Қаржы пирамидасының құрығына түспеу үшін не істеу керек

Уақыты: 12.10.2023
Оқылды: 633
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қаржы пирамидасының құрығына түспеу үшін не істеу керек? Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында қандай іс-шараларды қолға алуға болады? Міне, осы мәселелер БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінде қоғам қайраткері, жазушы Жан Ақжановпен өткізілген кездесуде талқыланды.

Ж.Ақжановтың айтуынша, қаржы пирамидаларының белгілерін біліп қою аздық етеді.

Оның сөзіне қарағанда, тұтастай алғанда, қаржы пирамидасының не екенін түсіну керек. Қаржы пирамидасына салынатын қаржы көлемі орасан зор. Бұл жөнінен онымен басқа қылмыс шендесе алмайды.

«Қаржы пирамидасына қарсы тұру үшін жаңа әдіс-тәсілдерге ден қою қажет. Мысалы, университеттерде студенттер арасында пікірталастар жүргізіп, көп нәрсеге көз жеткізуге болады. Бұған жастарды, қоғамды көбірек тартсақ, соғұрлым тиімді болмақ. Тағы бір айта кететін жайт, бейнероликтер әлі де аз. Қызықты роликтерді көптеген ұйым, мекемелерде, адамдар жиналатын орындарда көрсетуге болады. Сондай-ақ тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп, олардың қаржылық сауаттылығы қаншалықты екендігін білу маңызды. Мен осымен он бірінші өңірде болып, кездесу өткізіп жүрмін. Әр аймақ қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында оқыту роликтерін түсіріп, қолданса, нәтижесі болады. Сонымен қатар әкімдік тарапынан аздаған қаржы бөлініп, парақшаларына көп адам жазылған белгілі блогерлерді де бұл жұмысқа тартқан тиімді. Қаржы пирамидасына тек қаржы салса, ол қатысушы болып есептеледі. Ал қаржы пирамидасына басқа адамдарды үгіттесе, онда қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Міне, осының да аражігін айыру керек», деді Ж.Ақжанов.

БҚО қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Серік Бисембаев күн тәртібіндегі мәселе бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар жарияланып, бейнероликтер түсірілетінін, облыс прокуратурасы жанында жұмыс тобының қызмет атқаратынын жеткізді.

Осы орайда қаржы пирамидасына қарсы тұру үшін кітапша, жадынамалар шығару, бірлескен жұмыс жүргізу бағытында денсаулық сақтау, білім беру және басқа басқармалардың іс-қимылын үйлестіріп отыру керектігі айтылды.

«Біз мекеме-ұйымдарда кездесулер, түрлі іс-шараларды бірге өткізіп, жұмысты ширата түсуге мүдделіміз. Өйткені қаржы пирамидасына ақша салушылар өте көп. Облыс бойынша биылдың өзінде салымшылардың саны 600-ден асты. Түсінік жұмыстарының жүргізіліп жатқанына қарамастан, қаржы пирамидасының құрығына түсіп жатқандар тыйылар емес. Тіпті істі болып жатқандары да бар, мысалы, үш әйел бес жылға бас бостандығынан айырылды. Алданғандардың көпшілігі – 30-40 жастағы әйелдер. Бала күтімімен отырған әйелдер пайда табамын деп опық жеп жатады. Сонымен қатар ірі көлемде несие алып, тақырға отырып қалған ер адамдар да бар», деді БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті ұйымдастыру-бақылау басқармасының жетекшісі Анастасия Болграбская.

Басқосуда Қазақстан халқы БҚО ассамблеясының өкілі, жастар белсендісі Залина Алиева мектептер мен жоғары оқу орындарында қаржылық сауаттылықтың негіздерін оқыту жөнінде ұсыныс білдірді. Өйткені қаржы пирамидасы өз алдына, студент жастар арасында шағын несиелер алып, оны өтей алмай, тұйыққа тірелетіндер өте көп. Тіпті жалақы алудың ретін білмейтіндер аз емес.

Бұған БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Нұрбол Рахметов жауап берді.

«Бұл ұсыныс өте орынды. Қазіргі таңда осы бағытта біздің агенттік Оқу-ағарту, Білім және ғылым министрліктерімен бірге жұмыстар жасап жатыр. Атап айтқанда, 10-11-сынып оқушыларының қаржылық сауаттылығын көтеру үшін мектептерде аптасына бір рет сабақ беру ойластырылуда. Сол секілді осындай пәнді барлық колледждер мен жоғары оқу орындарында енгізу көзделуде. Біз жалпы қаржы пирамидасына қатысты істерді тексеріп, тергеп, сотқа жібереміз. Кінәлілерге қатысты үкім шығады. Бірақ салымшылар ақшаларын қайтара алмайды. Жыл басынан бері 4 қаржы пирамидасынан 600 салымшы 700 млн-дай теңге зардап шеккен. Салымшылардың 80 пайызы – әйелдер. Түптеп келгенде, әр салымшының қаржылық сауаттылығын көтеру керек деп есептеймін. Ол үшін жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып, департаменттен арнайы қызметкер бөліп, кесте бойынша қала ғана емес, аудандарда жүйелі түрде кездесулер өткізуге болады», деді өз сөзінде Н.Рахметов.

Дереккөз:  Kazinform.
Сурет: ғаламтордан алынды