Саусақ таңбасы арнайы жүйеде сақталып, ерекше жағдайда ғана қолданылады – ІМ

Уақыты: 03.10.2023
Оқылды: 914
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Ішкі істер министрлігі адамдардан құжаттар үшін саусақ ізін алуға қатысты тағы да түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап саусақ ізін алу енгізілмейді. Саусақ ізін тіркеу туралы заң 2016 жылы қабылданды. Айта кетейін, бұл Қазақстанның жаңалығы емес, мұндай тіркеу жүйесі көптеген мемлекетте, соның ішінде жетекші елдерде бар. Мысалы, Түркия, Өзбекстан саусақ ізін алуды баяғыда енгізген. Саусақ ізін алуды енгізудегі мақсат – жеке басымызды куәландыратын құжаттарға қосымша биометриялық қорғауды енгізу», - деді Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Бірінші вице-министрдің айтуынша, бүгінде саусақ ізінің орнына цифрлық фотосурет енгізілген.

«Келесі кезең құжаттарға адамдардың саусақ ізін енгізу. Көпшілікті қызықтыратын саусақ іздері кодталған белгілер түрінде енгізіледі. Саусақ іздері кез келген мақсатқа қолданылмайды және ол арнайы жүйеде сақталады. Саусақтың ізі қай адамға тиесілі екенін анықтауға мүмкіндік беретін арнайы идентификатор қажет болған жағдайда ғана қолданылады», - дейді ол.

Еске салсақ, бұған дейін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап паспорт пен жеке куәлікті рәсімдеу кезінде азаматтардан саусақ ізі алынатыны туралы хабарлаған едік.

Фото: көрнекілікке алынды