АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КӨЛІКТЕРДІ ТІРКЕУ БОЙЫНША ЗАҢБҰЗУШЫЛЫҚ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 27.07.2022
Оқылды: 1204
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Алматы облысында көлік құралдарын 13,5 млрд.теңге шамасында алым төлемей бастапқы тіркеудің 2329 фактісі анықталды. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.

Алматы облысында шетелден алғашқы тіркеу үшін алым төлемей ауыр жүк көліктерін әкелудің көптеген деректері, сондай-ақ, мемлекеттік баж төлемей жоғары сұранысқа ие мемлекеттік нөмірлік белгілерді беру жағдайлары белгілі болды. Өңірлік салық қызметкерлері әкімшілік полиция басқармасын тексеру кезінде (2018-2021 жылдар аралығын) автокөлік құралдарын 13,5 млрд.теңге шамасында алым төлемей бастапқы тіркеудің 2329 фактісін анықтады.

«Үшінші елдерден әкелінетін автокөлік құралдары, атап айтқанда, шыққанына 7 жылдан асатын ершікті тартқыштар (жүк көліктері) бастапқы есепке қою кезінде мөлшері 2 500 АЕК (2019 жылы – 6,3 млн.теңге, 2020 жылы – 6,9 млн.теңге, 2021 жылы – 7,3 млн.теңге) құрайтын алым төлемеген. Сондай-ақ, мемлекеттік бажды төлемей жоғары сұранысқа ие мемлекеттік нөмірлік белгілерді берудің 450 дерегі тіркелді. Нәтижесінде, бюджетке 135,7 млн.теңге шығын келген. Цифрлық және әріптік мәні бірдей нөмірлер үшін баж 174 000 теңгеден 872 900 теңгеге дейін өзгереді», - деді комитет өкілдері.

Бұл фактілер міндетті төлемдерді іс жүзінде төлемей қызметтерді алудың жүйелі тәсілін көрсетеді әрі бюджеттің елеулі шығындарына алып келді. Қазіргі уақытта әкімшілік полиция жоғарыда көрсетілген қызметтерді стандартты емес жолмен алған тұлғалардан түспеген алым мен баж сомаларын өндіріп алу бойынша іс-шаралар жүргізуде. Тексеру материалдары кінәлі адамдар тобын анықтау және тиісті шешім қабылдау үшін құқық қорғау органдарына жіберілді.

"АЛАТАУ-АҚПАРАТ"