Ауылына қарап, азаматын таны

Уақыты: 14.03.2024
Оқылды: 362
Бөлім: МІНБЕР

Бүгінде халқы үшін қалтқысыз еңбек етіп, туған өлкесінің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген  жандар саусақпен санарлық. Солардың бірі – Талдықорған қалалық мәслихатының төрағасы Темірболат Ахажанов десек артық айтпаған болар едік. «Халық айтса қалт айтпайды» деген. Халық қалаулысының адалдықпен атқарған әр ісіне ел-жұрты куә.

Жер жәннаты Жетісудың орталығы Талдықорғанның шығысында 200 мыңға жуық халық шоғырланған Еркін ауылы ірге тепкен. Талдықорған іргесіндегі құрамына бірнеше елді мекен енетін бұл ауылдың 90 жылдан астам тарихы бар. Ондағы тұрғындардың басым көпшілігі мал және егін шаруашылығымен шұғылданады.

Бүгінде өңірде 120-дан астам шаруа қожалығы өз кәсібін шалқытып, ырысын тасытып отыр. Заман ағымына сай бой түзеген Еркін ауылы аурухана, мектеп, балабақша, мешіт, саябақ, мәдениет үйі сынды халыққа қызмет көрсететін нысандармен толық қамтылған. Сосын да елдің еңсесі тік, көңілі жай деуге болады.

Көркіне ісі қабысқан ауылдың жасына да жасамысына кездесе кетсең, аймақтағы әр жобаның атқарылуында шаһар мәслихатының төрағасы, ауылдың төл тумасы Темірболат Жанболатұлының еңбегі зор екенін айтады.

 – «Ұлтымызда «Ауылына қарап, азаматын таны» деген ұлағатты сөз бар. Еркін ауылының ел тәуелсіздігінен бергі даму жетістігі Темірболат Ахажановпен тығыз байланысты. Себебі, ауылда Темірболаттың бастамасымен жасалған жұмыстар аз емес. Мұндағы салынған әр ғимарат,  ауызсу, жол, жарық пен жылу, газ құбыры, білім мен денсаулық, спорт пен мәдениет, басқа да  салаларда істелген игі істердің дені жұрт талабына сай оның депутаттық сауалы арқылы жүзеге асқан жобалар. Ал, азаматымыздың өзі еңбегін ешбір жанға жария етіп, тіс жарған емес. «Жақсының  жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, азаматтың еңбегін атап айтқан артық емес», – дейді  ауылдың қазыналы қарттарының  бірі Тортай Ізбасқанов.

Қарияның сөзінше, Темірболат Жанболатұлы жастайынан  көпке жақсылық жасауға жаны құмар, маңайына мейірім шуағын шашып жүретін текті әулеттен тараған ұрпақ. Әжесі Зағила, анасы Еркінбала, әкесі Жанболат пен «Үйдің жақсысы – ағашынан, жігіттің жақсысы – нағашыдан» демекші, нағашысы Бұқарбек көпшіл, қарапайымдылығымен ел құрметіне бөленген жандар. «Тәрбие – тал бесіктен» деген. Міне, сондай ізгі жүректі жандардан тәрбие алып, тас түлектей түлеп ұшқан ауыл баласы ешкімнің ала жібін аттаған емес. Алған тәрбиесін, оқыған білімін аймақтың дамуы мен халқының қамына арнап келеді.

Темірболат Жанболатұлы  – 1964 жылы 24 мамырда Талдықорған қаласына қарасты Еркін ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, Жамбыл технологиялық институтының Алматы жеңіл және тамақ өнеркәсібі филиалын «инженер-механик» және Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін «заңгер» мамандықтары бойынша бітірген.

Алғашқы еңбек жолын 1981 жылы «Жетісу» Алматы өндірістік қоғамдық бірлестігінде қойма жұмысшысы болып бастаса, 1984 жылы Талдықорған қаласының облыстық тұтыну одағында дайындаушы, 3 жылдан кейін қалалық тері-тон комбинатында қойма меңгерушісі болып еңбек еткен.

