"Бұрын да жауапқа тартылған": Үйінің ауласында есірткі өсіргендер ұсталды

Уақыты: 20.06.2023
Оқылды: 1201
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Жетісу облысында үйінің ауласында есірткі баптап өсіргендер ұсталды, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы.

Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше аталған фактілер Талдықорған және Жаркент қалаларында тіркелді. Полиция қызметкерлері «Қарасора» профилактикалық іс-шарасы аясында екі жеке тұрғын үйді анықтады. Олардың иелері марихуана өсірді деген күдікке ілінді.

Атап айтқанда, Жаркент қаласында 46 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, оның ауласында 19 қарасора бұтасы табылды. Сонымен қатар Талдықорғанда жеке үйлердің бірінде полицейлер 38 жастағы ер адам марихуананың 80 бұтасын күтіп-баптаған плантацияны анықтады.

Мәліметтер базасын тексеру кезінде екі күдіктінің де бұрын есірткі қылмысы үшін жауапқа тартылғаны белгілі болды.

«Қазір екі факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 300-бабында (Құрамында есiрткi заттары бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) көзделген сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Екі күдіктіге қатысты «ешқайда кетпеу» бұлтартпау шарасы таңдалды», – деді Жетісу облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасынан.