ЕЛ ҚОРҒАЙТЫН ЕР ҚАЙДА?

Уақыты: 03.07.2022
Оқылды: 1476
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жақында әлеуметтік желідежарияланған, мемлекеттік емтиханнан шыққан жас жігіттерді қаумалап ұстап, әскерге күшпен әкетіп жатқандардың бейнетүсірілімі көпшілікті алаңдатты. 

Шынында әскерилер осындай безбүйрек пе? Әлде азаматтық борышын атқарудан қашқан жастардың әрекеті дұрыс па? Осы сұрақтардың жауабын табу үшін Алматы облыстық Қорғаныс істері департаменті мерзімді әскерге шақыру бөлімінің басшысы, подполковник Мақсат Дүйсебековке жолығып, әскерге шақыру жайлы сұрадық.
Оның айтуынша, биылғы наурыздың 1-нен бастап, 30-шы маусымға дейін Жетісу жерінен 2 мыңнан астам жігіт әскерге алынып, еліміздің тыныштығын күзетуге кірісіпті. Оның 300-ден астамы шекара қызметіне, ҚР Қарулы Күштеріне 800-ден астамы, Ұлттық Ұланға 900-ге жуығы жіберілген. Әскер қатарына шақырылғандар медициналық тексеруден, психологиялық тестілеуден өткізіліп, барлығы толық сараланады.

Азаматтық борышын атқаруға ықыласты бозбалалар іріктеліп, әскерге жөнелтіледі. Дегенмен жастардың арасында ауру-сырқауы барлар да жетерлік. Әсіресе, көзі нашар көретін, жалпақ табан, белі бүкір жасөспірім көп, – деп жастардың денсаулығындағы ақаулықтарды тізіп шыққан Мақсат Қуандықұлы  өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, патриотизмге баулудың да кемшін түсіп тұрғанын алға тартты.
– Әдетте кәмелеттік жасқа толған әрбір азамат білім алуына байланысты әскерге баруды кейінге қалдыра алады. Ол үшін үйден шықпай-ақ, әскери комиссариатқа келмей-ақ, E-gov сайтынан өтініш жазып, нәтижесін білуге болады, – деген әскери маман мәселенің түйінін төмендегінше тарқатты: – Егер жоғары оқу орнында оқитыны рас болса, денсаулығы жарамайтыны және отбасылық жағдайы күрделі екендігі анықталса, әскерге бару мерзімі кейінге қалдырылады. Ал, колледжден кейін жоғары оқу орнына түсіп, білім алуды жалғастырса немесе магистратурада оқыған жағдайда E-gov-қа өтініш берген адамды әскерилер іздемейді де. Осыны білмегендер өткенде шу шығарып, «мемлекеттік емтиханнан шыққан балаларды күшпен әкетіп жатыр» деп дүрлікті. Әскерге жарамды жастарды іздеп тауып, азаматтық борышын атқаруға жіберу – Қорғаныс істері департаменттері мамандарының басты міндеті. Сондықтан мәселеге түсінікпен қарауға шақырамыз. Әрине, баласын әрбір ата-ана жанынан шығарғысы келмейтіні – өмір заңдылығы. Бірақ елді қорғау, Отанның тыныштығын күзету секілді мемлекет үшін аса маңызды борыш тұрғанда ержеткен ұлын жасырып, әскерден алып қалуға тырысу – жауапсыздық дер едім. Ұлттық мүддеге тікелей қатысты осындай ұғым әрбір отбасында айтылып, отаншылдық, мемлекетшілдік тұрғыдағы тәрбие берілуге тиісті.
Отан – отбасынан басталады. Үйдегі дұрыс тәрбие, орынды жанашырлық баланың азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Сондықтан, ең алдымен, ата-аналармен жұмыс жүргізу керек. Мақсат Дүйсебековтің айтуынша, аудандардағы әскери комиссариаттың мамандары мектептерге барып, жоғары сынып оқушыларымен кездесулер өткізіп, алғашқы әскери дайындық пәнінің аясында түрлі шаралар өткізіп тұрады. Бірақ соның өзі жеткіліксіз. Себебі, мектепте алған білім отбасындағы дұрыс тәрбиемен ұштасқанда ғана нақты нәтиже береді.
Ертеректе аттың жалын тартып мінген әрбір жас қолына қару алып, туған жерін, өскен елін жаудан қорғауға аттанатын. Ерлер соғысқа кеткенде ауылдың тыныштығын қыздар мен аналар күзетіп, елдің амандығын ойлайтын. Өткен ғасырдағы Екінші дүниежүзілік соғыстың кезінде ақ жаулықты талай ана мен тұлымы желбіреген талай бала майдангерлердің орнын басқаны, соғысқа жіберілген әрбір 10 оқтың тоғызы Қазақстанда жасалғаны бұған бұлтартпас дәлел.
Енді не болды? Қыз секілді боянып, тауыс секілді таранып, ұзатылар келіншектей жасанған жігіттер азаматтық борышын өтеуден қашып, халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылығын мансұқтауда. Осындайда еріксіз: «Ел қорғайтын ер қайда?» деген сұрақты төтесінен қоясың.
Ал  көктемгі әскерге шақыру науқанын ойдағыдай аяқтаған мамандар күзде тағы бір маусым ашылатынын айтып, жастардың дайын жүруін ескертеді.

М. ӘСЕТҰЛЫ
Сурет ғаламтордан алынды