КЕГЕН АУДАНЫНДА КҮЗГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ 50 ПАЙЫЗЫ АЯҚТАЛДЫ

Уақыты: 23.09.2020
Оқылды: 1047
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Кеген ауданындағы Қарқара ауылдық округінде күзгі дала жұмыстары сәтімен сабақтасып, қорытындыланар шағы да таяу қалды. Округ аумағындағы 510 гектарда арпа орылуда. Жалпы, алтын орақтың 50 пайыз жұмыстары аяқталды.

Қазірге әр гектарға шаққанда 20 центнерден өнім алынып, қоймаларға жөнелтілуде. Өңір бойынша 15 мың тонна мал азығын дайындау жоспарланса, соңғы апталарға дейін 12 мың тонна шөп дайындалды.

Қарқараның құнарлы топырағына 420 гектар картоп отырғызылған еді. Әзірше картоп қазу жұмысы бастала қойған жоқ. Өңірдегі 11 гектар қызылша мен 9 гектар сәбіздің де жайы жақсы. Қарқара ауылдық округінде дәнді дақыл оруды, мал азығын дайындауды сәтімен жүргізіп жатқан құрылымдар аз емес.

Атап айтқанда, Сағат Оразбаев басқаратын «Дүйсен» шаруа қожалығы, Серікбай Нұрлыбаев жетекшілік ететін «Қарқара өнімдері» ЖШС, Амантай Әкебаев басқаратын «Көлсай құрылыс» ЖШС және Оразалы Омаров, Ыбырайым Нүптекеев жетекшілік ететін «Мәди», «Алға» шаруа қожалықтары көш бастап тұр. Бірер аптаның ішінде астық ору мен мал азығын әзірлеу жұмыстары толығымен аяқталмақ. Өңірде дән де, мал азығы да жақсы. Диқандар көңілі орнында.

Қанат САТЫБАЛДЫҰЛЫ

Кеген ауданы