«Сатқан да, атқан да жазаланады»: Қазақстанда насыбай саудасына тексеріс басталды

Уақыты: 21.03.2024
Оқылды: 520
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақстандық полицейлер насыбай саудасын анықтау үшін республика бойынша профикалықтикалық іс-шара жүргізіп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni

Елімізде 2015 жылдан бері насыбай өндіру, әкелу мен саудасына тыйым салынған. Алайда соған қарамастан шегілмейтін темекі өніміне жататын насыбай саудасы тоқтаған жоқ. Оны Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сынап, ұят әдет деп атады.

Денсаулыққа зиян әрі ұят әдеттің бірі – насыбай ату. Оның қалай жасалатыны белгілі. Ешқандай санитарлық талап сақталмайды. Құрамында түрлі дертті, оның ішінде онкологиялық ауруларды қоздыратын заттар бар. ...Қазір – 21 ғасыр, жоғары технология мен жасанды интеллект қарқынды дамыған заман. Ал біздің азаматтарымыз аузына насыбай салып, қақырып-түкіріп жүреді. Бұл не деген масқара?! Осы жағымсыз қылықты ата дәстүрі санайды. Шын мәнінде, бұл – барып тұрған мәдениетсіздік. Оны тоқтату керек, - деді президент.

Осыдан кейін Ішкі істер министрлігі «Заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында 18-31 наурыз аралығында республикалық жедел-алдын алу іс-шаралары өткізілетінін мәлімдеді. Акцияның алғашқы күні полицияға 28 азаматтан темекі өнімдерін сату және тарату бойынша хабарлама түскен. Сондай-ақ бірінші күні 548 әкімшілік құқықбұзушылық, оның ішінде заңсыз сауда жасаудың 241 фактісі, жекелеген қоғамдық орындарда темекі мен темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу бойынша 234 дерек, 21 жасқа толмаған адамдарға темекі мен темекі бұйымдарын сатудың 26 фактісі мен 18 жасқа толмаған жеткіншектердің темекі мен темекі бұйымдарын сатып алуы бойынша 27 дерек тіркелген.

Жалпы, насыбай профилактикасына 6 мыңнан астам полиция қызметкері қатысып жатыр. Қазір Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы Кодексте шекпейтін темекі өнімдерін, оның ішінде насыбайды әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салу көзделген. Өнімді заңсыз сату үшін 25 АЕК (92 мың теңгеден астам) мөлшерінде айыппұл көзделген.

Министрліктің мәліметінше, насыбайды сатудан бөлек, оны қоғамдық орындарда тұтынуға тыйым салынған. Атап айтқанда, білім беру мен денсаулық сақтау ұйымдары, мәдениет нысандары, қоғамдық тамақтану орындары, түнгі клуб, пойыз, ұшақ, әуежай, вокзал мен аялдамаларда тұтынуға болмайды. Сондай-ақ мемлекеттік мекемелер, жұмыс орны, тұрғын үйдің кіреберісі, жанармай құю бекеті, балалар алаңы мен кәмелетке толмаған балалардың көзінше автокөлікте пайдалануға тыйым салынған. Аталған жерлерде тұтынған адамға 15 АЕК-ке, бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Ведомство құқықбұзушылықты үш жолмен анықтауды көздеп отыр. Біріншісі – полицейлердің өздері анықтайды, оның ішінде бейнежазба камераларының көмегіне жүгінеді. Екіншісі – мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар ақпаратының көмегі арқылы анықталады. Үшіншісі – жеке тұлғалар берген мәлімет пен БАҚ материалдарының көмегі арқылы. Сондай-ақ министрлік осы уақытқа дейін насыбай саудасы неліктен тексерілмей келгенін түсіндірді.

2019-2023 жылдары елімізде шағын кәсіпкерлікті тексеруге мораторий болды. Сондықтан тексеріс жүргізілмеді. Биыл жыл басынан бастап шектеулер алынды, - деді ІІМ.

