БАЛАЛЫҚПЕН БӘРІ ТЕГІН БОЛҒАНЫН ҚАЛАДЫМ. БІРАҚ ӨМІР БАСҚА ЕКЕН

Уақыты: 31.08.2022
Оқылды: 1000
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Биылғы жыл мен үшін өте әсерлі әрі таңданысқа толы болды. Дәл оқу жылы аяқталар тұста көпшілікті елеңдеткен референдумға қатысты мәліметтер еліміздің болашағына алаңдау дегеннің не екенін ұғындырды.

Ата-анам мен мұғалімдерім, сыныптастарым, ауылдастарым ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының керегесі кең, шаңырағы биік болуын қалайтынын әрбір ісімен көрсетті.

5 маусым күнгі дауыс беру шарасына кәмелеттік жасқа толмағандықтан қатыса алмағаным болмаса, оның қалай өткізілетінін, қандай дайындықтар жасалатынын анамның жанында жүріп жақсы сезіндім. «Сол күнгі жолаушыларды тегін тасымалдаған автобус жүргізушілерінің ықылас-пейілі, жанашырлығы күнделікті жалғасса ғой» деген ой келгенін қалай жасырайын? Балалықпен бәрі тегін болғанын қаладым. Бірақ өмір басқа екен. Ертесі күні жалғасқан қым-қуыт тіршілік, тартысқа толы өмір өз арнасымен аға берді. Алайда мені қуантқан еліміздің Конституциясы екенін сол жолы әбден санама сіңірдім.

Конституциямыз әрбір азаматтың құқығы мен бостандығы жолында қызмет етіп, әрбір жанның тұлғалық қалыптасуына, әлеуметтік толысуына ықпал ете берсін! Игілікті істің өзегіне айналуын тілеймін.

Таңшолпан ШӘРІПБАЙ,

№13 жалпы білім беретін орта мектептің оқушысы

Тұздыбастау ауылы,

Талғар ауданы,

Алматы облысы