АЛАЯҚТАРҒА АЛДАНБАУ ҮШІН НЕ ІСТЕУ КЕРЕК? ЖУРНАЛИСТ ЗЕРТТЕУІ

Уақыты: 01.06.2020
Оқылды: 1876
Бөлім: ҚҰҚЫҚ-ЗАҢ

Қазақта айлакерлігімен аты шыққан Алдар көсе есімді образ бар. Кітаптан оқып алған соң бала кезде ауылдың талай бұзығын сан соқтырып кеткен кездер аз болмады. Расы сол, Алдар көсеге бір адамдай қызықтық. Бірақ оның әу бастағы мақсаты қандай еді? Байларды алдап, кедей халыққа көмек беру емес пе?!

Қазір де арамызда мақсаты басқа, бағыты бөлек «Алдар көселер» көп. Олар бай, кедей деп бөлмей кімді болмасын тақырға отырғызып кетеді. Иә, ол - АЛАЯҚ. Әр қадамын аңдап басатын адамның өзі олардан алданып қалып жатады. Оған мысал жетерлік. Алыстан іздемей-ақ өз туыстарымыздың арасынан табайық.

Ол оқиға былай өрбіген. Ағамыздан бір келіншек қарызға ақша сұрайды. Басында дәл уақытында қайтарып жүреді. Ай сайын сылтауын көбейтіп, алатын сомасын арттыра түседі. Қарыз берушілерде еш күмән қалмайды.

Бірер айдан соң қомақты қаржы сұрайды, тіпті, несие болса да алып берулерін өтініп, кепілдік ретінде көзбе-көз алтын жүзік, алқа, сырғасына дейін шешіп береді. Айналасына көмектесіп үйренген отбасы ойланбай-ақ талайдан бері жинап жүрген ақшаларын аманаттайды. Содан қарыз алушыдан хат та, хабар да үзіліп, ізім-қайым жоғалады. Артынан сұрастырып жүріп, қаладағы коттедж үйін тауып барса, қарыз беріп алданған өзі секілді талай адам табалдырық тоздырып жүр екен.

Өзі де үйге келмей кеткен, енесі еңіреп, келінінің осындай қадамға барғанына сенбей дал. Ақыры алданғандар қосылып арыз жазып, полиция келіншекті ұстайды. Басқалардан жымқырған қаржы бұлардікінен талай есе көп. Соттың шешімімен үйін сатып, ақшаларын қайтарды. Бірақ ақша бәріне бірдей жетпеді. Артынан ағам қазақылыққа салып «шығын шықпай кіріс кірмейді» деп істі жылы жапты.

Иә, айналаңызға көз салар болсаңыз, мұндай мысалды мыңдап кездестіруге болады. «Жер, пәтер алып беремін» деп миллиондап ақша жымқырған алаяқтарды естіп, көріп жүрміз. СМС арқылы «ақша, көлік, пәтер ұттыңыз» деген хабарламалар телефонымызға талай мәрте келді. Осының артында алдау жатқаны айдан анық.

Мұны бірі білсе, бірі білмейді. Сондықтан, «алаяқтарға қалай алданбау керек?» деген сауалмен облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасына сауал жолдадық. Алматы облысында жыл басынан бері 438 алаяқтық дерегі тіркеліпті. Ал былтыр алаяқтыққа қатысы бар 1761 қылмыс жасалған.

Қылмыстарға талдау жасау барысында ең көп таралған алаяқтық түрі – банк жүйесінде, оның ішінде онлайн несие рәсімдеу және қаражатты онлайн түрде алу. Алаяқтар әлеуметтік желілерде хабарландыру орналастырып, алғашқы жарна енгізген жағдайда есепшоттағы қаржыны көбейтетіні туралы жеткізеді.

Мысалы, букмекерлік кеңселерде ұтылыссыз салымдар туралы сайтта хабарландыру орналастырылып, ұтыс алу үшін киви-әмияндағы нөмірге алғашқы жарна аудару қажет екені айтылады. Содан кейін салым бойынша оң нәтиже бар екенін жеткізіп, толық ұтысты алу үшін келісілген соманың барлығын киви-әмияндағы нөмірге аудару талап етіледі. Қажетті сома аударылған соң алаяқтар аккаунтты жойып жібереді. Криминалдық полицейлер әлеуметтік желілердің өміріміздің бір бөлшегіне енуінің де салдары көптігін айтады.

