ӘЛЕМДЕ АЗИЯ ҒАСЫРЫ ТУДЫ. АСТАНАДАҒЫ АЛҚАЛЫ ЖИЫННАН НЕ ТҮЙДІК?

Уақыты: 14.10.2022
Оқылды: 1763
Бөлім: САЯСАТ

Төрт тарап теңселіп, шарайна шайқалып тұрған шақта Еуразияның кіндігі – Астана қаласында келелі келісімге бастайтын маңызды жиын өтті. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ төрағалық етті. Қазақстан Президенті жиын басында саммитке қатысушы мемлекеттерге алғыс айтып, бас қосқан барша қауымды кеңестің құрылғанына 30 жыл толуымен құттықтады.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) маңызы да, мазмұны да бөлек. Бұл кеңес тек Азия елдерінің ынтымақтастығын арттырып қоймай, әлемдік ықпалдастыққа да оң әсер етеді. Мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасты жандандырып, шиеленістерді шешуге мүмкіндік береді. Жалпақ тілмен жіліктесек, бұл кеңес – күрделенген халықаралық мәселелерді бейбіт жолмен шешуге, болашақта сын сағаттар туа қалса, бірлесе шешім қабылдауға үндейтін ашық алаң, өзара достық диалогын құратын «дөңгелек үстел». Былайша айтқанда, бүгінгідей шиеленіс күшейген кезде азиялықтардың бірігіп, өзара сенім қалыптастырып, достық жайын дәріптеуі құптарлық іс. Президент те өз сөзінде Азия кеңесінің көпжақты ынтымақтастық платформасына айналғанын және бүгінде бұл құрылым халықаралық заманауи дипломатия институты болып саналатынын жеткізді. Қасым-Жомар Кемелұлы кеңестің кіріспе сөзінде-ақ әлемдегі геосаяси жағдайға ерекше назар аударды.

– Бүгін біз бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Бұл құбылыс қазірдің өзінде «жаһандық дисфункция» деп аталды. АӨСШК-тің бұған дейінгі 2019 жылы өткен саммитінен бері әлемдік қоғамдастық ауыр сынақтарды бастан өткерді. Оның салдары жаһандық дамуға әлі де әсер етіп отыр. Менің ойымша, біздің алдымызда тұрған ерекше маңызды міндет – туындаған зор қауіп-қатерлер жағдайында халықаралық қатынастардағы тұрақтылыққа қол жеткізу, көпжақты механизмдерге тың серпін беру және ашық диалогқа оралу аса маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Президенттің айтуынша, Азия – адамзат өркениетінің ошағы. Азия мыңдаған жыл бойы бүкіл адамзаттың қоғамдық, мәдени, технологиялық дамуының негізгі қозғаушы күші болған. Бүгін де сол үдеден шығып отырғанына еш шүбә жоқ.

– ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналды. Азия номиналды жалпы ішкі өнім мен сатып алу мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ретінде мойындалды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың қажетіне жұмсалатын 30 триллион доллардың тек 1 триллион доллары Батыс экономикасына тиесілі болмақ, – деген Президент Азияның болашағы мәдениет, дәстүр мен дүниетаным арасындағы диалогты нығайтумен байланысты екенін әңгімеледі.

Президенттің пікірінше, Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде АӨСШК аясындағы үдерісті одан әрі ілгерілетуге бағытталған күш-жігерді арттыру міндетін өзіне алып отыр. Былтыр АӨСШК сенім шараларының каталогы қайта қаралып, оған эпидемиологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау және фармацевтика, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттары енгізілген.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның 2022 – 2024 жылдары жаңа мерзімге төрағалық ету туралы өтінішін қолдаған АӨСШК-ге мүше мемлекеттердің бәріне алғыс айтып, Азия Президенттерін бірнеше маңызды мәселелеге назар аудартты. Оның ішінде, экономикалық және экологиялық өлшемдер, табиғат тазалығы, транзит, қаржы, азық-түлік қауіпсіздігі, адами факторлар, адами ресурстарды қорғау тақырыптарына жекелей тоқталды.

Шара кезінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерриш қатысушыларға бейнеүндеу жасады. Содан кейін бірнеше елдің Президенттері мен Үкімет басшылары, басқа да сенімді өкілдері сөз сөйлеп, саммиттің маңыздылығы жайлы өз ойларымен бөлісті. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Азиядағы Мемлекет басшыларын жеке қабылдап, өзара пікір алмасты.

Әлем назарын аударған саммиттің тағы бір кеңінен тоқталар тұсы – Қазақстан мен Түркия Президенттерінің бірлескен мәлімдеме жасауы. Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Режеп Тайип Ердоғанның бірлескен үндеуінде мәдениет, экономика, сауда-саттық, қорғаныс, қауіпсіздік, білім беру бағыттары бойынша жан-жақты байланыс нығая түсетіні туралы айтылған. Ал басқосудың екінші басымдығы – екі күнге созылған саммиттің соңғы нүктесін қойған Астана мәлімдемесі. Мұнда Азия елдерінің ынтымақтастығын арттыратын негізгі жеті бағыт белгіленді. Жеті тармақтың да жөні бөлек, оның ішінде Азия кеңесінің кейбір құрылымдарына өзгерістер енгізіліп, ауқымы кеңейтілді. Сонымен бірге, кейбір бағыттарының атауы өзгеріп, құзыреттіліктері арта түсті.

Астана төріндегі Азия кеңесінің үшінші күні Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымына мүше мемлекеттердің бас қосуымен жалғасты. Бұл жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кіріспе сөз сөйлеп, мақсат-міндеттерін түсіндірді. ТМД саммитінде гуманитарлық серіктестік, қауіпсіздікті сақтау, ынтымақтастықты одан әрі нығайту аспектілері бойынша негізгі тақырыптар талқыланды. Сондай-ақ, ұйымның қызметіне қатысты өзгерістер мен толықтырулар ұсынылып, жаңа ережелер бекітілді. Айта кетейік, ТМД ұйымының жиыны пандемияға байланысты бірнеше жылдан кейін алғаш рет оффлайн өткізіліп отыр.

Қуаныш ТҰНҒАТАР