ТОҚАЕВ БАҒДАРЛАМАСЫ: АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАБЫСЫН АРТТЫРУҒА ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ БӨЛУ КӨЗДЕЛУДЕ

Уақыты: 03.11.2022
Оқылды: 1474
Бөлім: САЯСАТ

Президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Жетісу облысының тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді.

Мәселен, жергілікті кәсіпкерлермен және шаруалармен кездесуде кандидаттың сайлауалды бағдарламасында көрініс тапқан шағын және орта бизнесті қолдау шаралары талқыланды.

Республикалық қоғамдық штабтың басшысы Ерлан Қошанов кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына сәйкес, ауыл шаруашылығы ел экономикасының қозғаушы күшінің бірі болуға тиіс екенін атап өтті.

«Осы мақсатта 7 жыл ішінде 1 миллионнан астам ауыл тұрғынын қамти отырып, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 триллион теңге бөлінеді. Кооперативтік кәсіпкерлікке барлық жеке қосалқы шаруашылықтың жартысы тартылады. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орны пайда болады. Суару алаңының жалпы аумағы екі есе артып, 2,2 миллион гектарға жеткізіледі. Сондай-ақ, 3,5 мың шақырым суару каналдары қайта жөнделеді», – деді Ерлан Қошанов.

Шығармашылық зиялы қауым өкілдерімен кездесуде РҚШ мүшелері кандидаттың тарихи мұраны сақтау, мәдениетті қолдау және отандық өнерді дамыту бойынша ұсынған шараларын талқылады. Қоғамдық келісімді нығайту, жастарға дұрыс тәрбие беру және өскелең ұрпақтың бойына жасампаз құндылықтарды сіңіру ісінде зиялы қауым өкілдері айрықша рөл атқаратыны атап өтілді. Бұл – Әділетті Қазақстанды құру үшін қажет аса маңызды дүние.

Бұдан соң Балпық би ауылында РҚШ мүшелері Көксу қант зауытының еңбек ұжымымен кездесіп, бизнес пен еңбек адамын қолдау жөніндегі басымдықтарды талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз бағдарламасында азаматтардың адал өнімді еңбегі құрметтелетінін, қорғалатынын және оған лайықты еңбекақы төленетінін айтты.

Осы күні РҚШ мүшелері өңірдегі үкіметтік емес ұйымдардың және жастар ұйымдарының басшыларымен бірге сайлауалды бағдарламаның Қазақстанды саяси жаңғыртуға арналған блогын талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз бағдарламасында шынайы саяси бәсеке дәстүрін орнықтыруға, сайлаудың озық мәдениетін қалыптастыруға қолайлы жағдай жасауға назар аударады. Сондай-ақ, Ұлттық құрылтай мен қоғамдық кеңестердің азаматтық қоғамды дамытудағы рөлін күшейту жоспарлануда.

Ерлан Қошанов жастарға Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау науқанына белсенді қатысқандары үшін алғысын білдіріп, олар ел болашағының дамуына өз үлесін қосып жатқан нағыз патриоттар екенін атап өтті. Бұл да ілкімді іс, мол тәжірибе.

Әзірленді: Республикалық қоғамдық штаб

Тапсырыс беруші: М.Ж.Оспанов

Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Қ.К.Тоқаевтың сайлау қорының қаражатынан төленді