Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ТОЗҒАН МОНОҚАЛАЛАР. ПРЕЗИДЕНТ ЕҢ ӨЗЕКТІ ПРОБЛЕМАЛАРДЫ ЖАЙЫП САЛДЫ

Уақыты: 05.11.2021
Оқылды: 1565
Бөлім: САЯСАТ

«Моноқалалардың экономикасын әртараптандыру айрықша маңызды. Басқа да салаларды дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашу аса өзекті мәселе. Бізде әлі күнге дейін моноқалаларды өркендетуге қатысты нақты ұстаным мен ортақ пікір жоқ. Соның салдарынан мемлекеттік қолдау шаралары тиімсіз атқарылуда. Моноқалалардағы инженерлік инфрақұрылымның жай-күйі нашар. Су құбырлары мен кәріз желісінің тозуы орта есеппен 61 пайызды құрайды. Ал Арқалық, Балқаш, Шахтинск, Теміртау қалаларында тіпті 90 пайызға дейін жеткен. Жылу және электр тарату желілері орта есеппен 55 пайызға тозған. Кей қалаларда бұл көрсеткіш 85 пайыз. Ал автомобиль жолдарының 40 пайызы қанағаттанарлық күйде емес». Бұл туралы Павлодар облысы Екібастұз қаласына жұмыс сапарымен барып, елдегі моноқалаларды дамытуға қатысты селекторлық кеңес өткізген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ айтты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Өздеріңізге мәлім, Қазақстанда 89 қала бар. Соның 27-сі немесе 30 пайызы моноқалалар. Онда 1 млн. 400 мың адам тұрады. Бұл халқымыздың 8 пайызы. Қазір моноқалалар экономикамызды дамытуға едәуір үлес қосып отыр. Олар өндірістік өнеркәсіп өнімдерінің 40 пайызға жуығын өндіреді. Мұнай-газ, металлургия, химия өнеркәсібі және энергетика саласында ірі кәсіпорындарымыз сонда шоғырланған», ­– деді. Мемлекет басшысы, сондай-ақ, елдегі моноқалаларда оң шешімін таппай келе жатқан түйткілдердің аз еместігін, әлеуметтік-экономикалық және экологиялық мәселелердің де бар екенін атап өтті. Осыған байланысты жиында моноқалаларды әлеуметтік-экономикалық дамытудың басты ұстанымдары пысықталды.

Қасым-Жомарт Кемелұлы кеңеске қатысушылардың баяндамаларын тыңдағаннан кейін моноқалалардың өзекті проблемаларына егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, Президент осы елді мекендерге қатысты мемлекеттік саясатты жедел түрде қайта қарау қажет екенін айтты. Сондай-ақ, Қазақстандағы моноқалалардың дамуын орнықты экономикалық өсімнен қатты тұралап қалуға дейінгі деңгейде салыстыра отырып, олардың даму перспективалары әртүрлі екенін атап өтті. Айтуынша, кейбір моноқалалар нарыққа бейімделіп, экономикасын әртараптандыра алған. Осы орайда, Кентау мен Екібастұз, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының моноқалалары мысал ретінде айтылды. Бұл ретте Президент оң даму көрсеткіштері бар мысалдардың көп емес екенін атап өтті.

Президент моноқалалардағы халық санының азаюы проблемасына назар аударды. Белгілі болғандай, соңғы жылдары моноқала тұрғындары, соның ішінде, әсіресе, жастардың облыс орталықтары мен басқа қалаларға көшуі жиілеген. Мәселен, 1999 жылдан бері моноқалалардағы тұрғындар саны 2 есеге төмендеген.

Мемлекет басшысы даму әлеуеті бар моноқалаларға қоныс аударушыларға жеңілдетілген ипотекалық бағдарлама әзірлеуді тапсырды. Осыған байланысты: «Отбасы» банкі инструментарийінде мұндай азаматтарға бастапқы жарнасы 10 пайыз және сыйақы мөлшерлемесі 2-ден 5 пайызға дейін болатын жеңілдетілген ипотека бағдарамасын қарастыру қажет. Үкіметке әкімдіктермен бірге бұл бастаманы жан-жақты пысықтау керек», – деді Президент. Сонымен бірге, даму әлеуеті төмен моноқала тұрғындарының өңіраралық қоныс аударуын ынталандыру іс-шарасын әзірлеу қажеттігін, бұл бастама азаматтардың болашағы бар қалаларға өз еркімен қоныс аударуына себеп болатынын атап өтті.

– Жалпы, моноқалаларды дамытуда теңгерімнің жоқтығы айқын көрінеді. Моноқалаларды әлеуетіне қарай негізгі үш топқа бөлген жөн деп санаймын. Бұл мәселеде мейлінше прагматик болу қажет. Өзімізді-өзіміз алдауға және тұрғындарды шатастыруға хақымыз жоқ. Қандай да бір қаланы қолдау шаралары дұрыс жасалған талдауға тікелей байланысты, – деді Президент. Мемлекет басшысы Үкіметке әкімдіктермен бірлесе отырып, барлық моноқалаға тиісті талдау жасауды тапсырды. Онда әзірленіп жатқан  Аумақтың даму жоспары мен Өңірлерді дамыту жоспарларыескерілуі тиіс. Бұл жұмыс келесі жылдың 1 наурызына дейін аяқталуы тиіс.

