САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНА КЕЛІП, ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Уақыты: 14.11.2022
Оқылды: 802
Бөлім: САЯСАТ

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары ­– Сауда және интеграция министрі Серік ЖҰМАНҒАРИН арнайы іссапармен Жетісу облысына келіп, азаматтармен және қоғам өкілдерімен кездесу өткізді.

Әуелі Серік Мақашұлы «Көксу қант зауыты» ЖШС-не  барып, кәсіпорынның жұмыс барысымен танысты. Зауыт бүгінде 100 адамды тұрақты, 450-ге жуық адамды маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Былтыр қант құрағын өңдеуге 200 млн. теңге инвестиция тартылыпты. Кәсіпорынның жылдық қуаты 250 мың тонна,  тәулігіне 2 мың тонна қант  қызылшасы өңделеді. Іссапар барысында ҚР Сауда және интеграция министрі:

– Елімізде 4 қант зауыты бар. Оның екеуі Жетісу өңірінде. Біз қант қызылшасын өндіруге баса назар аударып отырмыз, – деді.

Осыдан кейін халық қалаулысы Ескелді ауданындағы «Хильниченко и К» сенім серіктестігіне барып, тыныс-тіршіліктерін көріп қайтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу цехы 2016 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қойманың сыйымдылығы 5 мың тонна.

Келесі кезекте Серік Жұманғарин Талдықорғандағы Тіл сарайына барып, Жетісу жұртшылығымен кездесті. Шара барысында халық қалаулысы азаматтарды әлеуметтік қолдау, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

– Жетісу облысы әлеуметтік тұрғыдан белсенді дамып келеді. Қазір Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында емхана салынуда. 2025 жылға дейін Алакөл аудандық емханасын тұрғызылуда. Талдықорғанда облыстық балалар ауруханасын және онкологиялық диспансер, Ақсу және Кербұлақ аудандарына аурухана салу көзделіп отыр. Сонымен қатар, Панфилов тағы ауданаралық аурухананы жаңғырту жоспарлануда. Бұдан басқа 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт іске қосылады, – деген министр алдағы үш жылда өңірде 12 балабақша, 22 600 орынды 14 мектеп, 200 орынға арналған колледждердің 2 жатақханасы, Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің 100 орынды  жатақханасы  ашылатынын  жеткізді.

Сонымен қатар, мәдениет саласында 2025 жылға өлкетану мұражайы, кітапхана, 7 ауылдық Мәдениет үйі бой көтермек. Өңірдің спорттық дамуы үшін 6 спорттық және 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу да жоспарлануда. Басқосуда министр атаулы әлеуметтік көмек бойынша атқарылып жатқан шаруаларға да тоқталды.

 «Жетісу облысында атаулы әлеуметтік көмекті шамамен 7400  отбасы алады. Кейбір азаматтар мемлекеттен қолдау алу үшін қандай құжаттарды және оларды қайда тапсыру керектігін білмей жатады. Әлеуметтік салада, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру салаларында мемлекеттік қолдау шараларын тағайындаудың проактивті форматына көшу үшін «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі әзірленуде. Жүйе азаматтар туралы барлық мәліметтерді әртүрлі мемлекеттік органдардан бірыңғай базаға біріктіреді. Осы арқылы азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін айқындауға және оларға проактивті форматта кепілді мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік туады», – деді Серік Мақашұлы.

Жиында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да кеңінен талқыланды. Министр 12 қазанда Сауда комитеті, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен қант зауыттары арасында ел аумағында қант бағасын реттеу туралы меморандумға қол қойғанын жеткізді. Аймақтар бойынша қантқа деген қажеттілік және қаржыландыру мүмкіндіктері есептеліпті. Бүгінде 13 өңірде қарыз шарттары қол қою сатысында.

Қабылдауда қала тұрғындары мен кәсіпкерлер жер, су, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй мәселесі сынды көкейінде жүрген сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды.

Айдар ҚАЛИЕВ
Жетісу облысы

Суретті түсірген: Жұмабай Мұсабек