Жыл басынан бері 2151 азамат Халықтың көші-қон заңнамасын бұзған

Уақыты: 18.06.2023
Оқылды: 834
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу өңірінде жыл басынан бері 2151 азамат Халықтың көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тиісті заңнамаға «көз жұмып» қарағандардың дені, яғни 1688-і ел азаматы, қалған 463-і шетелдік. Дегенмен, шетел азаматтарына қатысты қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда азайған.

Мәселен, 2022 жылдың алғашқы бес айында шетел азаматтарына қатысты 26 қылмыс тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 42,3 пайызға төмендеп, атаулы санатта 15 қылмыс тіркелген. Есесіне, тиісті кезеңде ҚР ӘҚБтК сәйкес құқықбұзушылық жасаған 24 шетелдік сот шешімімен елден шығарылған. Өткен жылдың алғашқы бес айындағы көрсеткішпен салыстырғанда 26,3 пайызға өсім бар. Былтыр 19 шетелдік елден аластатылған еді. Осындай дәйектерді облыстық көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ерлан Райымбеков Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім етті.

Басқарма басшысының сөзінше, жыл басынан бері шетелдіктердің қатысуымен 2 қылмыс жасалған. Өткен жылдың алғашқы бес айындағы көрсеткішке сүйенсек, елге сырттан келгендер 31 мәрте қылмысқа барған. Бұл сан биылғы көрсеткішпен салыстырғанда 15,5 есе аз. Ерлан Райымбеков мұның бәрі жүйелі жұмыстың нәтижесі екенін алға тартты. Өйткені өткен бес айда тиісті құрылым облыс аумағында «Мигрант» және «Заңсыз көшіп келуші» атты жедел-профилактикалық шараларын жиі өткізген. Құрылым басшысы көші-қон заңнамасын бұзғандарға 14,8 млн. теңге айыппұл салынғанын да алға тартты.

Жалпы, Жетісу өңірінде жыл басынан бері 4213 шетел азаматы тіркеліпті. Облысқа ТМД аумағынан көп қонақ келеді екен. Аталмыш аумақтан 3895 адам келген. Ал 318 шетелдік алыстан ат арылтыпты.

– Облыстың 33 737 тұрғыны жеке куәліктерімен және төлқұжаттарымен құжаттандырылды. Тұрғылықты жері бойынша 17 122 азамат тіркелген, тіркеуден 4 530 ел азаматы шығарылды. Жыл басынан бері 184 шетелдік Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдаса, оның 137-і қандаста – деді Ерлан Райымбеков

Басқарма басшысының айтуынша, ел азаматтығын 99 адам жоғалтыпты. Сонымен қатар, өткен бес айда 344 шетелдікке ел аумағында тұруға рұқсат беріліп, ықтияр хат берілген.

Дастанбек Садық