МЕДИЦИНАҒА ҚАРЖЫ БӨЛУДЕ ШЕШІМІН ТАППАҒАН МӘСЕЛЕ КӨП - САЛТАНАТ ТҰРСЫНБЕКОВА

Уақыты: 09.11.2022
Оқылды: 1216
Бөлім: САЯСАТ

Президенттікке кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қазақстанның өңірлерін аралап, халықпен кездесуін жалғастыруда. Бұл жолы ол Қостанай қаласындағы №4 емхана ұжымымен кездесу өткізді.

Емхананы аралау барысында үміткер тек медицина қызметкерлерімен ғана емес, науқастармен де тілдесті. Науқастардың бірі дәрі-дәрмек бағасының қымбат екеніне шағымданды. Ол 1 курс ем үшін тек инъекцияға 40 000 теңгеге жуық қаражат жұмсағанын айтты.

«Күн өткен сайын дәрі-дәрмек қымбаттап барады! Жақында маған инъекциялар тағайындалды: 10 рет бірден 3 уколдан алатын болдым. Бір ампуласы 1300 теңге тұрады. Менің еміме бірден 30-ы қажет болды, бұл – басқа препараттарды, шприцтерді және басқа да шығындарды есептемегенде шығатын сома», – деді емханадағы пациенттердің бірі.

Тағы бір науқас ауруханаға қаралуға жазылудың өзі қиын екенін айтты. Дәрігерлер де емдеу мекемелеріндегі түйткілді мәселелерді жеткізді. Құқық қорғаушы Салтанат Тұрсынбекова мемлекет пен халық ынтымақтаса жұмыс істеу керектігін баса айтты. Үміткердің пайымынша, дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне жақсылап еңбек жағдайын жасау керек. Өйткені азаматтарымыздың өмірі осы мамандарымызға тікелей байланысты.

«Денсаулық сақтау жүйесінде, медицинаға қаржы бөлуде барлық жерде шешімін таппаған мәселелер көп. Бұл мәселелерді тез арада шешу қажет деп есептеймін. Өйткені, дәрігерлерге жақсы жұмыс жағдайлары жасалғанда, олар да науқастарға оң әсерін тигізеді. Мұның бәрі жүйенің қалай дұрыс құрылатынына байланысты», – деді Салтанат Тұрсынбекова.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"