиімді әрі пайдалы бағдарлама. Ауыл халқының жағдайын жақсартып, тұрмысын түзеуге берілген зор мүмкіндік, – дейді кәсіпкер Мұхтар Молдабаев.

Ол мал азығын қамтамасыз ету мақсатында қосымша 10 гектар жерді жалға алып отырғанын айтады. Бұл жерге малға қажетті арпа, жүгері екпек. Мұхтардың малы қыстан күйлі болып шықты. Ауылдағы жайылымға жайылады. Қысқы азыққа бірнеше тонна жем, 2000 дана тайланған шөп, 100 дана орама шөп дайындаған. Көктемде жер жыртуға МТЗ-80 тракторы бар, соқа, тырмасы түгел. Көп ұзамай мал азығына қажетті дақыл егуді жоспарлап отыр.

– Мал басы артқан соң ауыл сыртынан жер алып, шаруашылығымды кеңейтсем деймін. Малдың сүті мен етін сатуға шығарып, ауылдың дамуына өз үлесімді қосқым келеді. Ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан беріліп жатқан жеңілдікті пайдаланса, құба-құп болар еді, – дейді шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Әуесханұлы.

Біз мемлекеттік бағдарлама арқылы қорасы малға толып қалған азаматтың еңбекқорлығы мен алға ұмтылысына сүйсіндік. Еңбегіне жеміс, толайым табыс тіледік. 

Асхат ӨМІРБАЕВ

Қаратал ауданы

***

Облыс орталығынан ең шалғай орналасқан Райымбек ауданында да көктемгі егіс жұмыстары қауырт жүргізіліп жатыр. Биыл таулы өңір бойынша 10 мыңға тарта гектар алқапқа дәнді дақыл себіліп, 6 мың гектар жерге картоп отырғызылады. Қазіргі таңда жерді айдау, тырмалау, оның артынан уақыт оздырмай тұқым себу жұмыстары ұштастырыла жүргізілуде.

Көктем егісінде аудандық мәслихаттың депутаты Самат Мүсірбаев басқаратын «Сарыжаз» кәсіптік-техникалық колледжінің орны бөлек. Таулы өңірдегі шаруа қожалықтарына жүргізуші, механизатор, дәнекерлеуші, тағы да басқа ауылшаруашылығына қажетті мамандарды дайындайтын колледждің өз қарамағында егістік суармалы жері бар. Әйгілі «К-700» маркалы тракторы бастаған «МТЗ-80» маркалы бірнеше тракторы көктем егісіне қатысады. Биыл да сол үрдіс жалғасуда. Колледждің ұжымы биыл 100 гектар жерге берері көп арпа тұқымын себеді.

Оның сыртында, 20 гектар алқапқа картоптың «Санте», «Агрия» атты супер элиталық тұқымы отырғызылмақ. Қазір осы мақсатқа арналған алқаптар жыртылып, тырмақталып дайындалуда. Колледждің жер жыртуға, тырмақтауға, өңдеуге, дәнді дақыл себуге, картоп отырғызуға және күтімілдеуге арналған барлық агрегаттары бар. Аталған трактор, техникалармен студенттер практикалық дәрістерін өткізеді. Көктемгі, күзгі егіс жұмыстарына қатысып, білімдерін толықтырады, тәжірибелерін кеңітеді.

– «МТЗ» маркалы тракторларымыз бен егіске қажетті техникаларымыздың бәрі жаңа. Іске жарамды. Студенттерімізге де берері көп. Біздің ұжым дәл осындай қауырт науқан кезінде өңірдегі шаруа қожалықтарына да қолдау, көмектерін тигізеді, – дейді Сарыжаз кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Самат Мүсірбаев.

«Көктемнің әр күні – жылға азық» деген қанатты сөз бұрыннан бар. Сындарлы шақта бірлесе, ынтымақтаса атқарған істің де берері, түп нәтижесі жаман болмайды. Ендеше, іске сәт дейміз!

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

***

Жарияланған карантин көктемгі егіс науқанын жүргізуге кедергі болмауы керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аграрлық сала қызметкерлерінің алдына осындай міндеттер жүктеді. Осы бағытта мемлекет тарапынан бұрын-соңды болмаған ауқымды шаралар қабылданып, Үкімет пен әкімдіктерге нақты тапсырмалар  берілді.

Атап айтар болсақ, ауылшаруашылығына қолдау көрсету мақсатында 5 пайыздық үстемемен 70 млрд. теңге бөлінсе, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 6 пайыздық үстемемен тағы 100 млрд. теңге бөлу қарастырылып отыр.  Сонымен бірге, дала жұмыстарын тоқтаусыз жүргізу үшін қажетті арзан дизель отыны шаруаларға жеткізіле бастады. Мемлекеттің мұндай қолдауы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз.

Осы орайда біз Қарасай ауданында орналасқан «Агропарк Оңтүстік» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Жанболат Әлішеровтан көктемгі егіс науқанының барысы жайлы сұраған едік.

