"ЖҰМЫСТЫ ӘДІЛ ЖҮРГІЗЕ БІЛУ КЕРЕК": БАУЫРЖАН БАЙБЕК ҚАПШАҒАЙҒА КЕЛДІ

Уақыты: 28.09.2020
Оқылды: 1421
Бөлім: МІНБЕР

«Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан БАЙБЕК Қапшағай қаласының жұртшылығымен кездесу өткізіп, қазан айының басында өтетін праймериз сайлауының мәнін түсіндірді.

Алдымен Алматы-Қапшағай күре жолының бойында орналасқан «Green Land Alatau» жылыжай кешеніне барған құрметті қонақты Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов күтіп алып, кәсіпорын басшысымен таныстырды.

«Green Land Alatau» жауапкершілігі шектеулі серіктестік басшысы Алмас Дәуітов қысы-жазы Алматы қаласы мен облыс тұрғындарын қияр, қызанақ сияқты бақша өнімдерімен қамтамасыз ететін жылыжайдың жұмысын таныстырып, серіктестік 240 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын, жалпы өндірістің жобалық құны 45 миллиард теңгені құрайтынын, соған байланысты «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы демеуқаржы алып отырғанын жеткізді.

Өндіріс орнының жетекшісі айтқан мәліметтермен танысқан соң, жұмысшылармен тілдескен партия жетекшісіне ауыл тұрғындары интернетпен қамту, мүгедектерді баспанамен қамтамасыз ету, Алматы қаласында білім алып жатқан облыс студенттеріне жатақхана берілмей қалатынын нақты мысалдармен айтып берді.

Айтылған тілектер мен өтініштердің аяқсыз қалмайтынын ерекше атап өткен Бауыржан Қыдырғалиұлы «Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев пен Қапшағай қаласының әкімі, қалалық партия филиалының төрағасы Нұрлан Құматаевқа мәселелердің дұрыс шешілуін қадағалауды тапсырды.

Одан соң «Comfort» демалыс аймағының мәжіліс залында праймериз кандидаттарымен өткен кездесуге барған «Nur Otan» партиясының өкілдері партияның 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын талқылап, межеленген міндеттердің орындалу тәртібін ортаға салды.

Алдымен Қапшағай қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ержан Нұрпейісов баяндама жасап, биыл еліміз бойынша өткізіліп жатқан праймериздің моноқаладағы нәтижелерін таныстырды. Одан соң Қапшағай қалалық партия филиалының төрағасы, қала әкімі Нұрлан Құматаев шаһарда жүргізілетін сайлауалды бағдарламаны көпшілік назарына ұсынды. Ұзын-саны 40 адам қатысқан жиынды облыстық партия филиалының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаев жүргізіп отырды.

Қазіргі заманның талабына сай жүргізіліп жатқан праймеризге түсушілердің кейбір әрекеттерін сынға алған Бауыржан Байбек халықтың алдында өз бағдарламасын ұсынған кандидаттардың уәдесінде тұруы тиіс екендігін, тұрғындардың айтар ойын мұқият тыңдап, ұсыныс-тілектерінің толығымен орындалуына күш салу керектігін атап өтті.

– Тұңғыш рет елімізде ашық праймериз өтіп отыр. Сол арқылы «Nur Otan» партиясының қатары жаңа тынысты саясаткерлермен, жаңа көзқарасты жастармен толығады деп сенемін. Бұл заман талабы, – деген Бауыржан Қыдырғалиұлы келешектің қателікті кешірмейтінін ескертті. – Сондықтан қазіргідей қиын күндерде жауапкершілік жүгі ауыр екендігін түсінуіміз керек. Соған байланысты жұмысты ашық, адал, әділ жүргізе білу қажет. Әкім дұрыс әрі әділ шешім қабылдаса, ештеңеден, ешкімнен қорықпайды. Ондай болмағанда кез келген әкімнің жұмысы халықтың алдында іске алғысыз саналады. Сол себепті биылғы праймеризден озып шыққан азаматтар нағыз адал, «елім, жерім, мемлекетім» дейтін тұлғалар болады деп сенемін. Бес жылдан соң праймеризге қайтадан түсу керек болады. Сонда тағдыршешті мәселелердің талқылануында үнсіз қалған депутаттар халықтың сенімінен айырылғанын бірден біледі. Шынында халықтың қолдауына ие болу үлкен еңбекті, зор жауапкершілікті, адалдықты, әділеттілікті талап етеді.

Осылайша праймеризге түсіп жатқан азаматтардың алдында ашылып сөйлеген Бауыржан Байбек саяси доданың жеңісті, партияның табысты болуына тілектестік білдірді.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Қапшағай қаласы

Алматы облысы