Жастар – ел тірегі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан да мемлекет жастардың білімі мен тәлім-тәбиесіне, олардың әлеуметтік мәселелерін реттеуге тікелей жауапты. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар да мол, нәтижесі де көңілге қонымды. Алайда, әттеген-ай дейтін тұстары да болып жататыны жасырын емес.
Болашақ иегерлерінің көкейінде іркілген талай күрмеулі мәселе бар. Оны шешу жолдарын қарастыру, мейілінше қолайлы орта қалыптастыру арқылы әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігіміз арта түсетіні сөзсіз.
Осы ретте жуырда «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастарды қолдау бойынша» Жетісу облыстық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оған кеңес мүшелері, қоғам белсенділері, тиісті мекеме өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде жастар емханаларының тиімділігі мен бүгінгі жұмыс барысы, NEET санатындағы жастармен жұмыс және Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын талқылау мәселелері көтерілді.
Алғашқы сұрақ бойынша Талдықорған қалалық емханасының өкілі Айна Тілеукенова баяндама оқып, облыс орталығындағы ахуалға тоқталып кетті. 2018 жылдан бері аталған мекемеде арнайы жастарға қызмет ету кабинеттері ашылған. Бұл жер – жасөспірімдер мен жастарға нақты медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсететін орталық.
Қызмет ішіне медициналық және психологиялық көмек көрсету, салауатты өмір салтын ұстану дадыларын меңгеруге және дамытуға үйрету, оқу, әдістемелік, ақпараттық материалдар дайындау, басқа медициналық қызмет көрсетушілермен жұмыстың үздіксіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік-құқықтық қолдау көрсету кіреді.
Осы күнге дейін атқарылған ілкімді істерді таразылап, кеңес мүшелері тарапынан ақпараттандыруды күшейту, жастар орталықтарымен бірлесе жұмыс жасау, оқу орындарында арнайы жиындар ұйымдастыру, сол арқылы жастар емханаларның тиімділігін арттыру секілді ұсыныстар білдірілді.
Мінердегі екінші мәселе төңірегінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқрмасының өкілі ЖанарТынышбаева сөз қозғады. Бұл істе де бағындырған белестермен қатар олқы тұстары да баршылық.
Мемлекет тарапынан NEET санатындағы және жалпылама жастарды жұмыспен қамту мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, қыруар қаражат та бөлінуде. Бірақ осы санаттағы жастардың саны кеміп, тізімнен шығып жатқанын байқай бермейсің.
Осы ретте біздің тараптан аталған санаттағы жастармен жұмысты жүйелеу, көлеңкелі бизнесте жүрген жастар мен жұмыс берушілер арасында келісімшарт жасау, «Мансап» орталығы мен жастар ұйымдарының арасынағы ынтымақтастықты күшейту сынды сұрақтар қойылды.
Үшінші мәселе негізінде Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, маңызды деген бастамалар мен тың идеялар төңірегінде әңгіме өрбіттік. Соның ішінде, «AMANAT» партиясы тарапынан көтерілген «Ауыл аманаты», «Қарызсыз қоғам» бағдарламаларының артықшылықтарын, жастарға көрсетілер көмектер, жасампаз істерді ақыл таразысына салдық.
Жиын соңында аталған үш мәселе бойынша тиісті қарарлар қабылданып, кеңес мүшелерінің пікірлері ескерілді.
Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастарды қолдау бойынша» Жетісу облыстық кеңесінің төрағасы.