Президент шалғайдағы ірі моноқалалар мен еліміздің өзге аймақтары арасындағы стратегиялық көліктік байланыстарды қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті.

– Мен «Нұр-Сұлтан – Алматы» тасжолының құрылысын 2023 жылы аяқтауға тапсырма бердім. Бұл жол – Балқаш қаласының әлеуетін айтарлықтай арттырады. Еліміздің Солтүстігі мен Оңтүстігі арасындағы қарқынды жүк тасымалы, халықаралық транзит, сондай-ақ Балқаш көліне қарай ағылған туристердің легі оның ұзақ мерзімді экономикалық өсімін қамтамасыз етеді. 2024 жылы Жезқазған – Қызылорда тасжолының құрылысы аяқталуға тиіс. Бұл Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының сауда-көлік байланысын күшейтуге және жүк транзитін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Кемелұлы моноқалалардың экономикасын әртараптандыруға, шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған негізгі жобалардың маңызды рөліне тоқталды.

– Үкімет құны 2 триллион теңге болатын 79 жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл 20 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бірақ, үш моноқалада негізгі жобалар тоқтатылса, Ақсай қаласында бұл жобалар толық іске асырылмаған. Бұл ретте Текелі, Хромтау, Рудный, Ақсай қалаларында жағдай мәз емес. Тұрақты жұмыс істеп тұрған негізгі жобалардың шамамен 75 пайызы 2017 жылға дейін іске қосылған. Бүгінде моноқалалар бойынша ұсынылған 30 жоба әзірге жоспар күйінде қалып отыр. Олардың басым бөлігінің жоспарлануы он жыл бойы созылып келеді. Ақмола, Ақтөбе және Алматы облыстарында мүлде жоба жоқ. Батыс Қазақстан облысында бір ғана жоба жоспарланған. 19 жаңа жобаның 14-і немесе 75 пайызға жуығы Павлодар және Қарағанды облыстарына тиесілі, – деді Мемлекет басшысы.

Президент моноқалаларға жақын жерлердегі жер қойнауларына геологиялық зерттеу жүргізу басты міндеттің бірі екенін айтты.

– Ең алдымен, Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау және Балқаш моноқалаларының аумақтарындағы перспективасы бар 7 учаскеге көңіл бөлген жөн. Жезқазған мен Сәтбаев қалаларының маңында мыстың игерілмеген ірі кен орындары бар. Салық тәртібі қолайлы әрі тұрақты болса, жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық барлауды белсенді жүргізуге және кен орындарын игеруге дайын. Бұл көптеген моноқалаға жаңа өмір бастауға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы. Сондай-ақ, ол еліміздің отын энергетикалық орталығы саналатын Екібастұз қаласын дамыту стратегиясына арнайы тоқталды.

– 2023 жылы МАЭС-1 энергоблоктарын жаңғырту жұмыстарын аяқтау өте маңызды. МАЭС-2-нің үшінші блогының құрылысын аяқтау қажет. Жұмыс созылып кетті. Алдымызда электр қуатының тапшылығына қатысты мәселе туындайтыны байқалады. Құрылысты 2024 жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, – деді Президент.

Басқосуда тағы бірқатар өзекті мәселелерге назар аударылды. Соның бірі – инфляция деңгейінің артуы.

– Биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 10,4 пайызға қымбаттады. 9 айдың қорытындысы бойынша инфляцияның жалпы өсімі 8,9 пайызды құрады. Егін жинау науқаны аяқталғанымен, көкөністердің бағасы шарықтап тұр. Басқа да азық-түлік тауарларының бағасы қымбаттап барады. Менің тапсырмам бойынша делдалдық әрекеттерді анықтау жөніндегі аймақтық комиссиялар құрылды. Ал, шын мәнінде, ештеңе істелмеген. Нәтижесін мен де, халық та көріп отырған жоқ. Президент Әкімшілігі осы мәселені зерттеп, бір апта ішінде есеп беруі керек, – деп мәлімдеген Мемлекет басшысы Үкіметке инфляцияны 8,5 пайыз шегінде сақтауды тапсырды.

Жиында еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға да көңіл бөлінді.

– Халыққа екпе салу жоспарының тек үштен бір бөлігі орындалуда. Әлемде толассыз анықталып жатқан жаңа штаммдарды ескере отырып, мұның дұрыс емес екенін айтуға тиіспіз. Мемлекеттердің басым бөлігі тұрғындарға вакцинаны қайта салуға кірісіп кетті. Екпе егуді наурыз айында қолға алғанымызды ескере отырып, біз үшін де қайта вакцина салу уақыты келді деуге болады. Үкімет пен әкімдер тұрғындарды қайта вакциналау науқанына кірісу керек, – деді Президент.

