ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ: ЖАСТАР ЕЛ БОЛАШАҒЫНА ҮЛКЕН СЕНІММЕН ҚАРАЙДЫ

Уақыты: 11.11.2022
Оқылды: 1816
Бөлім: САЯСАТ

Жастар - кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі - бәсекеге қабілетті жастар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі - жастар секторы. Жастар секторына Қазақстанда айрықша назар аударылады. Жуырда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сенімді өкілдері Сарқан гуманитарлық колледжінде ұжымның ұстаздар қауымымен, жастармен кездесті.

Атаулы білім ордасының жарты ғасырдан астам тарихы бар. Нысан аймақтағы гуманитарлық бағытта мамандар даярлайтын іргелі білім ордасы. Мұнда қазіргі таңда 45 ұстаз қызмет етеді. Барлығы 400-ден астам студент білім алып жатыр. Шарада Жетісу облыстық қоғамдық штаб мүшелері Жомарт Игіман, Тілеужан Доғаманов ел дамуы мен өркендеуін тілге тиек етіп, алдағы болашағын бағдарлар айқын бастамалардың тінін тарқатты. Айтулы шарада Жомарт Игіман оқу ордасы студенттеріне елімізде өткелі жатқан саяси науқанның маңызын, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлау алды бағдарламасындағы көтерілген бастамаларды түсіндірді.

- «Жастар практикасы», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел» секілді бағдарламалар жастарды тұрақты және уақытша жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Мемлекеттік бағдарламалар жастарды жұмыспен қамтып қана қоймайды, сонымен қатар, біліктілігін арттыруға, мамандығын ауыстыруға, жаңа мамандықтарды игеруіне де көп көңіл бөлінуде. Міне, осындай қамқорлықтардан соң жастар елдің дамуы үшін аянып қалмауы тиіс, - деді Тілеужан Доғаманов.

Жастар қай кезде жаңашылдық пен тың идеяның көзі болып қала бермек. Сондықтан мемлекет қай саясатында да жастарға иек артады, олармен санасады. Бұл ретте жастар да аянып қалмауы тиіс. Оқу ордасының студенттері сол үдеден төмендемеуге уағдаласты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"