ҚАЙТА ЖАҢҒЫРҒАН МЕРЕКЕ. ЖАҢАРҒАН ҚАЗАҚСТАН. ПОДПОЛКОВНИКТІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Уақыты: 26.10.2022
Оқылды: 2159
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

1990 жылы 25 қазанда Қазақ кеңестік социалистік Республикасы жоғарғы кеңесінің шешімімен «Қазақ кеңестік социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданған болатын. Биыл, міне, сол атаулы күн қайтадан жаңғырды.

Республика күні елдің мемлекеттігі жарияланған немесе ел Конституциясы қабылданған күні тойланатын мерейлі мереке саналады. Себебі, қайта жаңғырған қазақ мемлекеті ата-бабаларымыз аңсаған тұғырына қайта қонды. Қазіргі Жаңа Қазақстанның күші ел бірлігінде, ұлттар татулығында жатыр.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының сардары ретінде Отан алдында борышын өтеп жатқан айбынды да айбатты, арыстандай қайратты сарбаздар мен әскери қызметшілерге мықты денсаулық, сарқылмас күш-жігер, кірпік қақпас қырағылық, баянды біліктілік пен ерен ерлік тілеймін! Ел іргесінің берік, шаңырағының биік болуы сіздермен тығыз байланысты. Мемлекетіміздің гүлденуіне қосып отырған үлестеріңіз мол табысқа, береке-бірлікке ұлассын.

Жаңғырған 25 қазан – Республика күнімен барша қазақстандықтарды, елім-жерім, Отаным деп қызмет етіп келе жатқан әріптестерімді құттықтаймын! Еліміздің аспаны ашық, көкжиегі кең болсын. Отанымызды тыныштық пен берекеден айырмасын! Дәулетіміз шалқып, бірлігі жарасқан елге айналайық!

Ұлттық қадір-қасиетіміз бен құндылықтарымызды ұлықтап, барша әлемге қазақты азаттық сүйгіш, рухы биік, намысы берік халық ретінде жариялаған Республика күні құтты болсын!

Бақытжан БАЛАМБАЕВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5514 әскери бөлімінің командирі, подполковник