Осыдан соң кейіпкеріміздің өмір жолы тың белестермен өрнектеледі. Әуелі  «Ақбұлақ» жеке кәсіпкерлігінің директоры қызметіне тағайындалып, арада бес жыл өткенде «Сарыбұлақ» жауапкерлігі шектеулі серіктестігін басқарған. 2004 жылы Алматы облысы бойынша кәсіпкерлер форумы филиалының, кейін облыстағы «Атамекен» халықтық экономикалық палатасы филиалының,  2008 жылы «Жетысустройсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дирек­торы сынды кызметтерді абыроймен атқарған.

2010 жылы «Көркейту» Талдықорған қалалық мемлекеттік кәсіпорынының басшысы, «Жетісу» АӨК кадр бөлімінің  бастығы, «Нұр-Шапағат Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде және кәсіпкерлік саласында әртүрлі басшылық қызметтерде өнімді еңбек етеді.

Сондай-ақ, қоғам өміріндегі саяси науқандарға да белсенді қатысып, өз бағын басқа арнада да сынап көреді. Мәселен, ол осыған дейін Талдықорған қалалық мәслихатының IV, V, VI, VII, VIII шақырылымдарының депутаты, сонымен қатар, 2019 жылдан 2023 жылға дейін Талдықорған қалалық мәслихатының хатшысы, қазір қалалық мәслихатының  төрағасы лауазымында өз жұмысының маманы екенін дәлелдеп келеді.

«Дәлелдеп» демекші, бұл пікірімізді Талдықорған қаласының «Құрметті азаматы» зейнеткер Аукен Қазыбаев та қостағандай. «Ел жұртының оған алғыстан басқа айтары жоқ» дейді разы көңілмен:

 – «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан тусын» деп тұжырымдаған Алаш арысы Ахмет Байтұрсын. Темірболат Жанболатұлы көпшіл жан. Оның негізгі алға қойған басты мақсаты  – ел Президентінің  тапсырмасына сай халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту. Үкілеген үмітіне орай ол өзі туып өскен ауылдың көкейтесті мәселелеріне баса назар аударып, көптеген игі істер тындырды.  Сондықтан ел-жұртының оған алғыстан басқа айтары жоқ», – дейді Аукен Қазыбаев.

Ал ауыл тұрғындары атап көрсеткен депутаттың атсалысумен атқарылған жұмыстардың бір парасына тоқталсақ. Ол алдымен аймақ  ақсақалдарымен бірлесіп, Ұлы Отан соғысына қатысып еліне және отбасына орала алмай қалған азаматтарға арналған арнайы ескерткіш орнату бастамасын қолға алған. Көп өтпей бұл жұмыс та жүйелі түрде жүзеге асып, оң шешімін тапқан. Бұдан соң туған ауылындағы жергілікті тұрғындар арасында рухани және мәдени байланыстарды нығайту үшін мешіт тұрғызып, көпке мейір бағыштаған.

Сондай-ақ, ауыл ақсақалдарынан ақыл-кеңес алып көптеген қайырымдылық шараларына бел шеше кірісіп, жастарды тәрбиелік мәні зор тағлымды істерге жебеп, спортпен айналысуға үнемі қол ұшын созып келеді.

Бұдан бөлек, тұрғындарының өтініштеріне сай ауылдан жаңа дәрігерлік амбулатория, жаңа мектеп, мәдениет үйінің бой көтеруіне ықпал етіп, жергілікті билікке балалар алаңын салып беру бойынша депутаттық сауал жолдап, қолға алынған құрылыс жұмыстарының  сапалы әрі дер кезінде аяқталуын өзі бақылауда ұстаған.

Бүгінде аталған сәнді де сәулетті нысандар ел игілігі үшін жұмыс жасап тұр. Осындай ұзақ жылдық мінсіз атқарған жемісті еңбектерініне сай, Темірболат Ахажанов Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін», ел Тәуелсіздігіне  –  20, Қазақстан Республикасы мәслихаттарына  – 20 және 25 жыл мерекелік медальдарын еншілеп, Мемлекет басшысының және Алматы, Жетісу облыстары әкімінің арнайы Алғыс хаттарымен  марапатталған.

Тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні – ел мүддесі үшін еселі еңбек етіп, жетістікке жеткен  әр жанның қашан да жүзі жарық, алар асуы биік болары  сөзсіз. Біз тілге тиек, әңгімеге көрік еткен кейіпкеріміз де әне сондай өз биігіне еркін көтеріліп, ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан жан десек артық айтқанымыз емес.

 

 

                                                                         Айдын КӘЛІМХАН