Айта кетейік, насыбайды тұтыну басқа құқықбұзушылық – қоғамдық орында түкіруге әкелуі мүмкін. Мұндай әрекетке барғандарды қоғамдық орынды ластағаны үшін әкімшілік жауапкершілік күтіп тұр. Ол 5 АЕК айыппұл, қайталанса, 10 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуді көздейді. Бұдан бөлек, Қазақстанда насыбай сатушыларды Қылмыстық кодекс шеңберінде жауапқа тарту мәселесі көтеріліп жатыр. Қазір тиісті заң жобасы Сенаттың қарауына жіберілген. Сондай-ақ вейб сатушыларға да жаза күшейеді. 

«Бауыр циррозы мен гепатит ауруын тудырады»

Астана қаласы №4 емханасының саламатты өмір салты дәрігері Сакен Бихан аталған өнімді тұтыну адам денсаулығы үшін несімен қауіпті екенін түсіндірді.

Насыбайдың зияны туралы мемлекеттік деңгейде бекер айтылып жатқан жоқ. Себебі ол тәуелділікті тудыратын түрлі зиянды қоспалардан әзірленеді. Нәтижесінде ол адамның денсаулығына қауіп төндіреді. Насыбайдың құрамындағы заттарды ішке қабылдауға болмайды. Мысалы, құс пен малдың тезегінде түрлі вирус пен инфекция болуы мүмкін. Ол ерінді, ішке кеткен жағдайда асқазанның шырышты қабығын күйдіріп жібереді, - деді ол.

Сондай-ақ насыбай тәуелділік тудырып, адамның ұйқысы мен психикасының бұзылуына әкеп соғады.

Жалпы насыбайдың зияны туралы айтатын болсақ, жүректің жұмысын әлсіретеді. Тісті құртып, ауызын ойып тастайтыны айтпаса да түсінікті. Ең қауіптісі, ол адамның мінез-құлқына әсер етеді. Оны жиі қолданатын адамның ұйқысы мен психикасының бұзылуына әкеледі. Ол болмаса көңіл-күйдің күрт өзгеруін, галлюцинацияны, ұйқысыздықты сезінуі мүмкін. Тәуелділік артқан сайын нашақор сияқты болады, барған сайын агрессивті бола бастайды. Сондай-ақ адам ағзасының маңызды органы – бауырды құртады. Бауыр негізгі сүзгінің функциясын атқарады. Насыбайды жиі қабылдау бауыр циррозы мен А гепатитін жұқтыруға әкелуі мүмкін, - деді ол.

Бұған қоса дәрігер насыбай белсіздікке әкеліп, баланың генетикалық ауруларға ұшырауына себеп болуы мүмкін екенін атап өтті.

«Айыппұлды 500 мыңға дейін көтеру керек»

«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Астана қалалық филиалының жетекшісі Дархан Құлжамбеков тыйым салынғанмен, насыбайдың еркін саудаланып жатқанын айтады.

Насыбай сатқандар үшін 2015 жылдан бастап жаза бар. Бірақ дүкендер көп жағдайда жасырын түрде сата береді. Тұрақты тұтынушылары бар, заңды белшесінен басып сатып жатыр. Насыбайды тұтыну басқа құқықбұзушылықтарға себеп болады. Мысалы, оны атқан адам түкіреді, ол ұсақ бұзақылық болып саналады. «Заң бар екен» деп қарап отырмай, қоғам тарапынан әрекет болуы керек. Насыбай саудасын көретін болса, ол туралы азаматтық борышы ретінде құзырлы органдарға хабар беруге тиіс, - дейді ол.

Сондай-ақ белсенді заңсыз саудамен күресті тек полицейлер ғана емес, барша қазақстандықтар жүргізуі керек деп есептейді.

Полиция тиісті әрі тиімді іс-шараларды жүргізіп, насихаттауы керек. Қазір адамдардың көбі белсенді. Қоғамда болып жатқан келеңсіздіктер туралы хабарлап, мәселе көтеріп жатады. Егер халық насыбай сатып жатқан адамдарды көрсе, колл-орталықтарға хабар беріп отырса, онымен күрес тиімді болады. Жай хабарлап қоймай, фото немесе видеоға түсіріп алса, тіпті жақсы. Бұл нақты дәлел болады. Бүгінде тыйым салынғанмен, жасырын түрде сатылып жатыр. Мысалы, сағат 23.00-ден кейін алкоголь, темекі өнімдерін сатуға тыйым салынғанмен, бұл талапты барлық дүкендер орындап жатқан жоқ, - деді белсенді.

