ПОЛИЦЕЙЛЕР ЕКІ АДАМНЫҢ ҚАЗАСЫНА КІНӘЛІ ҚЫЛМЫСКЕРДІ ТАПТЫ

Уақыты: 26.03.2021
Оқылды: 829
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Іздеуде болған күдіктіні Кербұлақ ауданының полицейлері Шығыс Қазақстан облысынан тауып, қамауға алды.

«Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Кербұлақ ауданының тәртіп сақшылары бұрын жасаған қылмысы үшін іздеу жарияланған күдіктіні тауып, аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторына қамаққа алды. Күдікті басқарған көлік жол-көлік оқиғасына себепкер болып, нәтижесінде екі адам қаза болған. Жазадан жалтарған күдікті бой тасалап, сот шешімімен оған іздеу жарияланған.

«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары қайта қозғалып, сот органдары күдіктінің жауапкершілігін қарайтын болады. Қазір ол қамауға алынды. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты таратылмайды», - деді жедел уәкіл, полиция лейтенанты Әлихан Тұралиев.

Аудандық криминалдық полиция өкілінің ақпараты бойынша, 1968 жылы туған күдікті осы уақытқа дейін Ресей Федерациясы аумағында өмір сүрген. Ол жазадан құтылғанына үміттеніп, 2019 жылы елімізге қайта оралған. Алайда әр заңсыз әрекет үшін тиісті жазасын алуды көздейтін тәртіп сақшылары оның мекенжайын анықтап, Шығыс Қазақстан облысында ұстап, Сарыөзек кентіне жеткізген.

Жақын арада сотқа дейінгі тергеу амалдары аяқталып, іс материалдары сот органдарының қарауына жолданатын болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан