Заңсыздыққа жол бермеу – басты міндет!

Уақыты: 06.12.2023
Оқылды: 499
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Желтоқсан айының 6-сы күні прокуратура органдары кәсіби мерекесін атап өтеді. 1991 жылғы 6 желтоқсанда «Қазақ КСР прокуратура органдарының бірыңғай жүйесін құру, олардың дербестігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету туралы» қаулы қабылданды. Осы күннің құрметіне күнтізбеде жаңа мереке – Прокуратура күні пайда болды. Прокуратура органдарының тарихы сонау ежелгі заманнан бастау алады.

 

Мемлекеттік басқарудың жоғарғы органы тапсырмаларының орындалуын қадағалау міндетін жүзеге асырған алғашқы мемлекеттік институттардың бірі – сайонат деп аталды. Біздің жыл санауымыздағы V ғасырда сайондар патшаның елшісі ретінде остгот патшалығының аумағында тапсырмаларды орындау бойынша қадағалау міндетін атқарды. Әртүрлі істер жүктелген олар негізінен жергілікті басқарушылар мен шенеуніктерді бақылауды басты қызметі санады.
Прокуратура алғаш рет Францияда 1302 жылы монархтың мүддесін қорғайтын орган ретінде құрылды. Қалғымас «көзі» саналған прокурордың көмегімен патша мемлекеттік механизмнің жұмысын бақылай алды.

Патшалық Ресейде прокуратура І Петрдің үш Жарлығымен құрылды. Ол кезде ешқандай әкімшілік мәселе бойынша шешуші дауысқа ие болмаған прокурор қадағалауды мемлекеттік қызметтің басқа түрлерінен ажырататын белгі есебінде жүрді. Осылайша, қадағалау сипатын мүлтіксіз атқарған генерал-прокурор Сенаттың құзыретіне жататын барлық істі орындауын және императордың ережелері мен жарлықтары аясында қатаң әрекет етуін қадағалады.

Кеңес өкіметінің тұсында, 1933 жылғы маусым айында жаңадан құрылған прокуратура органдарының қызметкерлеріне жазалауға басымдық берілді.

Ал  мемлекетіміз  тәуелсіздік алып, өз алдына ел болғалы прокуратура органдары біршама өзгерістерге ие болды. Атап айтқанда, прокуратура органдарының негізгі қызметі Ата Заңымыздың 83-бабында айқындалған. Онда прокурорлардың мемлекет атынан Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықтың сақталуын заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асыратыны, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiретіні және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асыратыны анық жазылған.

2023 жылдың 1 қаңтарында «Прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы күшіне енді. Бұл заң прокуратура органдарының қызметкерлері үшін үлкен жетістік және зор мәртебе саналады.

«Жаңа Қазақстанды» қалыптастыру барысында прокуратураға жазалау органынан гөрі құқық қорғау функциясын еншілеп, әділеттілікті сақтау құзыретіне ие болды. Соған орай  прокуратура Заңға сәйкес адамды, оның өмірін, құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде сақтау, Қазақстан Республикасының аумағында заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын, заңды тұлғалардың, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау және бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіру міндеттерін жүзеге асырады. Сонымен қатар, прокуратура органдары мемлекеттік органдардың, сондай-ақ, олар қабылдайтын актілер мен шешімдердің, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің, қылмыстық қудалаудың, жедел-іздестіру қызметінің, атқарушылық іс жүргізудің заңдылығын және басқа бағытта жоғары қадағалауды ғана жүзеге асырып қана қоймай, сотта мемлекет мүддесін қорғап, мемлекеттік айыптауды қолдайды. Бұл міндет кінәлі тұлғаларды жазалау ғана емес, қылмыстың алдын алуға септігін тигізеді.

Сөз орайы келгенде айта кетсек, Жетісу облысының прокурорлары 2023 жылы 700-ге жуық іс бойынша мемлекеттік айыпты қолдап, жәбірленушілердің құқықтарын қорғады. Сондай-ақ, прокурорлардың бастамасымен апелляциялық және кассациялық сатыда 24 сотталушыға қатысты соттың үкімдері мен қаулылары заңға сәйкес түзетілді. Оның ішінде 6 адамның жағдайы жақсартылды, яғни, жазалары жеңілдетілді, жаза өтеу мерзімдері төмендетілді. Мемлекеттік айыптауды сапалы қолдаудың нәтижесінде заңсыз жазаға тартуға, азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол берілген жоқ. Демек, мемлекеттік айыптаудың сотты дұрыс бағдарлауы әділетті шешім шығаруға ықпалын тигізеді.

Қорыта келе мемлекеттік айыптауды сапалы қолдау – заңды үкімнің кепілі екендігін айтқымыз келеді.

Прокуратура органдарында жұмыс істейтін барлық тұлға азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау үшін күш-жігерлерін аямай күні-түні қызмет атқаруға дайын!

Ержан Сыбанқұлов,
облыс прокурорының орынбасары, аға әділет кеңесшісі