БИЫЛ МАЛ ҰРЛЫҒЫ БОЙЫНША БЕС ҚЫЛМЫСТЫҚ ТОП ҚОЛҒА ТҮСТІ - ПОЛИЦИЯ

Уақыты: 21.08.2022
Оқылды: 1028
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазіргідей технологиялық даму қарқынға ие болған тұста ертеден келе жатқан қылмысқа тоқтам болмай тұр. Жақында Жетісу облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі жыл басынан бері өңірде қолды болған 361 бас малды тәртіп сақшылары иелеріне тауып бергенін айтып, сүйінші сұрады. Дұрыс-ақ.

Биыл тіркелген 91 мал ұрлығы кезінде ұрылар 500-ден астам тұяқты малды әкеткен. Атап айтқанда, 140-тан астам жылқы, 56 ірі қара, 314 қой-ешкі қолды болған. Соның 361-ін тәртіп сақшылары іздеп, тауып, иелеріне қайтарыпты. Осының өзі үлкен жетістік екен. Себебі, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір төмен көрсеткіш.

– Биыл мал ұрлығының ашылуы 77,4%-ке жақсарған. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерінің күшімен мал ұрлығымен тұрақты айналысқан 5 қылмыстық топ қолға түскенін баса айтқым келеді, – деген облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Елдар Әбдікенов мал ұрлығымен айналысқандардың кім екенін атап өтті. – Ондай топтардың қатарын бұған дейін жылқы ұрлағаны үшін істі болғандар құраған. Бүгінгі күні олардың 70 жылқы ұрлығына қатысы бар екендігі дәлелденді. Осынша қылқұйрықтың 60-сы табылып, иелеріне қайтарылды.

Осыған орай өңірде мал және ет өнімдерін тасымалдаумен айналысу бағытындағы заңбұзушылықтарды анықтау жұмысы іске қосылып, көптеген кемшіліктер белгілі болды. Мысалы, нақты құжаты жоқ малды тасымалдау бойынша 98 құқықбұзушылық анықталды. Осы деректер бойынша құны 3 009397 теңге болатын әкімшілік айыппұл материалдары облыстық ветеринарлық қызмет бөлімдеріне жолданды. Сол себепті мал және ет өнімдерін саудалап, сатумен айналысатын орындар қатаң бақылауға алынып отыр.

Мамандардың айтуынша, мал ұрлығы көбіне тұрғындардың мал жаю тәртібін ескере бермейтіндігінен орын алады. Яғни, қараусыз қалған төрт түлік ұры мен қасқырға оңай жем болады. Тұяқты жануарды еркіне жіберіп, дұрыс бақпаған 920 адамға малшылық жауапкершілікке немқұрайлы қарағаны үшін 1 750269 теңгенің айыппұлы салыныпты.

Міне, бүгінгі күннің басты міндеті осы. Малына дұрыс қарамағанға айыппұл салумен шектелу мал ұрлығы сынды аса қауіпті індетті жоюдың амалы. Одан өзге шараға бару қолдан келмейді.

Негізі ғасырлар бойы қазақпен бірге жасасқан барымта қазір басқаша сипат алған. Бұрынғы байлардың бүгінгі  нұсқасында ұры да, ұр да жық та, тамыр-таныс та бар. Қажет болса бәсекелесінің малын бір түнде үптетіп, енді көтеріліп келе жатқан бақталасын таяқ ұстатып жіберуден тайынбайды. Ондайлар көрер көзге демеуші, жақсылыққа шақырушы, жылағанды жұбатушы міндетін оп-оңай атқара салады. Осыны жақсы білетін әрбір ауыл іштен тынып, «басқа түссе баспақшыл» болудан танбайды.

Бірақ адамзат тарихындағы ең тартысты тақырып – ескі мен жаңаның таласы толастамайды екен. Өскелең ұрпақ ондай өрескел әдетті жақтамай, әділдікті ту қылады. Жақында Панфилов ауданы, Қоңырөлең ауылының жастары сол маңдағы мал ұрлығын сап тыйыпты дегенді естідік. Сөйтсек, әбден мезі болған ауыл жастары бірлесіп, әрбір ұрымен жеке-жеке сөйлесіп, тәртіпке салған. Яғни, тәртіп сақшылары орната алмаған тәртіпті ауыл тұрғындары өздері орнатып, ауылдағы мал ұрлығын тамырынан құртыпты. Содан бері Алтынемел тауының етегінде жатқан байтақ өңірде мал басы өсіп, кесе-көлденең жүріс сап тыйылыпты.

Осыған қарап, мал ұрлығын болдырмаудың жолы ауыл азаматтарының белсенділігіне сену екендігін ұғынуға болады. Себебі, ауылының өскенін, өркендегенін қалайтын жан ондағы жамандыққа төзе алмақ емес.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Жетісу облысы