"ЗАҢ КЕРУЕНІ" АКЦИЯСЫНА БІР КҮНДЕ 200 АДАМ ЖҮГІНДІ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 11.11.2022
Оқылды: 1816
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

«Заң керуені» акциясы Еңбекшіқазақ ауданында жалғасты. Аталған шара Есік қаласындағы Мәдениет үйінің фойесінде өтті. Облыстан арнайы келген жұмыс тобы тұрғындарды қабылдап, оларға қатысты мәселелердің заң шеңберінде шешілуіне жәрдемдесті.

Естеріңізге салсақ, Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының тапсырмасы негізінде қазан айының соңында «Заң керуені» акциясы басталған болатын. Құрамында облыс прокуратурасының, полиция, қылмыстық-атқару жүйесі, экономикалық тергеп, тексеру, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, экология, мемлекеттік кірістер департаменттері және білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік еңбек инспекциясы, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жұмыспен қамту және әлеуметтік  бағдарлау басқармаларының қызметкерлері бар жұмыс тобы қала, аудан және ауылдық округтерді аралауға шыққан еді.

– «Заң керуені» акциясы аясында Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындарымен кездесіп отырмыз. Бұған дейін Іле, Талғар, Қарасай, Жамбыл аудандарында және Қонаев қаласында болдық. Акцияның мақсаты – жергілікті жерде халыққа кеңес беру, құқықтық мәдениет қалыптастыру, заңдарды түсіндіру және ел ішіндегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту, – дейді Алматы облысы прокурорының көмекшісі Мақсат Абиров.

Жұмыс тобы бір күннің ішінде 200 адамды қабылдады. Ауыл тұрғындары облыстан келген мамандармен бетпе-бет отырып сөйлесті. Арыз-шағымдарын, талап-тілектерін бүкпесіз жеткізді. Айтылған мәселелердің назардан тыс қалмайтынына көз жеткізді. 

Болат МӘЖИТ

Еңбекшіқазақ ауданы,

Алматы облысы