Оның пікірінше, қазір қолданыстағы айыппұл мөлшері тым төмен. Бұл жұмыс тиімді нәтиже беруі үшін айыппұл сомасын көтеру керек деп есептейді.

«Бізде жаза бар, бірақ оны ешкім сезінбейді. Айыппұлдың мөлшері төмен. 92 мың теңге деген – дүкен иелері үшін тым арзан. Айыппұл көлемін тым боламаса 500-600 мың теңге, әрі кетсе 1 млн теңгеге дейін қою керек. Сонда жауапкершілікті сезінетін болады. Айыппұл сомасы төмен болса, жазадан құтылу оңай. Ал неғұрлым жоғары болса, тыйым салынған затты сатпай тұрып ойланатын болады», - деді Дархан Құлжамбеков.

«Насыбай психоактивті заттарды қолдануға деген ұмтылысты тудырады»

«Сана» тұлғаны әлеуметтендіру және оңалту орталығының директоры Динара Зейнуллинова Қазақстанда насыбай өндірісі мемлекеттік деңгейде бақыланбай отырғанын айтты.

Насыбайды базарлардан, дүңгіршектерден немесе жерасты сатушыларының қолынан заңсыз жолмен сатып алуға болады. Ол негізінен кәдімгі темекіні алмастыру ретінде қолданылады. Әдетте адамдар насыбай зиянды емес деп санайды. Өйткені ол табиғи өнімдерден жасалған және оны біздің ата-бабаларымыз қолданған дегенді алға тартады. Бірақ іс жүзінде насыбай – тәуелділікті тудыратын және адамның ағзасына зиянын тигізетін есірткі. Алайда оның компоненттері есірткіге жатпайды. Оның химиялық құрамында мышьяк, қорғасын, кадмий, хром, бензапирен сияқты заттар бар әрі олардың құрамы рұқсат етілген нормадан асады. Қоспа өндірілген бірнеше сағаттан кейін қолдануға жарамды. Никотин қанға енген кезде адам өзін еркін, тыныш сезінеді. Көбінесе насыбай стресстік жағдайларда қолданылады, өйткені ол эмоционалды жағдайды тыныштандырады және тұрақтандырады. Алайда мұндай әсер 5 минуттан аспайды, – деді ол.

Сонымен қатар, ол насыбайды жиі пайдалану психоактивті заттарды пайдалануға әкелетінін атап өтті.

Өнімді салған жерде күйдіру сезімі, сілекейдің жоғарылауы, барлық бұлшықеттердің босаңсуы пайда болады. Қысқа мерзімді стимуляциядан кейін аяқ-қолдардың шаншуымен, бас айналуымен, басындағы ауырлық сезімімен депрессия кезеңі басталады. Әр жолы насыбайды тұтынуға деген құштарлық артып келеді және ләззат алу үшін аса маңызды психоактивті заттарды қолдануға деген ұмтылысты тудырады, – деп қосты маман.

Қазақстанда қанша адамның насыбай тұтынатыны белгісіз.

«Оны тұтынатын адамдардың есебін бақылау қажет емес деп санаймын. Дегенмен насыбайды қолдану есірткі немесе алкогольді қолдану сияқты адамның мінез-құлқындағы салдар мен проблемаларға әкелмейді. Менің ойымша, бұл өнімді өндіру мен сатуды және тоқтатуды қатаң бақылауға алу керек. Осылайша, жас ұрпақты және жалпы халықты осы зиянды затты қолданудан қорғауға болады. Сондай-ақ саламатты өмір салтының алдын алуды күшейтуге, оның ішінде мектепке дейінгі жастан бастап темекі шекпейтін өнімдерден болатын зиянды түсіндіруге болады», – деді Динара Зейнуллинова.

Коллаж: Halyq Uni