"Ет, азық-түлік қымбаттауы мүмкін". Су тапшылығы еліміздің ауыл шаруашылығы саласын тұралатпай ма?

Уақыты: 20.09.2023
Оқылды: 604
Бөлім: МІНБЕР

Биыл Қазақстандағы су тапшылығы әсерінен бірнеше шаруа қожалықтары зардап шекті. Жоспар бойынша нәтиже алмағандықтан, біразы шығынға батты десек те болады. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы саласына қандай әсері бар?  

"Су тапшылығына үнемдеп пайдаланбау әсер етіп отыр"

Қазақстанның су шаруашылығы министрлігін 20 жыл басқарған гидротехник Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, су тапшылығы барлық салаға да кері әсерін тигізеді. 

"Жалпы тек ауыл шаруашылығына ғана емес, өнеркәсіп, энергетика, кеме қатынасы, экологиялық қажеттілік, қай-қай жағынан да кез келген салаға су тапшылығы кері әсерін тигізеді. Бүкіл әлемдегі су ресурсының құндылығы экономиканың бірде бір саласы сусыз өмір сүре алмайтынында болып тұр. Кез келген аймақ сусыз өркендей алмайды. Сондықтан су үнемдеу үшін озық технология енгізіп, су ресурсын қорғау қажет. Жалпы бүкіл әлемдегі тұщы суға сұраныс халық пен экономиканың өсуіне байланысты көбейеді. Сондықтан да, кез келген мемлекет осыған назар аударуы қажет. Бұл мәселені шешу үшін университетте мықты мамандарды даярлауға жақсы көңіл бөлу керек. Жүрдім-бардым еңбек ететін қызметкерден су мәселесіне "басы ауыратын" жанашыр адам шықпайды. Осы салада көп тәжірибем болғандықтан, мұның қаншалықты маңызды екенін білемін", - деді экс-министр.

Экс-министр еліміздегі су тапшылығы мәселесінің басты себебі Қазақстан аумағы арқылы өтетін өзендердің жартысынан көбі өзге елдерден бастау алуында екенін айтты. 

"Су тапшылығына халықтың суды тиімсіз пайдалануы да әсер етіп отыр. Білсеңіздер, қазіргі таңда Қазақстан су тұтыну көлемі бойынша әлемде 11-орында тұр. Жан басына шаққанда әр адамға 3,5 мың литрден келеді. Ал Ресейде бұл көрсеткіш 1,3 мың литр болса, Германияда бар болғаны 855 литр, Ұлыбританияда 348 литр екен. Біз айтып отырған ауыз су мен шаруашылыққа арналған суға деген тапшылық бойынша Қазақстан Азиядағы  Бангладеш, Үндістан мен Қытайдан кейінгі 8-орында тұр. Басқа аймақпен салыстырғанда қазіргі уақытта  Сырдария, Орал, Іле, Шу мен Талас өзендерінің бассейнінде және орталық аймақтарда су тапшылығы қатты сезіледі. Ал оңтүстік өңірдің егістік алқапты суаратын, өнім өндіретінін, ауыл шаруашылығын дамытып отырғанын ескерсек, қаншалықты зардап шеккенін бағамдай беріңіздер", - деді Нариман Қыпшақбаев.

"Мамандар мәселені сараптай алмады"

Эколог Лаура Азимованың айтуынша, мамандардың дұрыс шешім қабылдамауы салдарынан халық зардап шегіп отыр. 

"Біздегі су тапшылығының себебі де, салдары да көп. Ал оның көп салаға кері әсерін тигізетіні айтпаса да түсінікті. Мысалы, Жамбыл облысында шаруалар пайдаланатын судың 80 пайызы Қырғызстаннан келеді. Биыл Қырғызстаннан келетін судың мөлшері 10 есеге дейін азайып, шаруа қожалықтары айтарлықтай зардап шекті. Бұл мәселе қалай шешілді? Қазақстан Қырғызстанмен Жамбыл облысын сумен қамтамасыз ету жөнінде маусым айында келіссөз жүргізді. Келіссөз аясында Қырғызстан Қазақстанға суды төмен қысыммен қазан айына дейін немесе жоғары қысыммен тамыз айына дейін беру жөнінде екі нұсқа ұсынды. Біздің мамандар екінші нұсқаны таңдады. Таңдалған нұсқа бойынша Қазақстан өзінің лимитін пайдаланып бітірді. Сол үшін де шаруашылыққа келгенде су тапшылығы өте үлкен мәселе болды. Жалпы, бұл жерде келіссөз жүргізген біздің мамандардың мәселені сараптай алмағанында болып тұр. Соның әсерінен дұрыс шешім қабылданбай, зардабын көрдік", - деді эколог Лаура Азимова.

Сондай-ақ, эколог бүгінгі таңда Орталық Азияда су тапшылығы неліктен мәселе тудырып отырғанын түсіндірді.

"Еліміздегі Қазгидрометтің дерегі бойынша, биыл қыс басталғанда ауа температурасы 4 градусқа жылынып кеткен. Яғни, тау басындағы қар жиналып үлгермей, өте тез еріп кеткен. Сондай-ақ, тау етегіндегі өзендер де күннің ыстығынан кеуіп кеткен. Мәселен, Алматыдағы тау басындағы қарды бұрынғысымен салыстыруға келмейді. Қазір 10 есе аз қар түседі. Сол үшін де, Орталық Азияда су тапшылығы мәселесі өршіп тұр. Бұған мәселені сараптап, шешім шығаратын мықты мамандар керек. Жаңадан құрылған министрлік те осы тараптан көптеген маңызды қызметтер атқарады деп ойлаймын", - дейді Лаура Азимова.

"Ет, азық-түлік қымбаттауы мүмкін"

Оңтүстіктегі шаруа қожалығының иесі, кәсіпкер Райымбек Төреқұлов биыл су тапшылығынан қатты зардап шеккен. Оның айтуынша, соның әсерінен жоспарлаған нәтиже ала алмаған.

"Жаз айында судың деңгейі екі есеге төмендеп кетті де, қажет жерге жеткенше 40 градус ыстықта су буға айналып үлгерді.  Кейбіреуі құмға сіңіп, жоқ болды. Осылайша, алқапқа жеткенше бар судың 80 пайызы далаға кетті. Шөлі қанбаған жердің өнімі де жақсы нәтиже бермейтіні анық.  Себебі су жетпегесін, өнім өспейді. Өзіміз жоспарлағандай мөлшерде өнім ала алмадық. Жаз айында су тапшылығын қатты сездік. Бұл мәселе бұлай жалғаса берсе, егіндікпен қатар мал шаруашылығына әсер етеді. Қыста ет бағасы, азық-түлік қымбаттауына әкеліп соғады, – деді шаруа қожалығының басшысы.

Сұхбатты ұйымдастырған: Massaget.kz 

Фото: көрнекілікке алынды