Мемлекеттік аудиторлар пара алған

Уақыты: 14.07.2023
Оқылды: 932
Бөлім: АНТИКОР

Үш облыста мемлекеттік аудиторлар білім саласындағы бюджет қаражатын жымқыру фактілерін жасыру үшін пара алған.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарлауынша, қылмыстық істердің материалдары сыбайлас жемқорлық фактілерін растап отыр. Жетісу, Алматы және Түркістан облыстарында мемлекеттік аудиторлар мектептердегі аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін пара алған.

"Мәселен, Жетісу облысында бюджет қаражаты "өлі жандардың" шотына ақша аудару және мектеп қызметкерлерінің жалақысын асыра есептеп, кейіннен оларды қолма-қол ақшаға айналдыру және иемдену арқылы ұрланған. Тергеу барысында Алматы облысы Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы 500 мың теңге пара алғаны әшкереленді. Ол Талдықорған қаласындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін пара алған. Қазіргі уақытта аудитор сотқа тартылды", - делінген хабарламада.

Осыған ұқсас факті Алматы облысында да анықталған. Онда облыстық тексеру комиссиясы бөлімінің басшысы Қарасай ауданы білім бөлімінің бухгалтерінен аудиторлық тексерістің оң нәтижесі үшін 1 млн теңге пара алған. Бұл факті бойынша Алматы облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ Түркістан облысында мемлекеттік ревизор – облыстық тексеру комиссиясы бас инспекторының парақорлығы әшкереленді. Ол Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін 26 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді. Күдікті әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Антикор.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Фото: ашық дереккөзден