ҮКІМЕТ: ЦИФРЛАНДЫРУДЫ ІСКЕ АСЫРАТЫН МАМАН ТАПШЫ

Уақыты: 03.07.2019
Оқылды: 1653
Бөлім: САЯСАТ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төр­аға­лығымен селекторлық кеңес өтті. Онда цифр­ландыру және оны дамыту, сондай-ақ, осы бағытта жоба­ларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты тал­қыланды.

Осыған байланысты бірқатар министр хабарлама жасады. Алдымен аталған тақырып аясында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде қазіргі уақытта министрлік тарапынан өнеркәсіпті цифрландыру бағытында қолға алынып жатқан іс-шаралар мен жүргізіліп жатқан жұмыстардың аз еместігін айтты. Осыған байланысты «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы іске асырылуда.

Министр өнеркәсіп саласында цифрлық технологияларды кеңінен қолдану – өнім өндіру үрдісінің тиімділігін арттырып қана қоймай, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал ететінін және аталған салаға цифрлық технологияны енгізудің маңыздылығының ерекше екенін атап өтті. Осы негізде тау-кен металлургиялық кешені секілді ірі компаниялар мен ірі өндіріс орындарына және фабрикаларға цифрлы технологиялар енгізіліп жатқанын баяндады. Цифрлы технологияларды енгізу бағытында Үкімет тарапынан қомақты қаражат қарастырылып жатқаны да тілге тиек етілді.

Мұндай жұмыстарды жүзеге асыру экономикалық жағынан тиімді болмақ. Сондай-ақ, цифрландыруды іске асыруда маман тапшылығының байқалып отырғаны айтылды. Осы мәселенің оң шешімін табуы үшін Білім министрлігімен бірлесе жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді.

Жиында отын-энергетикалық және агроөнеркәсіп кешендерін цифрландыру барысы да талқыланды.

Айгүл БАЙБОСЫН