ҮКІМЕТТЕ АҒАШ ОТЫРҒЫЗУДЫҢ КЕШЕНДІ ЖОСПАРЫН ӘЗІРЛЕУ ТАПСЫРЫЛДЫ

Уақыты: 14.12.2020
Оқылды: 975
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Бұл жолғы Үкімет отырысында ағаш отырғызу, орманды қалпына келтіру, табиғатты қорғау мәселелері қаралды. Сонымен бірге, биылдың он бір айындағы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен республикалық бюджеттің орындалу жағдайы қаралды.

Экономика мен банк саласының жай-күйі, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, өнеркәсіп пен энергетика секторындағы ахуал және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағалары туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндады.

Белгілі болғанындай, өткен он бір айдағы елдің экономикалық дамуы қалыпты. Өңдеу өнеркәсібі, оның ішінде азық-түлік өнімдері, фармацевтика, қағаз және дайын металл бұйымдарының өндірісі, машина, оның ішінде автомобиль жасау, жеңіл өнеркәсіп салаларында өсім бар. Сонымен бірге, құрылыс қарқыны артып, тұрғын үйді пайдалануға беру жұмыстары жақсарған.

Ауылшаруашылығында да тұрақты өсім байқалады. ҚР алтын-валюта резервтері және Ұлттық қордың активтері 1 қарашадағы жағдай бойынша $89,9 млрд.құрады. Темір кенін және өзге де пайдалы қазбаларды өндіру секілді тау-кен секторының маңызды бағыттары бойынша оң динамика сақталуда. Қызмет көрсету секторы жандануда.

Сауда және байланыс салалары бойынша іскерлік белсенділіктің өсуі тіркелген. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин: «Елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру, сондай-ақ, оны одан әрі сақтау экономиканың өсуін жақсартуға айтарлықтай ықпал етеді», – деді.

Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстары, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалалары негізгі 7 көрсеткіштің 5-еуі бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті. Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында және Алматы қаласында 4 көрсеткіш бойынша оң динамикаға қол жеткізілді.

Үкімет басшысы, сондай-ақ, Павлодар, Түркістан, Ақтөбе облыстарындағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқынының артқанына назар аударды. Бағаның ең төмен өсімі Ақмола, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. «Өңірлердің әкімдері әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен тарифтердің бағасын тұрақтандыру бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Бұл жұмысқа қажетті құралдар бар. Баға мәселесі тұрақты бақылауда болғаны жөн», – деді Асқар Ұзақбайұлы. Үкімет басшысы бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды 100 пайыз орындау, сондай-ақ, жыл соңына дейін бюджет қаражатын толық әрі тиімді игеру қажет екенін айтты.

Екінші мәселе бойынша ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, тағы бірқатар облыс әкімдері баяндады.

Мемлекет басшысы бес жыл ішінде орман қорында 2 млрд.түп ағаш және елді мекендерде 15 млн.түп ағаш отырғызу міндетін қойды. Бұл Қазақстан 2018 жылы қосылған «Бонн шақыруы» жаһандық бастамасы аясында орманды көбейтуге және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. ҚР «жасыл» қорының өсімін қамтамасыз ету үшін осы айда Үкімет өсімдік әлемі объектілерін сақтау және ұтымды пайдалану мәселелері жөніндегі заң жобасын Парламентке енгізеді. Ол жасыл желектерді пайдалану кезінде заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, сондай-ақ, бұл орайдағы қатынастарды реттеуге бағытталған.

Әкімшілік және Қылмыстық кодекстерге ағаштарды заңсыз кескені үшін жауапкершілікті күшейтетін түзетулер әзірленді. Сонымен бірге, кесілген ағаштардың орнына өтемдік ағаш отырғызу нормаларын ұлғайту көзделген.

Үкімет басшысы Экология, Ауылшаруашылығы, Индустрия, Қаржы министрліктеріне өңірлердің әкімдіктерімен бірлесіп, екі ай мерзімде ормандарды қалпына келтіру және ағаш өсірудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Аймақтардың әкімдіктеріне елді мекендер мен мемлекеттік орман қорындағы жасыл желектерді мониторингілеу, түгендеу, олардың жай-күйі мен пайдаланылуын бақылау, орман қорғау қызметтерін материалдық-техникалық және кадрлық жарақтандыруды нығайту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"