Облыстық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Сәкенов:

– Банк саласы бойынша несие, жылжымайтын мүлік, ақшамен жасалатын алаяқтық кең етек жайған. Бүгінде алаяқтық жасаудың жолдары күн сайын көбейіп келеді. Оның себебі – заманауи технологиялардың дамуы: әлеуметтік желі, ұялы байланыс, онлайн-шопинг және банкинг. Сонымен қатар, алаяқтықтың дәстүрлі тәсілдері де азаяр емес, – деп тұрғындарды сақтыққа шақырды. – «Сақтансаң, сақтайды» деген қағидатты басшылыққа ала отырып, біз азаматтарды алаяқтық тәсілдердің ең көп таралғандарымен және көп қолданылатындарымен таныстырамыз. Сондай-ақ, олардан қалай сақтану қажет екенін түсіндіреміз. Кез келген құқықбұзушылық әрекетті болдырмау мақсатында азаматтардың өте қырағы және әрекеттеріне мұқият болуы қажет.

Әлеуметтік инженерия – алаяқтықтың басым бөлігі телефонмен, яғни абоненттің лотереядағы ұтысы туралы хабарландыру арқылы жүзеге асырылады. Алаяқ жымысқы ойын іске асыру кезінде өз құрбанының телефонына оның белгілі сомада қаржы ұтып алғаны туралы СМС хабарландыру жолдайды. Осыдан кейін ол ақшалай ұтысты жолдау үшін карталық есеп-шоттың қажет екенін алға тартып, құрбанының банк карточкасының жеке нөмірлері мен жасырын кодын сұрайды.

Әдетте, азаматтар мұның барлығы алаяқтардың әрекеті екенінен бейхабар болады. Ал қылмыскер банктік карта иесінің барлық мәліметтерін алған соң интернет банкинг жүйесі арқылы оның есепшотындағы барлық қаражатты өзіне аударып алады. Осыларды болдырмау үшін төмендегі шараларды орындауымыз қажет.

Банк саласындағы қауіпсіздік шаралары:

– картаңызды қолжетімсіз жерде сақтау;
– дербес деректерді белгілі бір операцияларды жүргіземін деген бөтен тұлғаларға бермеу;
– қауіпсіз жерлерде, банк бөлімшелерінде, ірі сауда кешендерінде, қонақүйлерде, әуе­жайларда орнатылған банкоматтарды пайдалана отырып, операцияларды жүзеге асыру;
– тауарларға немесе қызметтерге телефон арқылы тапсырыс беру кезінде құпия кодты пайдаланбаңыз;
– банкпен ақпараттық өзара іс-қимылды тек сіздің банктегі құжаттарыңызда көрсетілген байланыс құралдарын (ұялы телефондар, стационарлық телефондар, электрондық пошта) пайдалана отырып жүзеге асырыңыз;
– өз шоттарыңыздағы қаражат қозғалысын және жүргізілетін операцияларды бақылаңыз. Мұны біріншіден, телефонға арнайы қызметті қосу арқылы жасауға болады, екіншіден, онлайн режимде жеке кабинет арқылы, үшіншіден, сіз жасаған операциялар бойынша барлық үзінділер мен түбіртектерді сақтау арқылы жүзеге асыруға болады;
– банк картасы жоғалған немесе ұрланған жағдайда дереу банк қызметкерлеріне хабарлаңыз және картаны бұғаттаңыз.

Алаяқтарға алданбау үшін банк карточкасының және жеке куәлігіңіздің екі жағының суретін бейтаныс адамдарға жібермеу керек. Сонымен бірге, абоненттік нөміріңізге келіп түскен смс-кодтарды үшінші тұлғаға жолдамаңыз, ұйымның шынайылығына көз жеткізіңіз.

Бұдан бөлек, бейтаныс адамдармен Qiwi әмиянына ақша қаражатын салмай, тауарды сатып алу (сату) кезінде, сондай-ақ, интернет сайттар бойынша ұзақ және қысқа мерзімге пәтерді жалға алу кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз.

«Сақтықта қорлық жоқ» демекші, осы кеңестерді есте сақтап, өмір сүру үрдісіне айналдырсақ, алаяқтықтың алдын алуға күш салар едік. Өзімізбен бірге жақындарымызды да сақтандырып, опық жеп қалмауларына сеп боламыз.

Мәулен ӘНЕРБАЙ

Алматы облысы

Сурет ғаламтордан алынды