Еліміздегі жанар-жағармай тапшылығы да өзекті мәселе. Қасым-Жомарт Кемелұлы мұнай өңдеу көлемінің артқанына және мұнай өңдеу зауыттары жаңартылғанына қарамастан, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қоры мұнай өнімдерінің тапшылығына жол беріп отырғанын айтты. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы мұнай өңдеу зауыттарын жаңартудың сапасына наразылығын білдірді. Бұл салаға 2 триллион теңге бөлінсе де, мұнай өңдеу зауыттарының жұмыстарын жоспардан тыс тоқтату әлі күнге дейін жалғасып келеді. Президент шекарааралық өзендердің, әсіресе, Сырдария, Жайық және Іле өзендерінің тартылып, экологиялық жағдайларының нашарлауына алаңдаушылық білдірді. Осыған байланысты Президент аталған мәселені шешу үшін су пайдалану тәсілдерін түбегейлі өзгерту қажет екенін айтты. Бұл ретте, жаңа технологиялар мен цифрландыруды да пайдаланған жөн. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы 120 су арнасын қалпына келтіріп, жаңадан 9 су қоймасын салу жөнінде берген тапсырмасын еске салды.

Президент ауылшаруашылығын тиімді субсидиялау мәселесіне тағы да тоқталып, соңғы 5 жыл ішінде бұл бағытта 2 триллионнан астам теңге бөлінгенін атап өтті.

– Нәтижесінде не көріп отырмыз? Бюджет қаражаты лезде жоқ болады, олардың жұмсалуы бойынша бірыңғай бақылау қойылмаған. Нақты экономикалық пайда да жоқ. Нарықтарымызда көршілес елдердің ауыл шаруашылығы өнімі басым. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне прокуратурамен және басқа да органдармен бірлесе отырып, осы салаға кешенді талдау жүргізуді тапсырдым. Бұл мәселеге жұртшылық пен аграрийлерді де тарту керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Субсидиялау мәселесіне қатысты сыбайлас жемқорлық пен ақша жымқыру фактілері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ведомствосының басшысы Марат Ахметжанов егжей-тегжейлі баяндады.

– Фактілер, әрине, өте ауыр. Мемлекетке миллиардтап шығын келтіріп отыр. Тергеуді сапалы өткізу маңызды екенін тағы да ескертемін. Сіз айтқан тәжірибе бірнеше жыл бойы орын алып отырғанын атап өткен жөн. Бұл кеше туындаған мәселе емес. Сондықтан, сізге тергеу жұмыстарын одан әрі жоғары деңгейде жүргізуді тапсырамын. Барлық жауапты тұлғаны жазалау керек. Түптеп келгенде, түрмелерде орын жеткілікті, – деп ескертті Президент.

Мемлекет басшысы жуырда Алматы облысының Пенжім елді мекенінде болған оқиғаға тоқталып, қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау және нығайту мәселесіне назар аударды.

– Мектепте жай ғана төбелес болды. Бұған жол бермеу керек еді. Оқушылардың мектеп ішінде жүріп жарақат алуы – төтенше жағдай! Азаматтарымыздың наразылық білдіргені орынды, оларды түсінуге болады. Одан кейін жастар арасында бұзақылыққа жол берілді. Бірақ мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Дегенмен, әрекет болмады. Ақпараттық кеңістікте осы оқиға этносаралық сипат алды. Бұл жерде ешқандай да этносаралық жанжал болған жоқ! Алайда елімізге қарсы араңдатушылар мен қаскөйлер аталған оқиғаны басқа сипатта көрсетті. Өкініштісі, құқық қорғау органдарының да, Президент Әкімшілігінің де тарапынан мұндай арандатушыларға қатысты еш әрекет жасалмады. Біз шара қолданбаймыз ба? Мұндай арандатушылар еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне нұқсан келтіруде. Сондықтан, осы оқиғадан дұрыс шешім шығаруымыз керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы қоғамда түрлі этнос пен конфессия өкілдерінің тату көршілік және бейбіт қатар өмір сүру дәстүрін нығайту, жоғарыда аталған оқиғаларға мән беру алгоритмдерін әзірлеу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, еліміздің бірегейлігіне, оның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы нұқсан келтіруге және ұлттық қауіпсіздікке зиянын тигізуге бағытталған кез келген әрекеттерге құқық қорғау органдары тарапынан шара қолданылатынын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, мемлекеттік аппарат – мемлекетті басқарудың негізі екенін атап өтіп, олар жауапкершілік алып, ең күрделі жұмысты орындауы тиіс деп түйіндеді.

Кеңес барысында ҚР Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев, бейнебайланыс арқылы «ERG» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Машкевич, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Эдуард Огай, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек және Риддер қаласының әкімі Дмитрий Горьковойдың баяндамалары тыңдалды. Жиын соңында Павлодар облысының әкімі Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын мәлімдеп, Екібастұз қаласын дамытудың негізгі жобалары туралы презентация жасады.

Селекторлық кеңес аяқталған соң Алматы облысының әкімі Амандық Баталов салаға жауапты лауазымды тұлғалармен жиын өткізіп, Президент тапсырмалары аясында нақты міндеттемелер жүктеді.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Сурет - ғаламтордан