– Біздің агропарк ауылшаруашылығы саласында түрлі бағытта жұмыс жасайтын бес ғылыми-зерттеу институтының бірігуімен «Қаскелең» тәжірибе шаруашылығы негізінде құрылған болатын, – дейді ол өз сөзінде. – Ұжымға тиесілі 2500 гектар алқапта күздік бидай мен арпа, жаздық бидай, бұршақ және майлы дақылдар, көпжылдық шөп өсіріліп келеді. Ылғал сақтаудың және суарудың озық технологияларын пайдалана отырып, өзімізде әзірленген және шетелдерден жеткізілген мол өнім беретін тұқымды пайдалану дәстүрге айналған.

Шаруашылықта дала жұмыстарын жүргізуге қажетті техника да жетерлік екен.  Бүгіндері мұнда «МТЗ – 95» және «МТЗ – 80» тракторлары, жаңа үлгідегі тұқым сепкіш сеялкалар, соқалар мен қопсытқыштар пайдаланылады. «Jon Deer” және «GLAAS MEDION» сияқты үздік үлгідегі комбайндар күзгі егіс науқанына сақадай сай тұр. Демек, еліміз бойынша тәжірибелік жағдайда асыл тұқымды өнім өндірумен айналысатын шаруашылық биыл да алға қойған міндеттерін толықтай орындап шығады деуге негіз бар.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

Қарасай ауданы

***

Жамбыл ауданында жемшөп қоры былтыр жеткілікті мөлшерде дайындалғандықтан төрт түлік қыстан қысылмай шықты. Биылғы қыс бәрінен бұрын шалғайдағы жайылымдарда қыстатылған малға қолайлы болды.

Қазір ауданда көктемгі төл алу науқаны қызу жүріп жатыр. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы Дүйсенәлі Еңкелешевтің айтуынша, бұл шаруа ауыл-ауылда ойдағыдай атқарылуда. Күтімге алынған буаз малдың күйі жақсы. Аудан бойынша 54 мыңнан аса сиыр осы жылы төлдемек. Одан бүгінге дейін 23 мыңға жуық бұзау алынды. Жылқы ішіндегі 15 133 бас биенің 5 мыңнан астамы құлындап үлгерді. Екі жылда бір боталайтын 774 інгеннің соңынан 150 бота ерді.

Аудандағы 710 мың бас қой-ешкінің 364 600-і саулық. Содан бүгінде 200 мыңнан аса қозы-лақ алынды. Мал саны көп шаруашылықтар бұл науқанға қосымша жұмыс күшін тартуда. Мәселен, шалғайдағы Жартасты жайылымының Үшқұдық қыстауында мал қыстатқан «Мұрынбай» шаруа қожалығында биыл 3200 бас саулық төлдетілуде. Үңгіртастағы «Мәлік» шаруа қожалығы 2800 бас саулықтан қозы алмақ. Ал Қазыбек бек бекетіндегі «Ер Күрті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 11 мыңнан аса саулық бар. Төл алу ісі осындай 380 ірі шаруашылықта ұйымшылдықпен өтуде. Ауыл ішінде азды-көпті тұяқ ұстайтын жеке шаруалардың ауласында да мал төлдеп, қорадан қозы-лақтың шуы естіледі.

Жыл басындағы мәлімет бойынша ауданда барлығы 710 383 бас қой-ешкі, 35 078 бас жылқы, 111 106 бас ірі қара, 1904 бас түйе бар. Сала бойынша өткен жылы 19 584 тонна ет, 44 131 тонна сүт, 86 млн. 280 мың дана жұмыртқа өндірілді.

Серік САТЫБАЛДИЕВ

Жамбыл ауданы

***

Жол түсіп Талас ауылына барғанда ақтылы қой өсіріп, кәсібінің нәсібін көріп отырған Алтай Құдабаевқа жолыққан едік. Әңгіме барысында іскер азамат «Бек» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігімен таныстырды.

Тынымды еңбектің арқасында қожалықтың жұмысы жандана түскен. Бүгінде екі жүзден аса қой, отыздан аса сиыр мен жүзден аса жылқы, оның ішінде аналық бастар да бар. Шаруа қожалығында ауылшаруашылығына қажет техника да жеткілікті. Мәселен, «МТЗ-80», «ХИНДЖУ-20» маркалы техникалар үздіксіз жұмыс атқарады. Бүгінгі таңда үш адамды жұмыспен қамтып отырған аталмыш шаруа қожалығының шаруасы ілгері басып келеді. 

Қожалық иелігінде 510 гектар жер бар. Оның 11 гектары суармалы алқап болса, 32 гектары шабындық жер, ал 58 гектары егістік, қалған 370 гектары мал жайылымына арналған. Шаруа қожалығының иесі алдағы кезде жұмыс ауқымын кеңейтуді ойлап отыр. Мәселен, ол мал басын көбейтіп, тұяқтан-тұяқ өрбітуді оңды жолға қоймақ. Оған бұл қожалықтың мүмкіндігі жетеді.

Елдос АХМЕТЖАН

Талас ауылы,

Райымбек ауданы

Алматы облысы